Бүгінде бала тәрбиесі мен қауіпсіздігі мәселесінің күрделене түскенін ешкім жоққа шығара алмайды. Отбасындағы тұрмыстық тауқыметпен қоса, сыртқы әсердің ықпалы да бала тағдырына көлеңкесін түсіріп тұр. Қабырғасы қатып, буыны бекімей жатып жүрісінен жаңылған, маңдайы тасқа тиген жасөспірімдердің бұралаң тағдыры алаңдатпай қоймайды.
Жуырда Жамбыл ауданы Таран ауылдық округіне қарасты Балғабек ауылында төрт баланың қол-аяғын байлап-матап, ұрып-соғып, пышақпен қорқытқан ер адамның қатыгездігі әшкере болды. Жалғызбасты, 2-топтағы мүгедек әйелдің үйіне баса-көктеп кірген ер адам оның төрт баласын аямай ұрып-соққан. Балалардың жанұшыра жылаған даусын естіп келген көршілері оларды қатыгездік құрбаны болудан арашалап қалды. Бұл кезде балалардың анасы үйде болмаған.
Көп ұзамай Алматы облыстық полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов күдіктінің қолға түскенін хабарлады. «Кәмелетке толмаған балаларға шабуыл жасаған күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытты ол аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторында отыр, тергеу жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, күдікті Алматы облысының Қарасай ауданында ұсталды. Тергеу барысын жеке бақылауыма алдым. Өзге ақпарат Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды», деді ол.
Осы оқиғадан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдеріне хабарласып, күдіктінің қолынан жапа шеккен балалардың жай-күйін сұрап- білген едік. Балалардың үлкені – 13, одан кейінгілері – 12, 10 және ең кішісі 8 жаста екен. Ер адамның қолынан оңбай қорлық көрген төрт баланың екеуіне амбулаториялық ем тағайындалса, миы шайқалып, қатты жарақат алған кішісі Алматы облыстық көпсалалы клиникалық ауруханасының балалар бөлімшесіне жатқызылған. Дәрігерлер төртінші баланың денсаулығына еш зақым келмегенін анықтаған.
«Қорлық көрген 4 баланың бірі ауруханаға жатқызылды, қалған үшеуі аналарының жанында. Олармен мектеп психологтері жұмыс істеп жатыр», деді Алматы облысы бойынша Бала құқығы жөніндегі уәкіл Айгүл Есімбекова.
Бейкүнә балаларға зәбір көрсеткен күдікті заң алдында өз жазасын алар. Әйтсе де, бала жүрегінде қалып қойған қорқыныш пен үрейдің емделуі оңайға соқпасы анық. Қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа ұшырамай, мейірім мен махаббатқа құндақталып өскен баланың болашағы жарқын, мақсаты айқын боларын әр ата-ана мен жанашыр жақындары қаперден шығармаса екен.
Қоғамның кеселіне айналған бұл келеңсіздік Алматы облысы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысының басты тақырыбына да айналды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым төрағалық еткен отырысқа комиссия мүшелері мен прокуратура өкілдері, құқық қорғау қызметкерлері, аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысып, күн тәртібінде өзекті 6 мәселені талқылады.
Жиында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Айғана Асанова былтырғы жылы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар туралы баяндады. 2023 жылы балалар арасында 112 қылмыс жасалған. Бұл сан алдыңғы, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 58,9 пайызға өскен. Оның дені қорқытып-үркіту, қорлау, ұрып-соғу фактілерін құрайды. Өкініштісі сол, бұл көрсеткіш жыл сайын еселеніп келеді. Балалардың құқығын қорғау мақсатында мемлекеттік органдар тарапынан жүргізіліп жатқан кешенді шараларға қарамастан, жасөспірімдердің зардап шегуі тыйылмай тұр.
Ең сорақысы, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыстың 109 дерегі тіркелген. Оның 38-і – зорлау, 35-і – сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық, 29-ы – басқа да нәпсілік сипаттағы әрекет, 5-еуі жас балаларды азғындық жолға салу.
Халықтық тәрбиенің қаймағы бұзылмаған Балқаш ауданы бойынша зорлау мен жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттің 18 дерегінің тіркелуі де – жаға ұстатарлық жайт. «Кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстардың көшін осы аудан бастап тұр. Мұнда жасөспірімдердің көбі балалар қамқоршыларының қатыгездігіне тап болған», деді баяндамашы.
Балқаш ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның құрамы бекітіліп, 2023 жылға арналған жұмыс жоспары негізінде кезекті 24, кезектен тыс 18 отырыс өткізілген. Хаттамалар бойынша мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілмегенін, тек «баяндамалар назарға алынсын» деген құрғақ сөзбен ғана шектелгенін сынға алған Айғана Асанова комиссияның құжаттары да толық еместігін, мұндай жауапсыздық жарға жығатындығын ашып айтты.
«Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында ауданда құрылған мобильді топ өгей әке-шешемен тұратын 88 отбасы мен пробациялық бақылаудағы 25 отбасын аралау кезінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабымен – 1, 73-бабымен – 3, 440-бабымен – 1, 442-бабымен 2 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Одан бөлек мобильді топ психологтің әңгімелесуі кезінде кәмелетке толмаған балаларға қатысты жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер тарапынан буллингтің 3 фактісі және өгей әке тарапынан кәмелетке толмаған баланы ұрып-соққаны туралы 3 дерек анықталған.
«Қоғамдағы отбасының маңыздылығы, репродуктивті денсаулық, отбасын жоспарлау, түсіктердің, стресс пен депрессиялық жағдайлардың, жазатайым оқиғалар мен жарақаттанудың, қатыгездік пен зорлық-зомбылық проблемаларының алдын алу мәселелері бойынша ұлдар мен қыздардың хабардар болу деңгейін арттыру мақсатында облыста жастар денсаулығына қатысты 10 орталық жұмыс істейді. Бұл орталықтарда гинеколог, дерматовенеролог, психолог, заңгер, әлеуметтік қызметкер бар. Өткен жылы 4 836 адамға дәрігерлер консультациялық көмек көрсетті», деген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Эльмира Иманғалиева кәмелетке толмағандармен ашық пікірлесіп, олардың тәрбиесіне ата-ана, қоғам болып жіті көңіл бөлу қажеттігін атады.
Жасөспірімдер ісі талқыланған комиссия отырысында облыс прокурорының аға көмекшісі Бауыржан Бимолданов тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсетудің маңыздылығын айтты. Өткен жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына 220-дан аса адам қабылданса, оның ішінде 56 ана мен 164 бала бар.
Сондай-ақ ол қорғаншылық пен қамқоршылық органдарының кемшіліктерін атай келе, олардың жауапкершілігі мен сауатын арттыруда қайта оқыту қажеттігін алға тартты. Білім саласына жауапты мамандардың жұмысына салғырттығын, мұғалімдердің оқушыларды ұрып-соғу фактілерін жасыратынын, оның соңы суицидке жеткізетінін қадап айтты.
Комиссия отырысында көпбалалы ана, «Әділ» қайырымдылық қорының жетекшісі Оксана Әділмырзақызы уәкілетті органдардың жұмысына көңілі толмайтынын, зорлық-зомбылыққа ұшырап, зардап шегушілер тарапынан тиісті органға емес, қоғам белсенділеріне қоңырау жиі соғылатынын алға тартты. «Бұған ең алдымен әр аудандағы қорғаншылық пен қамқоршылық бөлімдерінде бір ғана маман жұмыс істейтіндігі себеп. Сол себепті мамандар қатарын көбейту қажет», деді ол.
Комиссия жұмысын қорытындылаған Нұрлан Әбдірахым күн тәртібінде қаралған барлық мәселе шешім табуы үшін тиісті мекемелерге тапсырма беріп, жасөспірімдер ісінде жауапсыздық танытқандарға қатаң ескерту жариялады. Былтырдан бері прокуратура, құқық қорғау органдары және психологтердің бірлескен жұмысын үйлестіру мәселесі бірнеше мәрте көтерілсе де көңіл көншітерлік қызмет атқарылмағанын айрықша сынға алды. Сол себепті барлық аудандағы әкім орынбасарларына, қорғаншылық пен қамқоршылық бөлімінің мамандарына сөгіс берілді.
Облыста 432 жалпы білім беретін мектеп, 48 колледж бар. Өткен жылдың қаңтарынан бастап білім беру ұйымын цифрлық платформада тіркеу үдерісі басталған. Мақсаты – зорлық-зомбылыққа ұшыраған және девиантты, суицидтік мінез-құлық тенденциялары бар кәмелетке толмағандарды ерте анықтау. Комиссия отырысында балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің алдын алуда өгей әкелерімен және өгей шешелерімен бірге тұратын отбасыларға мониторинг жүргізілгені, бұл үшін «тәуекел» тобын анықтау бойынша кәмелетке толмағандарға қосымша психологиялық зерттеулер жүргізілгені баяндалды. Зерттеу нәтижелері бойынша Жамбыл ауданында «тәуекел» аймағына түскен кәмелетке толмағандардың ең көп саны анықталған. Комиссия мүшелері 11 отбасына барып, ведомствоаралық тәсіл, өмірлік қиын жағдайға тап болған әрбір отбасы үшін жергілікті жерлерде шешім қабылдауға көмектескен.
Алматы облысы