• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Саясат 19 Ақпан, 2024

Егіс алқаптарын әртараптандыру

132 рет
көрсетілді

Вице-премьер Серік Жұманғарин егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі бағдарламаның іске асырылу барысын тыңдады.

Ауыл шаруашылығы вице-ми­нистрі Азат Сұлтанов 2024 жылғы маусымның жалпы егіс алқабы 23,9 млн га болатынын айтты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 115,6 гектарға аз. Бидай (-439,2 мың га) мен арпа (-129,5 мың га) дақылдары қысқартылады. Мақта (-16 мың га) және күріш (-6,4 мың га) сияқты ылғалды көп қажет ететін дақылдарға бөлінген алқаптардың қысқаруы күтіліп отыр. Есесіне, майлы (414,7 мың гектарға) және жемшөп дақылдарын (96,4 мың гектарға) ұлғайту жоспарланып отыр. Ақмола облысында (-251,3 мың га) бидай  егіс алқаптарының ең көп көлемі қысқартылып, майлы дақылдар егу мақсатында әртараптандырылады.  2023 жылғы 198 мың гектардан 2024 жылы 400 мың гектарға дейін. Қос­танай (+85 мың га), Солтүстік Қазақ­стан (+65 мың га), Абай және Павлодар (+11 мың га) облыстарында майлы дақылдардың егіс алқабы ұлғаяды.

Жалпы, 2024 жылы Қазақстанда майлы дақылдарға арналған ең үлкен егіс алқаптары СҚО (751 мың га), Қостанай облысында (746 мың га) және жоспарларды ескере отырып, Ақмола облысында бөлінеді. ШҚО-да 219 мың га майлы дақылдар егіледі, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 9 мың гектарға артық.

«Өңдеу кәсіпорындарының қуаты мен нарықтағы ахуалды ескере отырып, Алматы және Жетісу облыстарындағы жүгері алқаптарын 15 мың гектарға қысқарту бойынша жұмыс жүргізу қажет деп санаймыз. Дәнді дақылдарды қысқарту есебінен жоғары пайда түсіретін негізгі дақылдар алқаптарын ұлғайту қажет. Атап айтқанда, биыл майлы дақылдарды 3,2 млн гектарға дейін жеткізу керек. Әкімдіктердің өздері шаруалардың мүмкіндіктері мен материалдық-техникалық базаның болуына қарай қандай майлы дақылдарды еккен дұрыс екенін анықтай алады»,  деді А.Сұлтанов.

Кеңесте жемшөп дақылдарының егісін ұлғайту мәселесіне ерекше назар аударылды. Өңірлерде сүт өнімдері өндірісін ұлғайту және мал шаруашылығын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды ескере отырып, жемшөп базасы қажет. Биыл жемшөп дақылдарын 96,4 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдардың егіс аумағын 13,3 мың гектарға ұлғайту жос­­­парлары атап өтілді, бұл нағыз ке­рек­­ті дақылдардың егіс алқабын 26,3 мың гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Айта кету керек, мемлекет қант қызылшасын өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсетеді: өңдеуге тапсырған кезде оларға тоннасына 25 мың теңгеден төленеді. Сондай-ақ 2023 жылғы 10 желтоқсаннан бастап қызылша өсірушілердің арнайы техниканы сатып алуы кезінде өтемақы нормативі 50%-ға дейін ұлғайтылды.

Қазақстандық шаруалардың ты­ңайтқыштарды пайдалануын ұлғай­ту және осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту үшін қазіргі уақытта аванстық субсидиялау тетігі пысықталып жатыр.

«АШМ АӨК саласындағы мемлекет­тік саясатты жүргізу аясындағы индика­тивтерді белгілей отырып, өңірлер мен Үкімет арасындағы өзара іс-қимыл мәдениетін өзгертетіні туралы қаңтар айындағы Үкімет отырысында айтылған. Облыстардың ерекшеліктерін ескере отырып, бізге бірге орындау керек индикаторларды есептеп, жіберіп отырамыз. Егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі жұмыс 5 жыл жүргізіліп, өңірлердің жауапкершілігінде болуға тиіс – елге қажетті дақылдар өндірісін қолдау үшін бюджеттерден қаражат бөлу мүмкіндігін пысықтап, оны сапалы орындау керек», деді С.Жұманғарин.