Satbayev University роботтехника кафедрасының студенттері жартылай тереңдіктегі су бассейндерін зерттейтін робот жасап шығарды. Шағын зертханада құрастырылған автономды робот Орталық Азиядағы су бассейндерін де зерттей алады.
Жоба жетекшісі, Роботтехника және автоматтандыру технологиялары кафедрасының аға оқытушысы Ермұхаммед Кәлменовтің айтуынша, қазіргі кезде әлемдегі су бассейндерінің 6 пайызы ғана зерттелгендіктен, ғалымдар үшін мұхиттар, теңіздер мен көлдерді зерттеу ісі өзекті.
Е.Кәлменовтің роботтарға қызығушылығы 2019 жылы докторантураға түскен кезінен басталғанын айтады. Осы кезде ғылыми жетекшісі, профессор Еркебұлан Төлешов бағыт-бағдар беріп, бірнеше тақырып ұсынады. «Ұшатын дрондар, планерлер, роботтар жайында деректер мені елітіп әкетті. Алайда Аралға, тіптен Каспий жағалауына барып көрмеген мен үшін су астын зерттейтін роботтар туралы алғашында таңғажайып сияқты көрінетін. Роботтар жүйесінің де көпшілік біле бермейтін өз құпиясы бар екен, ал оны әрі қарай зерттеу университет ғалымдары мен студенттері үшін өте тартымды жобаға айналды», дейді ол.
Робот сүңгуірлердің жұмысын жеңілдетеді
Аға оқытушы Е.Кәлменовтің жетекшілігімен 4-курс студенттері Науқан Аманжол, Ратмир Мальков, Жанерке Зәуірбек, Владислав Земцов құрастырған суасты роботы гранттық қаржыландыру арқылы іске асты. Бұл жобаға 3 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Жарты жыл ақпараттарды зерттеп, суасты роботының прототипін жасаған ғалымдар тобы биыл күн жыли салысымен Қапшағай, Балқаш, Арал, Каспий сияқты еліміздегі су бассейндеріне барып, суасты роботын сынақтан өткізіп көрмекші.
Робот прототипі сантехникалық полипропиленді трубадан жасалған. Мұндай қолжетімді әдістер әлемдегі студенттер мен мұғалімдер тәжірибесінде жиі қолданылады. Жас зерттеушілер жоба барысында онлайн форумдардың көмегі көп болғанын алға тартты. Олардың айтуына қарағанда, роботты құрастыру да, басқару да оңай емес. Бұл әзірлемедегі басты кезең – Arduino платасын қолдану. Автоматты басқару блогі робот жұмысын барынша оңай әрі қолжетімді етеді. Конструкторлық және басқарудың инновациялық жүйесін ойлап тапқан ғалымдар өз әдістерінің әлемдегі суасты роботтарын құрастыру ісінде де кәдеге асатынына сенімді. Автономды суасты роботы 100 метр тереңдікті зерттейді. Бұдан да терең қабаттарға барады деген болжам да жоқ емес. Пішімі жағынан торпедоға ұқсас келетін робот алты моторлы, екі камералы әрі алты бағытта жүзе алады. Инновациялық өнімнің болашақтағы толыққанды өндірісі үшін мырышталған болат қажет. Оны құрастырушылар Ресейден алдырып, моторын – Қытайдан, камерасына Amazon-нан тапсырыс берген. Өнертабыс иелерінің айтуынша, роботтағы акустикалық датчиктің қызметі су астындағы дыбысты қабылдауға арналған. Камераның көмегімен су астындағы нысанның қысымы, физикалық пішімі анықталады. Әзірге Satbayev University ғалымдары құрастырған роботтың елімізде баламасы жоқ деуге негіз бар. «Осы деректерге қол жеткізгеннен кейін геологтер өз болжамын жасай алады. Автономды робот болашақта сүңгуірлердің жұмысын жеңілдетеді. Өйткені оларға 100 метр тереңдіктен әрі қарай жүзу өте қауіпті. Бір сағат әрі 20-40 метрге дейін ғана жүзе алуы мүмкін. Робот су астындағы тіршілікті зерттей отырып, белгілі бір аумақтың картасын жасауға, суасты трубалары, кен орындарын, құрылғылардың зақымдануын анықтай алады», деп атап өтті жоба жетекшісі.
Суасты картографиясын жасайды
Жобас жетекшісі Е.Кәлменовтің айтуынша, әлемдегі интернет-трафиктің 95 пайызы мұхиттар түбінде жатқан суасты кәбілдері арқылы өтеді. Ал бүкіл жер бетіндегі суасты кәбілдері туралы ақпарат Cable Map порталында көрсетілген.
«Картада кәбілдердің қандай компанияға тиесілі екені, мекенжайына дейін бар. Міне, осы кәбілдердегі ақауларды суасты роботтары тексереді. Жалпы, суасты картографиясын түсіретін роботтар қызметіне қарай бөлінеді. Суасты тіршілігін зерттеу үшін картографиясын жасау қажет. Бүгінде елімізге қатысты карталар кеңестік кезеңмен байланысты болғандықтан, олар қазіргі Қазақстан жүйесіндегі су астындағы тіршілікті зерттеуде қолдануға жарамайды. Болашақта компьютерлік бағдарламалар арқылы еліміздің суасты карталарын құрастыруға болады. Қазіргі кезде су бассейндерінің қабатын тексеруде Ресейден, Қытайдан, Финляндиядан әкелінген роботтар қолданылып жүр», дейді ол.
Келесі кезең – роботты сынақтан өткізіп, өндіріске шығару. Оған қомақты қаржы керек. Егер де бизнес өкілдері іргелі стратегиялық жобаларға қаражат бөлу ісі жанданатын болса, елімізде көптеген стартап, тың зерттеудің қарқын алатыны сөзсіз.
Инженерлік мамандықтарда қазақша оқулық аз
Жобамен жарты жылғы жұмыс кезінде студенттер көп тәжірибе жинақтап, электроника, механика, автоматика, бағдарламалау сияқты пәндер бойынша теорияны қайталап, кейде демалыс күндерінде де жұмыс істеуіне тура келді. Зертханадағы бірқатар прибор жұмыс тобының өз қаражатына алыныпты. Жоба жетекшісінің айтуынша, жыл сайын зерттеу жұмыстары үшін радиоэлементтер, приборлар, қол аспаптарының тізімі жасалады. «Алайда оны өз қаржымызға алуға тура келеді. Сондықтан таяу болашақта әр кафедраның өз бюджеті жасақталғаны тиімді», дейді ол. Мұнымен қоса инженер мамандығында оқитын студенттер үшін орыс, ағылшын тілінде оқулық жеткілікті болғанымен, қазақ тілінде аз. Роботтехника, электртехника болсын, зертханалар заманауи зерттеулер жүргізуге сай емес. Сонымен бірге оқу жоспары кеңес кезеңіндегіден көп өзгере қоймаған. Мысалы, университетке оқуға түскен түлек 11-сыныптың бағдарламасын қайталап оқуына тура келеді. Ол курсты тәмамдағанша оқуға деген қызығушылығын жоғалтып алатыны таңғалатын жайт емес. Инженерлік бағытқа оқуға түскен түлектер үшін бағдарламаларды жылдам әрі қысқа мерзімде меңгеріп шығу өте қиын. Сондықтан оқу бағдарламасы да, оқытушылар да заман талабына сай дамып отырғаны маңызды», дейді Е.Кәлменов. Мұнымен қоса студенттер стипендиясының аздығы, жатақхана жетіспеушілігі сияқты әлеуметтік мәселелер де кесе-көлденең шығады. Соның салдарынан студенттің оқуға деген құлшынысы да төмендейді. Сонымен бірге кейінгі жылдары инженер мамандықтарына келетін студенттердің қатары азайып отыр. Себебі түлектер өндірісте автоматты басқару инженері болып мардымсыз жалақыға жұмыс істегеннен гөрі IT салада екі-үш есе көп табыс тапқанды әлдеқайда құп көреді.
АЛМАТЫ