• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Ақпан, 2024

Өрен жүйрік еді...

372 рет
көрсетілді

Арқада ақпанның ақтүтегі азынап тұрған осы күндерде Көкше жерінен жеткен суық хабар арқаға аяздай батты – айтулы аудармашы, қо­ғам қай­­раткері, Қазақстан Жа­зу­шы­лар одағының мүшесі Ғос­ман Төлеғұл жасы жетпістің төртеуінен жаңа аса бергенде өмірден өтіпті.

Аудармашы – қат кәсіп. Ал жақсы аудармашының қадірі, тіпті, бөлекше. Біз үшін дәстүрлі саналатын орысшадан қазақшаға аударатындардың қатары да сирексіп барады. Ал бұрыннан да аз кездесетін қазақшадан орысшаға аударатындардың қаны, тіпті, жерге тамбай тұр деу­дің де артығы жоқ. Сол қаны жерге тамбай тұрғандардың ор­­тасынан Ғосман Төлеғұл ойып орын алатын. Оның ау­дар­­ма­ларының санының өзі қай­ран қалдырады: Ғосман Төле­­ғұл қазақшадан орысшаға 43 кітап, орысшадан қазақшаға 22 кітап аударған... Ол кітап­тардың көлемі әртүрлі ғой деген­де де, бұл – алапат еңбек! Сол аудармалардың арасында көркем әдебиет туындылары да аз болмайтын. А.Нұрқатов, Д.Досжан, Н.Келімбетов, М.Мағауин, Қ.Салғара, М.Сәр­секе, тағы басқа тұлғалардың халық үшін аса қажетті туынды­ларын төгілте сөйлеткен қа­ламгер мына біздің де бірер кіта­бымызды орыстілді оқыр­­манның ортақ игілігіне айнал­дырған еді.

Ол өмір бойы шығармашылық ұжымдарда, мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеген, аудан­дық, облыстық газеттер редакцияларында журналист, облыс әкімінің баспасөз хатшысы, облыстық тіл басқармасының басшысы, министрліктің бөлім басшысы, облыстық ардагер­лер ұйымының төрағасы сияқ­ты қызметтерді бірінен кейін бірін ауыстырған. Сол лауа­зымдардың бәрінде де Ғосе­кеңнің қаламгерлігіне қоса қайрат­керлігі де келісті көрініп отырды. Ғосман Төлеғұлдың ту­ған тілдің толғақты мәсе­лелерін жеріне жеткізіп айтып та, жазып та келгенін Арқа жұр­ты жақсы біледі, оның бұл саладағы жұмысын қадірлейді.

Осыдан төрт жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газетінде «Өрен жүйрік» деген мақала жарияланған. Ғос­ман Төле­ғұлдың 70 жылдық мерей­тойына орайлас жарық көрген осы еңбекте тәржіме сынды аса қиын іске бар өмірін ар­наған, туған әдебиетіміздің аударма қоржынына мол олжа салған азаматтың жанкешті ең­бегіне жан-жақты баға беріл­ген. Қайтерсің, міне, бүгін сол тұлпар таланттың шабысы тоқтапты, бар өмірін тілді кес­те­леуге, қастерлеуге арнаған қай­раткердің қуатты қаламы қол­дан сусып түсіпті. Амал жоқ, ен­дігі сөзді «Өрен жүйрік еді...» деп сөйлеуге мәжбүр болып отырмыз.

Бақұл бол, қимас жолдас, қымбатты Ғосеке. Еңбегіңді елің ұмытпайды.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Әлібек АСҚАРОВ