• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 23 Ақпан, 2024

Бизнеске әкімшілік жүктеме азаяды

122 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев­тың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, сенаторлар бизнес жүргізу мәселелеріне қатысты заңды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.

114 заңнамаға өзгеріс енбек

Отырыс барысында Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бірінші оқылымда қарады. Бұл құжат тиісті заңнаманы қоғам мен бизнестің мүдделерін ескере отырып жетілдіруді көздейді. Атап айтқанда, кәсіпкерлік қызмет жағдайларын жақсартуға, бизнес­ке әкімшілік жүктемені азайтуға және негізсіз кедергілерді жоюға қатысты өзгерістер қамтылған. Сондай-ақ мемле­кеттік бақылау мен қадағалау тәртібін реттейтін нормалар да бар.

Заңның негізгі міндетінің бірі – Мем­лекет басшысының өңдеу өнеркәсібі орын­дарын жеткілікті көлемде және көңіл­ге қонымды бағада отандық шикі­зат­пен қамтамасыз етуге, сондай-ақ халық­­тың әлеуметтік осал топтарына тиім­­ді атаулы қолдау көрсетуді қамта­ма­сыз ете отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнім­дерінің бағасын реттеуден ке­зең-ке­зеңімен бас тартуға қатысты жекелеген тап­сыр­маларын іске асыру. Жалпы, осы құ­­жат арқылы 114 заңнамалық актіге, оның ішін­­де 12 кодекске және 102 заңға өзге­ріс­­тер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.

Заң мақұлданған жағдайда мем­лекеттік бақылау және қадағалау нысан­дарын жаңа реттеуші саясаттың базалық қағидаттары мен тәсілдеріне сәйкес келтіру, кәсіпкерлік қызметті реттеу мен қорғаудың тың тетіктерін енгізу, бизнеске әкімшілік жүктемені азайту және тұтынушылар, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекет мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету сияқты нақты нәтижелерге қол жеткізу көзделіп отыр.

 

«Асыранды» компаниялар экономиканы тежеп отыр

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев отандық бизнесті қолдау тетіктерін қайта реттеу қажет екенін айтты. Ол өзінің дамуын тоқтатқан, тек мемлекеттік қолдау­дың арқасында ғана күн көріп келе жатқан компанияларды нарықтық экономиканы ілгерілетуге кедергі келтіріп отырған басты себептердің бірі ретінде атады. Сонымен бірге, елімізде бизнесті дамыту үшін Дүниежүзілік банктің жуырдағы баяндамасында жарияланған бірнеше жүйелі мәселеге назар аударды.

«Жақында Дүниежүзілік банктің «Қазақстан экономикасы туралы» атты зерттеуі жарияланды. Сол жердегі экономикамыз, оның ішінде бизнестің жағдайы терең талданған бөлімдер бәріміздің қызығушылығымызды тудырады. Нақты айтқанда, 2012 жылдан 2022 жылға дейінгі он жыл ішінде бізде өнімділіктің өсуі іс жүзінде болмағаны жазыл­ған. Зерттеуде тиісті деректер де кел­тірілген. Меніңше, Үкімет ол мәлімет­терді зерделеуі керек. Екіншіден, 10 жыл ішінде ІЖӨ-ге қатысты капитал салым­дары, яғни негізгі құралдарды сатып алу шығындары 26 пайыздан 23 па­йыз­ға дейін азайған», деді Сенат төрағасы.

Мұндай жағымсыз салдарлар дамымайтын, табыс әкелмейтін және нарықта жаңа ойыншылардың алға жылжуына кедергі келтіріп, мемлекеттік қолдау есебінен ғана күн көретін компаниялардың өсуіне алып келеді. Сондықтан Мәулен Әшімбаев өсуге, өнімділікті арттыруға, инновациялық технологияларды енгізуге ұмтылатын компанияларға ғана мемлекеттік қолдау көрсету қажет екенін айтты.

«Икемсіз мемлекеттік қолдау, оның ішінде «Даму» арқылы ауыл ша­руа­шы­лығына берілетін субсидиялар елімізде зомби-компаниялардың көп­теп пайда болуына алып келді. Олар мемлекеттің арқасында ғана «аман» жүр. Ал өздері еш дамымайды, алға жылжымайды. Қалыпты нарықтық экономикада компаниялардың стартап, қалыптасу, жетілу, кейбір технологияларды енгізу сияқты өмірлік циклі бар. Соған байланысты олар мүмкіндік болса, әрі қарай дамиды, болмаса, жабылады. Яғни бізде бұл цикл бұзылды. Нарыққа жаңа компаниялар көп кіре бермейді. Ал «ескі» компания­лар нарықтан кетпейді. Біз бұл туралы бірнеше рет айттық. Бизнесті қолдау тиімді, икемді, нәтижелі болуы керек. Сондықтан бизнесті қолдау тетіктерін қайта реттеудің маңызы зор. Бұл ретте банкротқа ұшырау да экономиканы тазарту, жаңа компаниялардың пайда болуы тұрғысынан бір механизм екенін ескерген жөн. Одан қорықпау керек. Бұл қалыпты нарықтық экономиканың бір элементі», деді М.Әшімбаев.

 

Ауылда тұруға жағдай жасалуға тиіс

Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалын жолдап, ма­ңызды мәселелерге назар аударды. БҰҰ болжамынша 2 050 жылға қарай әлемдік деңгейде урбанизация 70%-ға жетуі мүмкін. Елімізде де қала халқының үлесі өсіп келеді. Жанболат Жөргенбаев өзінің депутаттық сауалында ауылда өмір сүруге арналған кешенді жағдай жасау қажеттігі туралы мәлімдеді.

Сенатор еңбек нарығы мен әлеумет­тік инфрақұрылымды дамыту тұрғысы­нан өңірлер де, мегаполистер де бүгінде мұндай көші-қонға дайын емес екенін айтты. Ол ауылдық аумақтардың әлеу­мет­тік инфрақұрылымын жетілдіру негізін­де еліміздің қауіпсіздігін қамтама­сыз ету қажет деп санайды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2019-2023 жылдары республикалық бюджеттен 524 млрд теңге бөлініп, 1,5 мыңнан аса елді мекенде 5 мыңнан астам жоба іске асырылды. Әйткенмен оның нәтижесі көңіл көншітпей отыр», деді ол.

Сенатордың пікірінше, Үкімет қазір ауылдарға жағдай жасап, ауыл шаруашы­лығына ғана емес, ауыл тұрғындарының мәдени өміріне, денсаулық сақтау жүйесі мен инфрақұрылымға да назар аударуға тиіс. «Шекара маңындағы ауылдардағы бюджеттік инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталған бөлек бюд­жеттік бағдарлама ашу керек. Соны­мен қатар қолданыстағы заңнамада белгіленген ауылдық үстемеақы­дан тыс мемлекеттік шекараға 50 км жақын орналасқан ауыл қызметкерлері үшін лауазымдық жалақыға 50%-ға дейінгі мөлшерде үстемеақы белгілеу мүмкіндігін қарастыру керек», деді сенатор.

 

Өндірісте жарақат алғандардың өтемақысы аз

Кейінгі кезеңде елімізде өндірісте жарақат алу көбейіп бара жатқаны бай­қа­лады. Тек 2022 жылы еңбек ету ке­зіндегі 2 449 адам жазатайым оқиға­дан зардап шекті. Серік Шайдаров Үкі­мет басшысының атына жолдаған депу­тат­тық сауалында еңбек қауіпсіздігі мәселелері туралы айтты.

Сенатор Ұлытау облысына сапары кезінде сайлаушылармен кездесуде депутаттардың атына «Қазақмыс» корпорациясында жұмыс істеген кезде жарақат алған, кейіннен мүгедектікке ұшыраған азаматтардан көп өтініш түскенін мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, жарақат алған және жұмыс істеу қабілетін жоғалтқан адамдарға төлемдер тек зейнеткерлікке шыққанға дейін ғана төленетіні басты мәселе болып отыр.

«Сондай-ақ жұмыскерлер Азаматтық кодекстің 983-бабының 6-тармағын қайтару мәселесін көтеріп жатыр. Бұл бап жұмыс берушінің сол кәсіп пен біліктіліктегі қызметкердің орташа жалақысының мөлшерін ұлғайту кезінде өндірістік жарақат алған қызметкерге жоғалған жалақыны өтеу сомаларын қайта есептеуді көздейді. Мүгедек жұмысшылар екі түрге бөлінеді, дегенмен барлығы бірдей жағдайда, бірдей кәсіпорындар мен шахталарда жұмыс істейді. Бұл – толық абсурд және әлеуметтік кемсітушілік», деді сенатор.

С.Шайдаров осыған байланысты Үкімет басшысы Олжас Бектеновке еңбек қауіпсіздігі саласындағы жағдайды жақсарту жөнінде бірқатар шараны, атап айтқанда, экономикалық ынталандыруды адамға, оның құнды­лық­тарына, қажеттіліктері мен басымдық­тарына бағыттауды ұсынды. «Жұмыс беруші қызметкерлердің денсаулығы, қауіп­сіздігі мен әл-ауқаты кәсіпорында басымдық екеніне, әлеуметтік тұрғыдан жауапты болатынына кепілдік беруі керек. Жәбірленуші зейнеткерлікке шыққаннан кейін еңбек міндеттерін орындауы кезінде жоғалтқан табысы бөлігіндегі зиянды өтеу толығымен жұмыс берушіге жүктелуге тиіс. Бұл зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар кәсіпорынға қатысты бола отырып, кәсіпорындарды жұмыс орындарындағы өндірістік тәуекел деңгейін төмендетуге, еңбекті қорғау саласындағы құзырет­тілік­ті арттыруға және барлық қызмет­кер­ді сақтандыруға күш-жігер жұм­сауға ынталандырады», деді.

 

ТЖ кезінде мүгедектер не істейді?

Сенатор Ләззат Қалтаева депутаттық сауалында мүгедектігі бар адамдардың төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

Дағдарыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде, мысалы Covid пандемиясы, қаңтар оқиғасы, Алматыда жер сілкінген кезде ел тұрғындарының бұл әлеуметтік тобы ақпараттан мүлдем тыс қалды. Демек денсаулық пен өмірлеріне қауіп төнгені анық. ТЖ қызметтері мүгедектігі бар адамдарды оларға арналған ұйымдарда соңғы рет 10 жыл бұрын оқытқан көрінеді.

Екіншіден, мүгедектерді құтқару және эвакуация мәселесі бар. Зерттеу көр­сетіп отырғандай, әкімдіктерде қоз­ға­лысы қиын азаматтарды табу картасы жоқ, ал құтқарушылар мүгедек адамдар­ды эвакуациялау барысында олармен қарым-қатынас жасау дағдысын білмейді.

Үшіншіден, мүмкіндігі шектеулі азаматтар көбіне баспана және халықты уақытша орналастыру орындарына қол жеткізе алмайды. Әсіресе дағдарыс кезінде жиі белең алатын қылмыс пен зорлық-зомбылық туралы айтпағанның өзінде жағдай осындай. Мұндай жағдайда мүгедектер, әсіресе әйелдер мен балалар ең ауыр жағдайға душар болады. «Осы мәселе бойынша мүгедек адамдар ұйым­дарынан сарапшыларды қатыстырып және ерекше қажеттіліктерін есепке ала отырып халықты оқыту, эвакуациялау, орналастыру және әлеуметтік қамсыз­дандыру жөніндегі жоспарлар әзірлеу керек. Мүгедектігі бар адамдардың ерекше қажеттілігіне сәйкес келетін баспаналарды жобалау және жарақтандыру қажет. Заманауи әдістер мен технологияны пайдалана отырып, әртүрлі науқасы бар адамдарға арналған ақпарат беру және оқытудың арнайы бағдарламасын әзірлеу керек. Төтенше жағдай кезінде оларды іздеу және нақты көмек көрсету үшін қозғалысы аз азаматтардың бірыңғай дерек қоры құрылуға тиіс», деді Л.Қалтаева.