• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тұлға 25 Ақпан, 2024

Әлемі әдемі әртіс

179 рет
көрсетілді

Сегіз қырлы, бір сырлы. Дәл осы теңеу Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, көрнекті театр және кино актері Асылболат Смағұловтың болмысын дәл беретіндей. Бір басына мың сан өнерді тоғыстырған талантты жан әртістік әлемде ғана емес, мүсін мен музыка, саз бен сурет кеңістігінде де айшықты қолтаңбасын қалдырды. Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында өткен әлемі әдемі әртістің «Түс. Ұйқысыз түндер» перформанс көрмесін тамашалағаннан кейін әлемтапырық күйге түскен көңіліміз ұзақ уақыт өз әсерінен босатпады.

– Мен өнерге кездейсоқ келген жоқпын. Бала күнімнен көңілім көркемдікті қалады. Нақты актерлікке барамын деп кесіп айтпасам да, тағдырымның түбі не сахна, не сурет, не әншілікпен тоғысатынын сездім. Сол кезден-ақ өзімді дайындадым. Әлі есімде, ауылдағы үйдің қабырғасын тұтасымен кенеп қылып, кеңінен «көсілетінмін». Ол кезде майлы бояу деген жоқ, суретті акварельдің өзімен-ақ сала береміз. Сондағы ең алғашқы «картинам» Виктор Васнецовтың «Үш батыр» шығармасы болды. Ол сурет төсегімнің тұсындағы қабырғада ұзақ уақыт «өмір сүрді». Анам қабырғаны әктегенде айналып өтетін. Кейін де қылқаламнан ажырамадым. Суреттерім – жан дүниемнің айнасы іспеттес. Қай-қайсысында болсын туған жерге деген балалық сағынышым мен перзенттік толғанысымды сурет тілінде «сөйлетуге» ұмтылдым. Әсіресе жылқының суретін салғанды жақсы көретінмін. Әлі күнге дейін ол махаббат тарқаған жоқ. Арғымақ көрсем, шабытыма ерік беремін, дейді актер ағынан ақтарылып.

Солтүстік Қазақстан облы­­сының Бостандық деген ала­қан­дай ғана ауы­лында туып-өскен болашақ өнер майталманы туған өлке­нің тұмса табиғатынан шабыт алып, қиялын қияндарға самғатты. 1968 жылы Қызылжар қаласындағы №2 қазақ мектеп-интернатын бітірген бой­да Алматыға аттанды. Құрман­ғазы атындағы өнер инсти­ту­тының театр бөлімінде Қазақ­стан­ның Халық әртісі Хадиша Бөкее­ваның шеберханасына қабыл­да­нып, 1973 жылы театр актері мамандығын алып шықты.

– Аллаға мың да бір шүкір деймін, менде актер ретінде рөл ала аламай қиналған кездер немесе іште кеткен өкініштер болған емес. Оқуымды бітіріп, жұмысқа кіріскеннен-ақ бас­ты рөл­дерде бағымды сынадым. М.Әуезовтің «Айман-Шолпанын­дағы» Әлібек рөлінен басталған шығармашылық жол «Еңлік-Кебектегі» – Кебек, «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» – Қозы, «Қыз Жібектегі» – Бекежан сынды қазақ классикасындағы кесек бейнелерге жалғаса берді. Орыс пен Батыс классикасынан да басты рөлдер бұйырды, деген актер өткен күндер елесін іздегендей алысқа көз салды.

Әр рөліне толғаныс, ішкі терең­­дігімен келетін өнер иесінің кейіп­кер­лер жан дүниесін зерттеудегі шығар­ма­шылық ізденісі өте табысты болды. Актерлік палитрасы көп бояулы, айтары, меңзері мол нақышты, сан қырлы сахна шеберінің ішкі сарайы да сәулелі сырға толы. Рөл жасаудың негізгі құпияларын өмірдің өзінен сарыла іздейтін жаны нәзік суреткердің жасампаз тәсілдері де жас буын сахнагерлерге өзгеше сабақ. Ол еңбегі лайықты бағаланып, актер1987 жылы «Қыз Жібек» спектакліндегі Бекежан рөлі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағына ие болды.Тбилисиде өткен халық­ара­лық жастар театрлары фес­ти­валінің дипломанты атанды. Орталық Азия мен Қазақстан театрларының халықаралық байқауының Гран-приін жеңіп алды. «Апиын», «Ұмытпа мені», «Көшпенділер», «Біржан сал», «Елім-ай», «Қазақ хандығы» фильмдерінде басты және қосалқы рөлдерді бейнелеп, кино әлемінде де өзінің айшықты қолтаңбасын бедерледі. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Бекежанды сәл-пәл сүйкімділікке сүйрелеген, оның сұсты жүзіне аз-кем қан жүгірт­кен Алаш актері Асыл­болат Смағұлов болды» десе, Қазақ­станның халық жазушысы Сәкен Жүнісов «Қыз Жібектегі» «Асыл­болат-Бекежан» – қазақ театры сахна­сын­­дағы үлкен құ­бы­лыс» екенін атап көрсеткен.

– Обалы не керек, режиссерлер менен рөл аяған жоқ. Осының бәрі, әрине, актер адам үшін үлкен бақ қой. Бірақ Алла маған өнер беріп, мерейімді асырса, дәл солай мінезден де таршылық жасамаған екен. Құдайға шүкір, бір адамдай бірбеткей мінезіміз бар. Әділетсіздіктерді көріп тұрып, үндемей қала алмадым. Рөл берді екен деп, режиссерлерге де ләппайлап кете қоймадым. Соның кесірінен 10 жылдан аса театрдан қол үзіп, жұмыссыз қалған кездер де болды. Сонда сахнаны, серіктерстерімді сағынатынмын. Бірақ бәрібір мінезімді өзгерте алмадым. Аламанға түсер арғымақ та жер тарпып, бұлқынып тұрмай ма? Мінезсіз жылқы – жай ғана жабы. Меніңше, өнер адамында мінез болуы керек. Мінез – шығармашылық адамның қолтаңбасы. Онсыз өнер ішкі менін жоғалтады. Десе де әр нәрсенің өз қайыры бар деген рас екен. Міне, театрдағы осы үзіліс менің суреттегі екінші тынысымның ашылуына себепкер болды. Көп картиналарым дәл осы кезде салынған екен. Өзімді кәсіби суретші деп санамаймын. Бірақ өнертанушылар, кәсіби суретшілер жұмысымды жоғары бағалап, көрме өткізуге кеңес берген соң, бүгінгі жобаны қолға алдық. Театрдағы жастар қолдап, осындай жақсы дүниенің жаршысы болып жатқан жайымыз бар, – деп сыр ашты актер.

Иә, актерлігі бір төбе. Ал суретшілігі сан қырлы талант қылқалам құдіреті арқылы кенепті кере кескіндеген картиналарын елордалық көрермен назарына ұсынды. Түрлі жанр­дағы суреттер, келісті компози­циялар, портреттер, пейзаж­дар өзіндік орындалуымен ерекшеленіп, мазмұндық тереңдігімен баурап алды. Әсіресе «Уақыт», «Ана», «Шыр­мауық, жалған дүние», «Асау күрең», «Қалыңдық» сынды кар­тиналары мен Қорқыт, Ақан сері, Баян сұлу, Қыз Жібек, Бекежан портреттері де өзіндік ерек қолтаңба, дара көзқарас, парасатты пайымымен көңіл арбайды.

– Шедеврлер жазып, кәсіби сурет­шілермен бәйгеге түсетін ойдан аулақпын. Не социализм, не капитализм емес қазіргі біздің қоғам сияқты, менің де жұмыстарым примитивизм мен реализмнің арасында адасып жүрген «измдердің» бірі болар. Бүгінде аты әлемге әйгілі суретші Ван Гог марқұм көзі тірісінде бірде-бір картинасын сата алмай, бар өмірі жоқшылықта өткен ғой. Ал қазір оның бір ғана «Күнбағыстары» бәлен миллион доллар! Сол сияқты біздің суреттерді де бір замандарда бағалайтын ұрпақ туар. Әзірге міндетіміз – еңбек ету, өнер тудыру, деп әзілмен әңгімесін әрлеген әртіс сөзінің тоқетерін жас актерлерге бағыттай түйіндеді: – Өмірдегі ең қастерлейтін, ең қимайтын, еш оралмайтын, қайтып келмейтін қымбатты дүниенің бірі – уақыт. Абайдың өзі: «Түспеді ер жеткен соң уысыма, қо­лымды мезгілінен кеш сермедім» демей ме? Демек дұрыс пайдаланылмаған уақыт пен жастық кейін өкінішке айналады. Сондықтан жастарға айтарым: әр сәтті бағалап, қадіріне жетіңдер! Себебі уақытты тоқтата алмайсың. Ал әр сәт, әр минутта көп мүмкіндік бар.