Талдықорғанда облыс әкімдігінің бастамасымен қолжетімді үшінші дүкен ашылды. Кең әрі жайлы сауда орнында облыстың тұрақтандыру қорының және «кері схемамен» жұмыс істейтін өндірушілердің тауары 15-20 пайыз төмен бағамен ұсынылады.
Дүкенде тауардың түрі көп, соның ішінде тұрмыстық химия, сусын және басқа да әлеуметтік маңызы бар 18 түрлі азық-түлік өнімі нарықтағыдан 15-20% төмен бағада сатылады. Мысалы, I санаттағы жұмыртқаның ондығы – 445 теңгеден, 1 литр сұйық май – 510 теңге, 1 кг күріш – 340 теңге, 1 кг картоп – 110 теңге, 1 кг пияз – 70 теңге, 1 кг сәбіз – 140 теңге.
Нысанның ашылуында сөз сөйлеген Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Бершімбеков әлеуметтік дүкендердің ашылуы облыс әкімдігінің бастамасымен, Талдықорған қаласы әкімдігі мен «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның бірлесіп қолға алған іс-шарасы екенін атап өтті.
«Мұндағы сөрелерге тауарлар делдалсыз, өндірушілерден қосымша шығынсыз тікелей жеткізіледі. Бұл дүкендердің бәрі ӘКК-нің қаржыландыруында, сондықтан олардың тауары нарықтағыдан төмен бағада сатылады», деді Р.Бершімбеков.
Осы дүкендердің жұмысына қатысты сатып алушылар да өз пікірін білдірді.
«Мұнда жарма, көкөніс пен жұмыртқа алуға келдім. Шынында да, нарықтағыдан төмен бағада екен. Дүкен қолайлы жерде, аялдамаға жақын орналасқан. Ауданымызда егде жастағылар көп тұрады. Енді бізге орталық базарға жиі барудың қажеті болмайды», деді Гүлгүл Қанапиянова.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, облыста «Жетісу» ӘКК-нің 6 әлеуметтік нүктесі бар. Оның ішінде 2 әлеуметтік дүкен Талдықорғанда, бірі Үштөбе қаласында орналасқан. Сол сияқты коммуналдық және әлеуметтік базарлар мен «Көкбазар» сауда үйінде сауда нүктелері жұмыс істейді. ӘКК өкілдерінің айтуынша, жұмыс мұнымен тоқтамайды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бұдан әрі де облыс орталығының халық тығыз орналасқан шағын аудандарында осындай форматтағы әлеуметтік дүкендер ашыла бермек.
Жетісу облысы