Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Талқылауға депутаттар әзірлеген ғылым мәселелері бойынша заң жобасын қарау ұсынылады. Құжатта жергілікті атқарушы органдардың ғылым саласындағы өкілеттіктерін кеңейту, әлеуметтік кепілдіктерді ұлғайту және педагогтер мен ғылыми қызметкерлер үшін қосымша төлемдер беру көзделеді.
Екінші оқылымда мәжілісмендер байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері туралы заң жобасын қарайды. Депутаттар бастамашы болған бұл заң жобасы телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға, қалалар мен елді мекендердегі байланыстың қолжетімділігін қамтамасыз етуге және сапасын жақсартуға бағытталған.
Алдағы жалпы отырыста Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы санитарлық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға ден қою жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімдерге, зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері, сондай-ақ Өзбекстанмен одақтастық қатынастар туралы шарттарға қатысты ратификациялық заң жобаларын талқылау ұсынылады.
Сонымен қатар Мәжіліс комитеттері көлік құралдарының жекелеген түрлерінің қозғалысын ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру, сондай-ақ туристік саланы қолдау мәселелері бойынша жаңа заң жобаларын жұмысқа алады.