Уақытында аудан орталығы ретінде аты дүркіреген Ақкөл ауылы тәуелсіздіктің елең-алаңында талай қиындықты бастан өткерді. Жылдар жылыстаған сайын жергілікті атқарушы билік елді мекен тұрғындарының талап-тілегін ескеріп, әлеуметтік мәселелер оңынан шешіле бастады. Енді, міне, ауыл тұрғындары талай жыл «жырлаған» көгілдір отын мәселесі де шешімін тапты.
Талай мықты тұлға дүниеге келген Ақкөл ауылында жалпы саны 411 аулада 2 242 адам қоныстанған. Бірлігі жарасқан ауыл тұрғындары дәл осы қуанышты сәтті жылдар бойы күтті. Сол үмітті ақтап, жергілікті билік уәдесін орындап, ауыл тұрғындарын қуантып отыр.
Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев ақкөлдік ағайынның қуанышына ортақтасты. Көгілдір отынды көптен күткен тұрғындармен жүздескен облыс басшысы Талас ауданының өзге де ауылдарындағы әлеуметтік мәселелерді ретімен шешу жұмыстары алдағы уақытта да толассыз жалғаса беретінін, халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға қашан да әзір екенін айтып, жергілікті жұртшылықты табиғи газдың ауылға жетуімен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы билік өкілдеріне халықтың тұрмыс-тіршілігін барынша жақсарту қажеттігін тапсырғаны мәлім. Осы тұрғыдан алғанда еліміздің әр қиырында ауқымды жұмыстар қолға алынып, оң нәтиже беріп жатқанын күнбе-күн көріп жүрміз десек, қателеспейміз. Біздің басты мақсатымыз – өңір жұртының үніне құлақ асу, мәселелерді дер кезінде шешу. Талай тарлан тұлға дүниеге келген Талас ауданындағы түйткілді мәселелерді дер кезінде шешуге біз қай кезде де күш салуға дайынбыз. Бүгін аудандағы ірі елді мекендердің бірі саналатын Ақкөл ауылында табиғи газ пайдалануға беріліп отыр. Бұл – ауыл тұрғындары ұзақ жылдар бойы сарыла күткен қуаныш. Елді мекен халқын осы бір қуанышты сәтпен құттықтаймын. Жақсы күндеріміз көп болсын», деді Е.Қарашөкеев.
Іс-шара барысында сөз алған Ақкөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Досболат Туғанбаев сөз алып, жергілікті халықтың қуанышына ортақтасқан өңір басшысына ризашылығын жеткізді.
Талас ауданы әкімдігі баспасөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, аймақтағы өзге де елді мекендерді көгілдір отынмен қамту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған. Осы жылдың басында Қызыләуіт және Ақтөбе ауылдары тұрғындарының талап-тілегі ескеріліп, елді мекендер көгілдір отын жүйесіне қосылыпты.
Кейінгі жылдары кезінде аты дүркіреген Ақкөл ауылына жергілікті билік тарапынан айтарлықтай көмек көрсетіліп жатыр. Ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді.
«Ауданымыздағы іргелі ауылдардың бірі саналатын Ақкөл ауылы халқының көкейкесті мәселелерін шешу бойынша нақты жұмыстар қолға алынғанын айта кеткен жөн. Мәселен, 2021-2023 жылдар аралығында елді мекендегі 20 көшенің жолы жөндеуден өткізілді. Жаяу жүргіншілерге арналған жол жолақтары қалыпқа келтірілді. Қазіргі кезде көшелерді толыққанды жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр», дейді Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков.
Ресми дерекке жүгінсек, облыс аумағындағы елді мекендерді табиғи газбен қамту мақсатында өткен жылы 11,8 млрд теңге қаржыға 11 жоба іске асырылған. Оның алтауының жұмысы 2024 жылға өтпелі. Қазіргі таңда өңір халқын табиғи газбен қамту үлесі 91,1 пайызға жеткен.
Ауылдарды көгілдір отынмен қамту жұмыстары биыл да сәтімен жалғаспақ. Осы жылы 11 ауылда тұратын 17 мың халықты табиғи газбен қамту көзделіп отыр. Нәтижесінде, көгілдір отынмен қамтамасыз етілген өңір халқының қарасы 92 пайызға жетеді екен.
Аудандық әкімдік өкілдері келтірген дерекке жүгінсек, Талас ауданында Қаратау қаласын қоса есептегенде 23 елді мекен бар болса, соның 18-і газдандырылған, яғни көрсеткіш 75 пайызды құрап отыр. 2027 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланған.
Жамбыл облысы,
Талас ауданы