Кей ауылдағы ағайын әлі күнге ауыз суға зар болып отыр. Тіпті ауыз судың ащы шуын талай рет көзбен көріп, құлақпен естідік. Мәселен, Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Жарлысу аулының тұрғындары миллиондаған қаржы жұмсалған жұмыстың соңы сиырқұйымшақтанып, салдарынан «ауыз суға жарымай отырмыз» деп бірнеше рет техникалық судың зардабын шегіп отырғанын айтқан болатын. Тіршілік нәрінен тарыққан ауылдар шынында да аз емес...
Кей елді мекендегі жұртшылық таза судың дәмін татпаса, Тараздағы кәсіпкерлер ауыз суды ағыл-тегіл пайдаланып отыр екен. Көне шаһардың «жаңашыл» кәсіпкерлері көлік жуу кешендері мен моншаларға және бассейндерге тұщы суды оңды-солды тұтынған. Заңды белден басқан кәсіпкерлік нысандардың саны 300-ден асып жығылады. Жүзден астам монша иесінің санаулысы ғана суды пайдалану туралы тиісті құжатты заң аясында рәсімдеген.
Табиғатты қорғау прокуратурасы қолданыстағы заңды сырт айналып өтуге тырысқан кәсіпкерлердің заңсыз әрекетін әшкереледі. Ауыз суды армансыз әрі рұқсатсыз пайдаланып келген азаматтар енді заң аясында айыппұл арқалауы мүмкін. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, оларға әлі де болса ресми түрде уақыт берілді. Сол уақытты тиімді пайдаланғандар ғана жазадан құтылатын көрінеді.
Дерекке жүгінсек, облыс орталығындағы 150-ге жуық көлік жуу орталығының бар болғаны 7-еуі ғана суды пайдалану бойынша тиісті құжаттарды рәсімдеген. Ал қалғандары заң талаптарын орындауға келгенде селқостық танытқан. Сондай-ақ Тараздағы 30-дан аса қоғамдық бассейннің ешқайсысы жұмысын заңға сай істемеген. Осылайша, тіршілік нәрін оңды-солды, ысырап етіп пайдаланып келген.
Кәсіп ашуға келгенде алдына жан салмаған азаматтар «Жамбыл су» мекемесінің теңгеріміндегі жерасты суын ешқандай құжатсыз тұтынып келген. Алайда кәсіпкерлік нысан иелері таза суды «Шу-Талас бассейні» инспекциясының ресми рұқсатымен ғана тұтынуға тиіс болған. Бірақ ондай қадамға бармаған. Ресми дерекке жүгінсек, әрбір қоғамдық монша иесі жылына 11–20 мың тонна аралығында су тұтынады екен. Ал таза суды заңсыз пайдаланған монша иелерінің саны 100-ден асатынын ескерсек, бұл санды бірнеше еселеуге тура келеді.
«Таза суды заңсыз пайдаланған кәсіпкерлерге бірінші маусымға дейін уақыт берілгенін айта кеткен жөн. Олар межелі мерзім ішінде ауыз суды пайдалануға қатысты құжатты рәсімдеп үлгеруі керек. Олай болмаған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 41-бабына сәйкес айыппұл арқалайды», дейді өңірлік табиғатты қорғау прокуратурасының аға прокуроры Ерік Әлмаханов.
Елімізде бірнеше жыл бойы кәсіпкерлік нысандарды тексеруге мораторий жарияланғаны мәлім. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпкерлік нысан басшылары жөн-жосықсыз тексерулерден құтылған болатын. Алайда тексеріс жоқ жерде заңсыздық белең алатынын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Билік тарапынан жасалған қамқорлықты кәсіпкерлер жеке мақсатына пайдаланып, заңсыздыққа барғандары да аз емес. Олар ауыз суды заңсыз тұтыну арқылы салық төлеуден де жалтарған.
Жамбыл облысы