Гендерлік теңдік – әлемде және елімізде де өзекті тақырыптың бірі. Жыл сайын Давоста өтетін Әлемдік экономикалық форумдағы панельдік талқылау да осы мәселеге арналады. Мәселен, соңғы өткен Давос форумында «Әйелдер өмірден бәрін ала ала ма?» (Can women have it all) деген өзекті сұрақ талқыға түсіп, белгілі сарапшы, заңгерлер, мемлекеттік қызметкерлер, білім саласының өкілдері осы мәселеге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Гендерлік теңсіздікті азайту – экономикалық өсімнің маңызды қозғаушы күші. Әлем ғалымдары экономикадағы гендерлік үлестің арасалмағы туралы жиі мәселе қозғап келеді. Мәселен, Швейцарияда әйелдердің тек 15 пайызы толық күн жұмыс істейді екен. Нәзік жандардың қалған 85 пайызы экономикалық тұрғыда белсенді емес, яғни жұмысқа орналаспаған, үй шаруасымен айналысады немесе зейнет жасында. Сондықтан жоғарыда айтылған панельдік талқыда әйелдерді жұмысқа көбірек тарту үшін қандай жаңа саяси шешім мен бизнес үлгілерін іске асыру керек деген сұрақтың жауабы қарастырылды.
Швейцарияда басқа елдермен салыстырғанда әйелдердің жұмыс орнындағы құқықтары қорғалған. Мәселен, 2022 жылы 15 және одан жоғары жастағы халықтың белсенділік деңгейі Швейцарияда 67,1 пайызға жетті, бұл – Еуропадағы ең жоғары көрсеткіштің бірі. Дегенмен әйелдердің еңбек нарығына қатысу деңгейі (61,9%) ерлерге қарағанда (72,4%) төмен. Ал қазіргі кезде саясаткерлердің алдында тұрған өзекті мәселе – аналарды жұмыс күшіне тарту және балалы бола тұра жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету.
Осы елдің экономика жөніндегі мемлекеттік хатшысы Мари-Габриэль Инейхен-Флейш әйелдердің жұмыс күшіндегі төмен көрсеткішінің үш себебін атап өтті. Олар: халық арасындағы қате түсініктер мен стереотиптердің болуы, заңдағы кемшіліктер және салық мәселелері. «Сонымен қатар әйелдерді жігерлендіру өте маңызды. Өйткені әйелдерге қарағанда ерлердің мансапта биікке ұмтылу құлшынысы мықтырақ, олар өз қарым-қабілетіне әйелдерге қарағанда аз күмәнданады. Швейцария елі 55 жастағы және осы жастан асқан әйелдердің де жұмыста қалуын қолға алды», дейді ол.
Швейцариядағы жұмыс күшіндегі гендерлік теңсіздіктің себебі – әйелдердің білімі жоқтығынан емес, бұл мемлекеттің әйелдері сапалы білім алады, бірақ мәселе – алған білімін қолдана алатын мүмкіндіктердің аздығында. Сонымен қатар үлгі тұтатын мықты әйелдердің аз болуы да – басты себептердің бірі.
Коста-Рикада да гендерлік теңдікті тежейтін ең өзекті мәселе – мәдени ерекшеліктер. Яғни халықтың сана-сезімінде қалыптасып қалған әйелдерге қатысты теріс түсініктер мен стереотиптер. Қоғам белсендісі Синтия Кастроның келтірген мысалы – қоғамда әйел міндетті түрде балалы болуы керек, ал бала тумаса, халықтың сынына ұшырайды. Коста-Рика елінде әйелдер бір аптаның ішінде үй шаруасына 37 сағат бөлсе, ерлер 15 сағатын ғана жұмсайды. Сонымен қатар көптеген мекемеде жұмысқа қабылдауда біржақтылық басым. Яғни жұмысқа үміткердің есіміне, жынысына, бет әлпетіне немесе ұлтына қарап шешім қабылдау әлі де сақталған.
АҚШ-та әйелдер ерлердің алып жатқан жалақыларының 70–80 пайызын алып отыр. Имам Хамза Юсуфтың ойынша, бұрын физикалық күш тірі қалу үшін керек болса, қазіргі заманда оның қажеттігі төмендеп, білімнің маңыздылығы артып келеді. Ер мен әйелдің тең екенін Хамза Юсуф Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) мен Хадиша ананың мысалы ретінде атап өтті. Хадиша – өз заманының мықты кәсіпкер әйелі, сол ғасырдың «CEO»-сы. Хадиша ананың көмегі Ислам дінін таратуда үлкен үлес қосқаны көп жайттан хабар береді. Қазіргі гендерлік теңсіздіктің орын алып жатқанының тағы бір себебі – адамдардың әйел мен еркектің қарым-қатынасы туралы дұрыс түсінігі болмағандығынан. Сондықтан гендерлік теңдік, оның өзектілігі туралы халықтың білімін арттыру маңызды.
Ал америкалық саясаткер Тим Райан өмірде жұмыс пен отбасына бірдей көңіл бөлу, бәріне үлгеру мүмкін емес деп ойлайды. «Өйткені кез келген адам жеке өмірі мен мансап арасында екеуінің біреуіне басымдық беруге міндетті», дейді ол. Барлық сарапшы өмірлік жар таңдауда дұрыс шешім қабылдау және үй шаруасын тең бөлу маңызды екенімен келіседі. «Алайда өз шешімімен үй шаруасына, балалардың тәрбиесіне қараймын деп жұмыс істемейтін әйелдерді кемсіту, олардың таңдауымен санаспау, келіспеу дұрыс емес. Әр адамның таңдау құқы бар және балаға да көңіл бөлу аса маңызды», дейді олар.
«Әйелдер өмірден бәрін ала ала ма?» деген шешуші сұраққа барлық сарапшы: «Егер тең мүмкіндік пен қолдау көрсететін жұбайы болса, ерлермен жарысып кетпей, өмірде дана шешім қабылдайтын болса, әйелдер өмірден бәрін ала алады» деген ортақ қорытындыға келген.
Наргиза СМАНОВА,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы