• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сенат 01 Наурыз, 2024

Кәсіпкерлік саласындағы заңнама жетілдіріледі

102 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, сенаторлар бірқатар заңды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.

Бірқатар заң мақұлданды

Отырыс барысында Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарады. Аталған заң кәсіпкерлік қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіруге және бизнесті дамытуға қолайлы жағдайлар жасау үшін әзірленді. Басты міндет бизнеске әкімшілік жүктемені азайту және негізсіз кедергілерді жою екенін атап өткен жөн. Бұған қоса, мемлекеттік бақылау мен қадағалау тәртібін реттейтін нормалар қайта қаралды.

Сенаторлар заңдағы новеллаларды концептуалды тұрғыдан қолдай отырып, оның жекелеген ережелеріне бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Сондай-ақ құжатты Мәжіліске жіберу туралы шешім қабылдап, заңды жаңа редакцияда мақұлдады. Сенат депутаттары енгізген өзгерістер заңның жекелеген нормаларын реттеуші саясаттың қағидаттары мен тәсілдеріне сәйкес келтіруге, сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган айқындайтын шекті сауда үстемесін қолдану тәртібін белгілеуге, халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарын атаулы қолдауды ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыруды іске асыру тәртібін қарастыруға және өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз етуді жетілдіруге қатысты болып отыр.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде кәсіп­керлік саласындағы заңнаманы жетілдіруде жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бүгін Палата депутаттары осы бағыттағы заңның жекелеген баптарының жаңа редакциясын мақұлдады. Енгізілген түзетулер арқылы кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңның кейбір нормалары бизнестің және қоғамның мүдделерін ескере отырып өзектендірілді. Алдағы уақытта бұл нормалар елімізде бизнеске арналған заңдарды қолдануды барынша жеңілдетуге және кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді Сенат спикері.

Сонымен қатар Палата отырысын­да «Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң қаралып, мақұлданды. Заңның нормаларына сәйкес мемлекеттер өз аумағында халықаралық су ағынын пайдаланған кезде басқа елдерге залал келтірудің алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдауға міндеттенеді.

«Бұл конвенция қатысушы елдер арасында халықаралық су ағынын оңтайлы және орнықты пайдалану шарттарын бекітеді. Сонымен қатар құжат халықаралық су ағындарының экожүйесін қорғау және сақтау жөніндегі шараларды айқындайды. Конвенцияны ратификациялау халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және көршілік қаты­настарды нығайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат депутаттары «2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық бұйымдар (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника) айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды да қарап, мақұлдады. Отырыс кезінде атап өтілгендей, құжат нормалары денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында медициналық бұйым­дардың барынша тиімді ортақ нарығын қалыптастыруға бағытталған.

 

Есірткімен күресетін арнайы мекеме қажет

Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады. Геннадий Шиповских Премьер-министр атына жасаған депутаттық сауа­лында синтетикалық есірткінің таралу проблемасы туралы айтты. Оның сөзінше, балалар мен жасөспірімдер син­тетикалық есірткінің кең таралу қаупіне ұшырайтын ең осал орта саналады. Қаскөйлер есірткіні интернет-мессенд­жерлер арқылы арзан бағамен сатады.

2021-2023 жылдар аралығында син­тетикалық есірткі заттарын таратқаны үшін 1 021 адамға қатысты қылмыс­тық іс қоз­­ғалған. Кейінгі 3 жылда синтетикалық есірт­­­кіні тәркілеу көлемі 100 кг-нан 1 тон­­­наға дейін өсті. 2021 жылы 17, 2022 жы­­лы 68 және 2023 жылы 81 есірткі зерт­хана­сы анықталған.

«Есірткі қаупіне белсенді қарсы тұру – мемлекет пен қоғамның ең маңызды міндетінің бірі. Елдегі есірткі саудасының өршуіне байланысты тікелей Президентке бағынышты арнайы есірткіге қарсы қызмет жүргізетін жеке-дара мекеме құру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Синте­ти­калық есірткіні сатуға қатысатын сайттар­дың жарнамалау фактілерінің жолын кесу жөніндегі жұмысты күшей­тіп, жарнамалаушыларды қатаң жазалау қажет. Мектеп, колледждер мен жоғарғы оқу орындарында білімгерлерге есірткіні таратудың салдары туралы түсіндіру шараларын жандандыру қажет. Жастар, әсіресе студенттер арасындағы синтетикалық есірткіні таратушылар санының өсуіне байланысты нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу маңызды», деді Г.Шиповских.

 

Сапасыз жол сан соқтырады

Шетелдік компаниялар жолдарды салып шығады, күре жолдарда жарық жоқ, қызмет көрсету нашар, ал шамадан тыс жүк тиелген ауыр көліктер асфальтта еш бақылаусыз жүреді. Сенатор Талғат Жүнісов депутаттық сауалында еліміздегі жол саласының мәселелерін көтерді.

Сенатордың айтуынша, Ақмола облысының тұрғындары мен мәслихат депу­таттары жолдардың жағдайына байланысты бірнеше рет шағым жазған көрінеді. Депутат жекелеген өңірлерде облыстық маңызы бар сапалы жолдардың үлесі әлі де 60%-ға жетпейтіні туралы деректер келтірді. Тағы бір мәселе – жол құрылысының бағасын анықтау. Шетелдік мердігерлер материалдарды төмен бағада ұсынып, конкурстарға жиі қатысады. Осыған байланысты отандық компаниялар келісімшарттан бас тартады немесе баға демпингіне бейімделуге мәжбүр болады. Бұл жолдың сапасы мен жұмыс мерзіміне теріс әсер етеді.

«Жол қозғалысының қауіпсіздігі көбіне жолдың сапасы мен жабдық­талуына, аялдама­лар мен жаяу жүргін­шілер өткел­дері­нің болуына, сондай-ақ олардың жарық­тандырылуына байланысты. Респуб­ликалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарынан тыс жердегі жолдар­дың көптеген учаскесінде жарық жоқ. Бұл тек инфрақұрылымның артта қалға­ны емес. Қаржының шын мәніндегі азды­ғын, электр энергиясы тарифінің өте жо­ғары екенін нақты айту керек. Бұл белгі­лі бір дәрежеде мәжбүрлі үнемдеу мен апаттарға және қайғылы жағдайға әкеледі. Жол бойындағы сервистік қызметке немесе оның болмауына байланысты азаматтардан үнемі шағым түсіп тұрады. Осыған байланысты, осы мәсе­лелерді кезең-кезеңімен келісе отырып, бірте-бірте шешуге кірісу қажет», деді Т.Жүнісов.

Сенатор сонымен қатар ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. Өйткені олар, әсіресе жүк көліктеріне арналмаған жолдарды бұзып кетеді. «Автожол саласындағы жобаларды іске асыруға отандық компанияларды тарту, жолдардың сапасы мен жан-жағын, әсіресе ауылдық елді мекендер мен қала маңын көркейту, оның ішінде олардың жарықтандырылуын кезең-кезеңімен көбейте беруді, сондай-ақ жол бойындағы сервисті жақсарту жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды сұраймыз. Сондай-ақ бақылауды күшейту немесе еліміздің жолдарында дөңгелек білігіне жүктеме ережесін сақтамайтын ауыр жүк машиналарының жүруіне шектеу қою маңызды», деді сенатор.

 

Конституцияға қайшы қаулы

Кеден қызметкерлері құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде еңбек сіңірген жылдары мен еңбек өтілі нормативтері бойынша қосымша зейнет­ақымен қамсыздандыру құқығынан айы­рыл­ған. Сенатор Амангелді Нұғманов депу­тат­тық сауалында бүкіл құқық қор­ғау құрылымындағы конституциялық құ­қық­­тардың бұзылуы туралы айтып берді.

«2023 жылдың 20 сәуірінде елімізде «Әлеуметтік кодекс» өмірге келген болатын және іске ену мерзімі 2023 жылдың 1 шіл­­десінен басталған. Кодекстің қол­дану көлемі өте кең, өте керекті құжат. Осы кезең­­де 2023 жылы 29 тамызда №733 Үкі­мет қаулысы қабылданды. Аталған қаулы­ның 1 ғана тармағының күшімен тұтас бір органның қызметкерлеріне зейнетке шығу уақытын тағайындап және өтілім мер­зімін санап анықтау мүмкіншілігінен айырды. Осының салдарынан «орындаушы жа­уапты мемлекеттік орган» қаулы түрінде бекітілмеді», деді сенатор.

Сенатордың айтуынша, мұндай норма бүкіл құқық қорғау органының қызмет­керлерін зейнетақымен қамсыз­дандыру құқығынан айырды, осылайша, азаматтардың конституциялық құқықтары бұзылды.

«Бұл қабылданған қаулының тар­мақ­тары азаматтардың құқығын шектей отырып, Конституцияның ең негіз­гі талаптарының орындалуына қай­шы екен­дігін дәлелдеп отыр. Құқығы бұзыл­ған мем­лекеттік органның қызметкерлері мен ардагерлерінің зейнетке шығуы мүмкіншілігін заңдастыру керек», деді А.Нұғманов.

Сондай-ақ Палата отырысында сенатор Амангелді Толамисов шетелден жоғары білікті кадрларды тарту тетіктеріне қатысты мәселені көтерді. Осыған байланысты депутат цифрлық платформа құру, салықтық жеңілдіктер белгілеу және виза алуды жеңілдету сияқты шараларға назар аударды.

Андрей Лукин ұлттық сертификаттау жүйесін техникалық реттеу және цифр­ландыру саласындағы проблемаларды атап өтті. Депутаттың айтуынша, оларды жою тұтынушыларды қауіпті және контрафактілі өнімдерден қорғайды.

Сенатор Ернұр Әйткенов өз сауалына Павлодар облысындағы шаруа­ларда тұқым сатып алуға және егістік науқанына дайындыққа қатысты туындаған қаржылық проблемаларды арқау етті. Депутат құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға қолдау көрсетуді және жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосуды ұсынды.