Шымкент қалалық опера және балет театры «Түркістан – Ұлы дала мекені» атты іссапар аясында Тасқын Жармұқаметтің «Домалақ ана» операсын алғаш рет Түркістан муызкалық драма театрында сахналады.
Жалпы 50-рет сахналанып отырған қойылымның идея авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы, композиторы – Мәдениет саласының үздігі, халықаралық байқаулардың лауреаты, Тасқын Жармұқамет. Либреттосын жазған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, қоюшы-режиссер – Михаил Панджавидзе, қоюшы-дирижер – Мәди Өмірзақов, қоюшы-суретші – Бақыт Күзембаев. Театр директоры Майра Мұхамедқызының айтуынша, қойылымды киелі қала көрермендеріне ұсынудағы бір мақсат – өңірімізге жан-жақтан келген туристерге дәстүрлі тарихи мәдениетімізді таныстыру.
«Домалақ ана» операсын сахналау егемен еліміз үшін тарихи оқиға, жаңа белес болып отыр. Қазақ тарихындағы аты аңызға айналған абыз аналарымыздың ішінде қасиетті «Домалақ ана» туралы оқиға тарихи шындығының молдығымен дараланып тұратын шығармалардың бірі екендігі сөзсіз. Аналарымызды ұлықтамай, ұлыларды дәріптемей ұлы өнерді жасадық деу артық», дейді Майра Мұхамедқызы.
Қазақ халқының өзіне тән қасиетті ана бейнесі «Домалақ ана» операсында тереңдікпен жеткізілген. Жас қыз Нұриланың ана атанып, өсиет пен рухани құндылықтарға және мейірімге толы ғұмыры арқылы ана махаббатының қуаты шынайы көрсетіліп, суреттеледі. Опера тек аналық қайсар жүрек пен қалың елге тараған кеңпейілділікті айшықтап қана қоймай, қазақ халқының тарихында маңызды оқиғалардың қозғаушысы болған Бәйдібек батырдың өз халқына деген сүйіспеншілігімен бір арнаға тоғысып, қазақ елінің мәдени көркемдігін кеңінен қамтиды. Қойылым соңында көрермен өнер ұжымына зор қошемет көрсетіп, ризашылығын білдірді.
Айта кетелік, Түркістан музыкалық драма театры наурыз айында өнерсүйер қауымға «Фариза» драмасын, «Келіндер көтерілісі» комедиясын және «Бөрте» тарихи драмасын ұсынады.
ТҮРКІСТАН