Керекудің теріскейі – аз зерттелген өңір. Заманында Алаш ардақтыларымен үзеңгілес небір тарихи тұлғалардың өмір сүргені туралы деректер соңғы уақытта үсті-үстіне табылып жатыр. Соның бірі – Тереңкөл болысын ұзақ жылдар басқарған Ілияс Жанқараұлы. Ертіс бойының арысы Қарқаралы петициясына атсалысып, Орынборда өткен жалпы қазақ съезіне құрметпен шақырылған.
Уақ руының ХІХ ғасырда өмір сүрген белді өкілі Жанқара Жантөбетовтің 4 әйелі болған. Одан 18 ұл тарайды. Алғашқы әйелінен – Аққозы, Тіленші, Байқозы, Бозғозы, екіншісінен – Малғозы, Жанғозы, Құланшы, Жақып, үшінші әйелінен – Сүлеймен, Смағұл, Ілияс, Нығман, Асайын, Құсайын, ал соңғысынан Қиялбай, Байтілі, Жантілі, Жайлаубай дүниеге келген.
1822 жылы Сібір қазақтары туралы жарғыға сәйкес Орта жүз бен Кіші жүзде хандық билік жойылып, қазақтар өз әкімшілік аумағын басқарушыларды сайлау жүйесіне көшкені мәлім. Сайлау жүйесі аға сұлтандар, округтік приказдардағы билер, болыс басқарушылары мен ауыл старшындарының лауазымдарына қатысты еді. Бастапқыда болыс басқарушылары тек төре тұқымынан болуға тиіс деген талап болғанымен, болыстықтарды құру барысында қазақ даласындағы билік тек сұлтандардың ғана қолында болмағаны, бұған дейін қара халық арасынан шыққан билер мен старшындардың да ел басқарғаны белгілі болды. Соған орай патша өкіметі сайлау жүйесінде аумақтардағы рулық ерекшелікке зейін қойды. Оның үстіне 1847 жылы Кенесары Қасымұлының көтерілісі аяусыз жанышталған соң қазақ даласында шығу тегі қарапайым әулеттен тарайтын азаматтар болыс бола бастады. Соған сәйкес мынадай қағидалар жүзеге асырылды: аға сұлтандарды тек сұлтандар, дуан заседательдерін билер мен старшындар, ал болыс басқарушыларын сұлтандардан бастап болыстықтағы беделді тұлғаларға дейін сайлай алатын.
Қазақ даласында осылайша хандық билік ыдырап, болыстықтарға бөлінгенде Жанқара ұрпақтары уақ руы арасындағы билікті қолға ала бастағаны байқалады.
Мәселен, өлкетанушы Дәурен Аяшиновтің дерегінше, Ергенекті – уақ болысы 1852 жылы Ертістің оң жағасындағы ең ірі болыс болған. Мұнда 11 ауыл, 1 632 түтін, жалпы саны 6 981 адам тұрған. Жергілікті байлардың аса ауқатты болғаны байқалады, 29 369 бас жылқы, 8 мыңнан астам сиыр, 45 мыңның үстінде қой бағылған. 1872 жылы Ергенекті-Уақ-Мұрат болысына Жанқараұлы Бозғозы болыс болып сайланады. Архив құжаттарында бұған қоса Малғозы – ауыл биі, Тіленші ауыл старшыны болғаны көрсетіледі. Бұлардың ішінде ең ұзақ болыс болып отырғаны – Бозғозы, 30 жылдан астам ел басқарған.
Ал Ілияс Жанқараұлының болыстық билігі 1886 жылдан басталып, үзбей 16 жылға жалғасқан. Егер ұрпақтары айтып жүргендей, тұлға 1844 жылы дүниеге келген болса, алғаш рет 42 жасында болыс болып сайланған. Жастайынан аса зерек, ел ісіне араласуға бейім болып өскен Ілияс Жанқараұлы Баянауылда атақты Қамаридден хазіреттен сауат ашып, 16 жасында Самарқандағы Шердор медресесіне барып оқыған. Кейін Петерборда білімін орысша жетілдірді. Ана тілінен бөлек, орыс және араб тілдерін жетік меңгерген.
Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров ұзақ жылдан бері Ілияс Жанқараұлының қайраткерлік қырын зерттеп жүрген азамат. Оның қолындағы деректерге сүйенсек, тұлға патша Николайдың таққа отыру салтанатына қазақ даласынан барған делегацияға мүше болады.
– Ертістің Павлодар өңірінің теріскейіндегі Тереңкөл ауданының атауы – тарихи атау. Кезінде бұл жерде Тереңкөл болыстығы болған. Аталған болыстықтың аумағына ол заманда қазіргі Ресейдің шекаралас аудандарының, атап айтқанда Қарасуық пен Баған өңірлері және өзіміздің Тереңкөл, Успен аудандарының басым бөлігі еніп тұрғанын тарихи деректер дәлелдеп отыр. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында осы болыстықта Ілияс Жанқараұлы қатарынан 5 мәрте болыс болып сайланып, ел басқару ісінде әділдігімен аты шығады. Жанқара байдың ұрпақтарынан болыстық арылмаған деген сөз бар. Бозқозы 30 жыл болыс болса, одан кейін Ілияс Тереңкөлде – 15 жыл, Қараобада – 6 жыл, ал ең кіші інісі Құсайын 18 жыл болыс болған. 1905 жылы ол Қарқаралы петициясын әзірлеуге белсене атсалысты. Бұл құжатты 21 болыс басқарушысы мен 21 би дайындағаны мәлім. Қыр қазақтарының жерінен айырылып бара жатқанына төзбеген Ілияс Жанқараұлы дала генерал-губернаторы өткізген жиындарға талай мәрте қатысып, халық атынан cөз сөйлеген. 1901 жылы оның кіші інісі Құсайын Тереңкөл болысы болып сайланып, Ілиястың өзі 1908 жылы Қараоба болысы болып сайланады. Ал 1909 жылы ағайындылар қажылық жасау үшін Меккеге сапар шегеді. Ол сапардан қайтып келген соң екеуі Павлодар уезі бойынша приказдық заседатель болып сайланады. Ілияс Жанқараұлы Ресей Мемлекеттік Думасына қазақ даласынан Әлихан Бөкейханды сайлау алдындағы науқанда оның атынан ел алдында сөз сөйлеушілердің құқығын иеленген әрі Семей облысынан құрметті сайлаушылар тізіміне енген екі азаматтың бірі болған. Оның Алаш қозғалысына да белсенді қатысқаны айтылады. 1917 жылы желтоқсанда Орынбор қаласында өткен жалпықазақ съезінің делегаты болған. Съезді шақырушылар Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Е.Омарұлы, С.Досжанұлы және осы съезге қатысушылардың ішінде М.Шоқай да бар еді. Сәкен Сейфуллин кейін айрықша құрметпен шақырылғандар арасында Жанқараұлын атағаны мәлім. Ілияс Жанқараұлы бұл тұста 73 жаста еді. Қартайып қалғанына қарамастан, Алаш өкіметіне материалдық тұрғыдан көп қолдау жасаған. Аталған съезді ұйымдастыру шығындарын жабу үшін өз атынан 100 жылқыны Қоянды жәрмеңкесіне айдатады. Алаш автономиясының бағдарламасы жасалғанда соңына қол қоюшылар арасында оның есімі тұр, – дейді Ербол Қайыров.
«Дала уалаяты газетінің» 1891 жылғы санында жазылғандай, сол жылы ақ патша мұрагері Николай Романов Ресей империясының қарауындағы аймақтармен танысу мақсатында қазақ даласына сапарлап келіп, Омбы қаласы мен Ертіс өзенінің жағасындағы қазақ ауылында болуды мақсат етеді. Қазақ даласының игі жақсылары ақ патша мұрагерін Омбыдан он екі шақырым жердегі Ертіс өзенінің жағалауында күтіп алады. Өзен жағасында киіз үйлерден тұратын шағын қалашық пайда болып, солардың ішінде Тереңкөл болысы Ілияс Жанқараұлы да өз отауын тіккен. Патша мұрагері Жанқараұлының көрмеге арнап безендірген киіз үйінен күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар – қару-жарақ, ыдыс-аяқ, ұлттық киім-кешек түрлері мен музыкалық аспаптарды тамашалайды. Тіпті қызықты зоологиялық коллекция – бал арасы, құмырсқа, улы қарақұрт пен жыландар, одан бөлек, тас пен қола дәуіріндегі тұтыну заттары – балта, пышақ, қайла, өзге де заттарды кезіктіреді. Қазақ халқының тұрмысына қажетті заттарды көрген патша мұрагері бұл жәдігерлер туралы кітап жазуға кеңес береді. Ұлы мәртебелі қонаққа қазақ ауылының көш-керуенінен көріністер көрсетіледі. Сәйгүліктер жарысын тамашалайды.
Патша мұрагері аттанып кеткен соң осы өлкенің генерал-губернаторы, барон Таубе сыйлы қонақты қарсы алуда белсенділік танытқан қазақтың би-болыстарын арнайы марапаттайды. Кейіннен қазақтың би-болыстары көрсеткен жәдігерлер Петербордағы мұражайға жеткізіліп, орыс жұртшылығының назарына ұсынылады. Олардың ішінде патша мұрагерімен бірге суретке түскен қазақтың би-болыстарының суреті (оның ішінде Ілияс Жанқарин де бар) Петербор музейінен орын алады. Атап өтерлігі, бұл іс-шараға Шыңғыс Уәлиханов, Сәдуақас Шорманов, Құнанбай сұлтан, Иса Бердалин және өзге де танымал қазақтар қатысқаны тарихтан мәлім. Осы ерекше оқиға туралы 1891 тарихшы Юрий Поповтың «Свет далеких имен» атты кітабында да деректер келтірілген. Романовтар әулетінің 300 жылдық мерейтойы туралы Петербордағы мемлекеттік мұражайда орын алған көне суреттердің астына жазылған жоғары шенді азаматтардың қатарында Ілияс Жанқариннің де аты-жөні көрсетілген.
Ілияс Жанқараұлының шөбересі Сәуле Мұратованың айтуынша, 1891 жылы Шыңғыс Уәлихановпен бірге бір топ қазақтың бас көтерер би-сұлтаны түскен тарихи суреттегі адам арғы атасы Ілияс екенін көнекөз қариялар мен туыстары дәлелдеп беріпті. Көпке дейін Алаш тарихын зерттеушілер суреттегі Ілиясты өзге тұлғалармен де шатастырып жүрген, мәселен, оны Паң Нұрмағамбет деп те атаған ғалымдар да болған. Кейбір еңбектерде тіпті Ілияс Жансарин немесе Шанкарин деп аталып кеткен.
– Жанқараның ұлдары өте дәулетті болған. Ағайындылардың жылқысының өзі 2 мыңнан асқан. Ал атамыз Ілияс өткізген астар мен тойларда Мұса Шорманов пен оның ұлы Сәдуақас Шорманов, ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Құнанбай Өскенбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Қазанғап Сатыбалдыұлының ұрпағы Иса Бердалин және күш алыбы Қажымұқанның арнайы мейман болып қайтқаны туралы үлкендеріміз үнемі айтып отыратын. Ілияс Жанқараұлы туралы жазылған тарихи деректер мен естеліктер неге аз дегенге келсек, отызыншы жылдары қазақ даласында жаппай орын алған саяси қуғын-сүргін кезінде қауіп-қатерді сезген ұлы (атамыз) Мұрат Ілиясов құжаттарды жойып жібереді. Бұл кезеңде Мұрат Ілиясұлы Баянауылда прокурор болып қызмет атқарған еді. Бірақ атамыз да қазақ зиялыларының басына түскен қауіп-қатерден құтылып кете алмайды. Елінен кетіп, Ресей аумағында бас сауғалап жүреді. Тектінің тұяғы 1945 жылы Кемеровода қайтыс болады, – деп естеліктермен бөлісті Сәуле Мағауияқызы.
Заманында тұлғаның Алаш өкіметін құрысуға атсалысқанын тарихи деректер растап отыр. Жоғарыда Қарқаралы петициясын әзірлеуге қатысқаны туралы әңгіме еттік. «Семипалатинский листок» газетінің 1906 жылғы 10 маусымдағы санында Жанқараұлының бұл еңбегін нақтылай түсетін мынадай деректер бар: «В Семипалатинске в помещении Народного Дома в 12 часов дня состоялось первое собрание казахов-выборщиков. Присутствовало свыше 150 человек… Начало рассуждениям положил А.Н.Букейханов, ознакомивший собрание с программой партии «Народной свободы», к которой присутствующие и постановили присоединиться. Затем говорили: казах Чингизской волости Шакарим Худайбердин… Ахмет Тышканбаев (Дегеленской волости Каркаралинского уезда) о поземельном вопросе, Ильяс Джанкарин (из Павлодарского уезда) о том же вопросе в связи с переселенческим делом, а также о воинской повинности» деп жазылған. Кейін петицияны Семейде құрылған делегация құрамында І.Жанқарин Петерборға алып барушылар қатарында болған. Бұл әрекеті үшін патша өкіметі тарапынан сенімсіз тұлғалар тізіміне енгізілгені туралы архивтік хат та сақталып қалған.
1916 жылы ол Семей округтік сотына Арын Баймұрзин, Ахмет Қайытов, Аббас Аймановтармен бірге алқабилер соты болып енеді. Ал інісі Құсайын Павлодар уездік земствосындағы делегаттар құрамына сайланды. Қазақ даласында Алашорда өкіметін құру туралы сөз қозғала бастағанда Жанқара ұлдары оны алғаш қолдағандар арасынан табылды. 1917 жылы Орынборда ІІ жалпықазақ съезі өткенде ол Павлодар уезі атынан арнайы қатысып, маңызды мәселелерді талқылауға атсалысқан. Съезд хаттамасында айтылғандай, қазақ-қырғыз автономиясын жедел түрде жариялауға Алаш қайраткерлері, атап айтқанда, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы және өзгелері алғашқыда қарсы болған. Қарсы болушы 42 адамның арасында №34 болып Ілияс Жанқараұлының есімі тұр. Бұл қарсылық – түбегейлі қарсылық емес, Түркістан зиялылары пікірін толықтырып барып қолдауға бағытталған саяси амал еді.
Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында: «Бұл телеграмда айтылған, уез басы екі ақсақал және областной комитеттен шақырған екі зиялының үстіне айрықша телеграмма беріп, мынау кісілер де шақырылды. «Ұран», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Тіршілік» газеттерінен және жаңа ашылған қауымдардан бір-бір өкілдерден.... және Илияс қажы Жанқараұлы» деп жазады.
Ілияс Жанқараұлының ауыл-аймағына, ел азаматтарына аса қамқор болғанын Алаш қайраткерлері жақсы білген. Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың білім алуына демеу көрсетсе, ұлы Мұрат Сәкен Сейфуллинмен сыйлас дос болыпты. Тереңкөл болыстығында мектеп, медреселер салуға материалдық қолдау жасаған. Нәтижесінде, төңкерістен соң кеңес өкіметі орнағанда ақсақалдың ел арасындағы бұрынғы абыройы төмендемеген. Архив құжаттарына сүйенсек, Тереңкөл аймағының арысы 1924 жылы дүние салады.
Атап өтерлігі, Жанқара ұрпағының жазғы жайлауы – қазіргі Успен ауданы, қыстауы Тереңкөлдегі Байқоныс мекені болыпты. Тұлғаның бейіті Успен аумағында жатыр. Төңірегінде Алаш ардақтысының әулет мүшелері жерленген. Өмірінің соңғы екі жылында Баян өңірінде тұрақтап, Шормановтар әулетімен тұрақты байланыста болған деген де дерек бар. Тұлғаның туғанына биыл 180 жыл толып отыр.
Павлодар облысы