• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Наурыз, 2024

Тасқынға қарсы қарекет

76 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары сулы, нулы Ақмола өңірінде ылғал тапшылығы қатты сезіліп келеді. Қара қарғаның миы қайнайтын қырық күн шілденің ыстығында ғана емес, өзге айларда да қуаңшылық белең алып жатыр. Тығырықтан шығар жол қайсы?

Қар суы – береке бастауы

Онсыз да шаруасы шатқаяқтаған ауыл шаруашылығы құрылымдарын жаз бойы көктен нәр тамбайтын қуаңшылық­тың кә­теп­ті қара нарға жүк болатын ауыр ­сал­мағы қажытып тұр. Өткен жылы соң­ғы жар­ты ғасырда бола қоймаған аптап ел­дің де, жердің де кенезесін кептіріп, өкпе­сін өшіре жаздады. Жер емген ди­қандардың ішінде дәнді дақылдар тұқы­мын алқап төсіне ерте сіңіргендер бар­мақ тістеп, өкініп қалды. Себеп – ерте көктеген егін қапырық ыстыққа шыдамай, көктеуін көктегенімен, бой салып өсе алмады. Ауыл-аймақтағы төрт түлік мал да мейірін қандырып су таппай қиналды. Ендігі амал не? Білікті мамандардың айтуына қарағанда, суармалы жер көлемін көбейтпей, ырыс мөлшері көңіл қуанта қоюы жылдан-жылға қиындап барады. Біз ескермей жатқан бір жай – көл-көсір қар суы.

– Биыл Көкше өңірінде қар сіресіп қатқан топырақтың үстіне түсті, – дейді агроном Бауыржан Молдағалиев. – Оның үстіне желтоқсан айында жаңбыр жауып, мұз қатты. Іле қар түскенімен, қаңтарда тағы да жылымық болды. Ертең қызыл су жүрген кезде тіршілік нәрі топырақтың құрамына сіңе қоймай, мұз үстімен сай-сала, өзекшелерге құйылып, бу болып ұшып кетеді. Суармалы жер көлемін ұлғайту үшін көктемгі қар суын табиғи су жолдары бар ойпаңға жинап пайдалан­са, ырыс ысырап болмас еді. Бұл мәселе­ні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын­да: «Су ресурстарының қолжетімді болуы – агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты да­муына тікелей ықпал ететін маңызды фак­тор. Ал бізде болса, су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы тек жақында ғана қабылданды. Бұл құ­жат тым ұзақ талқыланды. Ашығын айту ке­рек, жағдай өте күрделі. Мысалы, елі­міз­дегі суармалы жердің 13 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы бар. Әсі­ресе Түркістан және Қызылорда облыс­тарындағы жағдай мүшкіл, құрғақшылық қаупі аса жоғары. Соған қарамастан, осы аймақтарда тиісті жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту керек, су үнемдейтін технологияны енгізу қажет. Ахуалды жақсарту үшін батыл әрекет жасау керек», деп айтқан болатын.

Көктемгі қызыл суды жинап, ұқыпты пайдаланып отырғандар да бар. Былтыр Зеренді ауданына қарасты Бәйтерек ауылындағы «Агро шаруа ауласы» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінде болған кезімізде көргенбіз. Серіктестіктің 500 гектар егістік алқабы бар. Былтырғы қуаң­шылықтың зардабын көрген жоқ. 2015 жыл­дан бері өзге өңірлерде ескерілмей, ысырап болып жатқан қар суын пайдаланып келеді. Сәл ғана таратып айта кетелік. Шаруашылықтың агроном менед­жері Александр Матвиенконың айтуы­на қарағанда, көктемгі қар суын су қой­­­масына жинайды екен. Қоймадан электр сорғылардың көмегі арқылы жаң­бырлатқыш құрылғыға жеткізіледі. Ал­дағы уақытта су қоймасының жанынан ұңғыма қазып, көлемін көбейте түспек. Осылайша, табиғаттың сынына төтеп бе­ріп келе жатқан шаруашылық кенезесі кеп­кен даланың дидарын мөп-мөлдір сумен жібітіп келеді. Нәтижесі көзге кө­рініп тұрған соң бидай, арпа, рапс егетін алқаптарға жасанды жаңбыр жаудыратын тағы үш құрылғы сатып алған. Өзге шаруашылық басшыларына осы бір тәжі­рибе жұғысты болсын деген ниетпен суару құрылғыларын сатып алу мемлекет тарапынан субсидияланатынын айта кетсек, артықтығы болмас. Бәйтерек ауылындағы шаруашылықтың берекесін келтіріп тұрған – іс ұқыптылығы.

Облыстық төтенше жағдайлар депар­та­ментінің мәліметіне қарағанда, Цели­ноград, Аршалы, Атбасар, Сандықтау және Астрахан аудандарында қар қалың. Сәйкесінше су тасқынының қаупі жо­ғары. Ылғал да мол болмақ. Ендеше, ерте қи­мылдап, иен тегін ырыстан құр қалмасақ, кәнеки.

 

Қызыл судың жүруі – қарбаластың тууы

Дәл қазір жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай қызметі қа­уырт іске кіріскен. 14 аудан мен үш қала аумағында көктемгі су тасқынына қарсы кешенді шаруалар қолға алынып жатыр. Атап айтқанда, 2 390 метр су бұру арналары салынып, тасуы мүмкін өзендердің 1 700 метр арнасы тазартылған. Жыл са­йынғы әдет. Мемлекеттің қыруар қа­ра­жаты жұмсалып, былтыр да дәл осын­дай жұмыстар жүргізілген. Кейінгі он­да­ған жылдар ішінде көрсетілген қай­рат, жұм­салған қаражатты таразы ба­сына тартып есептесеңіз, ендігі асау өзен­дер­дің ар­насын жып-жылмағай етіп таза­лап, жа­ға­лауын алтын жалатқан бөгетпен бекі­тіп тастауға болар еді. Әнебір жылы Сан­дық­тау ауданының әкімі өзен жаға­сына то­пырақ үюге бөлінген ақшаны «жеп қо­йып», істі болғаннан кейін күдік те пай­да болған. Негізінде мамандардың айтуы­на қа­рағанда, су жағасындағы қалың қа­мыс пен әрқилы өсімдіктердің шіріндісі өзен­дер­дің табанына шөгіп қалуы себепті ағын­­ды суға көп-көрім кедергі келтіреді. Лық­­сып келген мол су өзеннің арнасына сый­­май, жағалаудан асып кететін жайы бар.

– Егер маңайында елді мекен болмаса, мұның ешқандай зияны жоқ, – дейді ел ағасы Қанағат Қапаров. – Мәселен, Есіл тасыған кезде жағалаудағы тоғайдың алаңқайларына шалғын жақсы шығады. Төңіректегі ел шөбін шауып, рақатын көреді. Биылғы қуаңшылық жылы мал азы­ғы қасқалдақтың қанындай болып кет­ті емес пе?! Тасыған су да – табысқа себеп.

Ал өзен табанына түсетін күл-қоқыс – табиғатқа адам қолымен жасалып жатқан қиянат. Өткен жылы Атбасар ауданында көктемгі су тасқыны кезінде суға батып кеткен қыруар жылқының өлексесі су табанында қалды. Кей жерлерде тұрмыстық қалдықтарды төгу оқиғалары да арагідік болса да кездесіп қалады. Міне, осындай келеңсіздік өзен арнасын тарылтпақ. Ал аршып алу – қисапсыз қиын шаруа.

Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай қызметі бірлесе отырып 18 588 метр су арнасын тереңдетіп, аласарған 8 мың метрден аса бөгендерді нығыздап бекітіпті. 58 дана су өткізу құрылғылары салынған, 2 мың шақырымнан аса жағалау биіктетілген. Осындай мақсатқа облыс бойынша 2 млрд 239 млн теңге қаражат бөлінген. Бұл қаржы – өткен жылғы көлеммен салыстырғанда 77 пайызға көп.

– Қазіргі уақытта мердігер ұйымдар­мен су тасқыны қаупі бар 10 ауданның аумағындағы 15 өзеннің бойында 20 мың метрден аса аумақта мұзды жарып ағын суға жол ашу үшін келісімшарт жасалды, – дейді облыстық Төтенше жағдай­лар департаменті бастығының уақытша міндетін атқарушы Қанат Доспаев. – Елді мекендер аумағынан 486,5 мың текше метр қар шығарылды, 236 мың тоннадан аса жанармай, 21,8 мың тонна құм және басқа да инертті материалдар, 81,7 мың бөгет қаптары әзірленді. Сілеті, Астаналық және Шағалалы тәрізді ірі су қой­малары бар. Су қоймаларындағы мөл­шер – қазір 70 пайыз шамасында.

Ендігі бір мәселе – қалың қардың құрсауы. Биыл қардың қалың түскенін жоғарыда айттық. Зеренді ауданына қа­расты Ұялы, Ақадыр, Шағалалы ауылдары қақаған қыста қарға адым жер бойы аттап шыға алмай, апталап байланыс үзі­ліп қалды. Тасжолдың бойында қар суы іркіліп жиналатын тұстарында суағардың болмауына қаншама жыл бойы бейнет шегіп келеді. Өткеннен сабақ алсақ, кәнеки. Сандықтау ауданына қарасты Арбузинка, Атбасар ауданындағы Бастау тәрізді ондаған ауыл көктемде қызыл су мол болған жылы айлап қатынас үзіліп, бейнет шегіп жатыр.

Жоғарыда айтылған біраз жайды без­бендей келе, сай-салаға сіңіп кететін қы­руар суды образға орап айтқанда, қасық­тап жинап, кәдеге жаратсақ, жаз бойы егін шаруашылығына да, төрт түлік малға да септігі тиер еді. Ал қазір көктемгі мол су буға айналып, ұшып кетіп жатыр. Береке үйірілер тұста ұқыпты, белсенді болсақ жөн емес пе?!

 

Ақмола облысы