• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Айтыс 04 Наурыз, 2024

Қанаттың төртінші жеңісі

328 рет
көрсетілді

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған күні аясында өтетін «Жам­был – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты респуб­ликалық ақындар айтысына 16 жыр жүйрігі қатысып, өзара кім мықты деген сауалға жауап іздеді. Жергілікті сегіз айтыс­кер еліміздің әр қиырынан келген жыр дүлдүлдерімен топқа түсті.

Облыс әкімдігінің қолда­уы­мен өткен жыр додасында павлодарлық Аспан­бек Шұғатаев пен жуалылық Қанат Мыр­захан бастаған жүйріктер тамаша айтыс­ көрсетіп, ұлттық өнерге шөліркеп келген жырсүйер қауымның айызын қандырды. Жамбылдық Дархан Әбдіманат, Алтынкүл Қасымбековалар да шырайлы шумақтарымен даралана білгенін айта кеткен жөн.

Жыр додасында шымыр шумақ­та­рымен көзге түскен Қанат Мырзахан бас жүлдеге лайық деп танылып, 1,5 миллион теңгеге ие болды. Павлодарлық ақын Аспанбек Шұғатаевқа жүлделі бірінші орын (1 миллион теңге) бұйырса, жамбылдық жас талант Дархан Әбдіманат екінші орын иегері атанды. Жүлделі үшінші орын Алтынкүл Қасымбекова мен белгілі айтыскер ақын Әсем Ережеқызына бұйырды.

Республикалық айтысқа қа­­тыс­қан ақын­дардың бар­­лы­ғы елеусіз қалған жоқ. Көрер­мен­дердің көңілін тапқан оралдық айтыс­кер Мейірман Шәкенов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті тағайындаған арнайы жүлдеге ие болса,­ жыр додасында өнер көрсеткен өзге ақын­дарға арнайы Алғыс­хат пен 200 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Бірнеше жыл бойы ұйымдас­тырылып келе жатқан «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысында жас талант Қанат Мырзахан тамаша өнерімен дараланып жүр. Ол осы жылды қоса есептегенде дәстүрлі жыр додасында төртінші рет жеңімпаз атанды.

 

Тараз