Қарызды несиемен жабу, азық-түлікті пайызсыз бөліп төлеумен сатып алу қалыпты жағдайға айналғалы қашан. Мұны қымбатшылық қысқан замандағы күнкөріс қамы деп ақтауға болатын шығар. Бірақ жұртқа еріп, кредитке кіріп, соңғы үлгідегі смартфон мен киім-кешекке дейін несие ресімдейтін жастар туралы не айтуға болады? Науқандық «жеңілдікке», әсіресе қалтасында көк тиыны болмаса да, көрпеге қарап көсілуді білмейтін жастар үйір. Салдарымен емес, себеппен күресу үшін жастардың бойында қаржылық сауатты қайтсек қалыптастыра аламыз?
Өткен жылғы көрсеткішті бағдарласақ, елімізде 8,4 млн адамның кредиті бар. Шамамен 1,7 млн отандасымыз несиесін төлей алмай жүр. Демек халықтың 84 пайызының банк алдында қарызы бар. Бұл – несие мәселесінің қаншалықты күрделі екенін аңғартады. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының «Ауыл жастарын дамытудың әлеуметтік-мәдени аспектілері» атты сараптамалық баяндамасында ауыл жастары арасында несие алу жоғары деңгейде екені көрсетілген.
«Сауалнамаға қатысқандардың жартысында 50,2% жабдыққа немесе жиһазға несие, бөліп төлеу (пайызсыз несие) бар. Бұл ауыл жастарының едәуір бөлігі өмірге қажетті заттарды сатып алуда материалдық қиындықтарға тап болады деген қорытындыны тағы бір рет растайды. Былайша айтқанда, әрбір екінші жас ауыл тұрғынының тұрмыстық заттарды сатып алуға қаражаты жоқ. Оған қоса респонденттердің жартысына жуығының 46,1% тұтынушылық несиесі бар. Сондай-ақ 26%-ы киімді несиеге алады. Осылайша, тұтынушылар несиелік қаражатты тек ұзақмерзімді тауарларды сатып алу үшін емес, киім сатып алу сияқты қазіргі қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін де пайдаланады. Мұндай мінез-құлық көптеген шағын және орта кәсіпкерлік субъектінің бөліп төлеуді, банктік бағдарламалар арқылы тауарларды сатып алудың әртүрлі жолын ұсынуына байланысты да болуы мүмкін», делінген баяндамада.
Киім-кешек, жиһаз, жабдықтар несиесінің болуы үй шаруашылығындағы қарыз жүктемесінің артуына әкеледі. Яғни жастар бюджетті жоспарлауға және несиені өтеу мүмкіндігін есептеуге жеткілікті көңіл бөлмейді деген сөз. Салдарынан түрлі микрокредиттік ұйымның қызметіне жүгінеді.
«Респонденттердің тек 7,9%-ы банктерде және микрокредиттік ұйымдарда ешқандай қарызы жоқ екенін атап өтті. Бұл сауалнамаға қатысушылардың оннан бір бөлігінен аз. Сұралғандардың жартысы ғана белгілі бір дәрежеде несиелерін уақтылы өтей алатынын белгілеген. Алайда 21%-ы несиелерін өтей алмайтындықтарын мойындаған. Тіпті 12%-ы ай сайынғы төлемдерді өтеу шығындарын мүлдем көтере алмайтынын хабарлаған. Бұдан ауыл жастарының қаржылық дайындығының жеткіліксіздігі немесе олардың мүмкіндіктері мен міндеттемелері туралы біле бермейтіні байқалады», деп көрсетілген «Ауыл жастарын дамытудың әлеуметтік-мәдени аспектілері» атты сараптамалық баяндамада.
Сондай-ақ құжатта жастардың 15 пайызы ғана қолма-қол ақша жинай алатыны жазылған. Жас шамасына шақсақ, 29 бен 34 жас аралығындағылар қаражатты үнемдеуге көп көңіл бөлетін көрінеді. Өйткені басым көпшілігі бұл тұста отбасын құру, ұзақмерзімді мақсаттарды жоспарлау туралы ойлана бастайды. Ал анда-санда ақша жинайтындар – 19-дан 23-ке дейінгі және 24-тен 28 жасқа дейінгі азаматтар. Сарапшылардың айтуынша, қаржылық сауат қала мен ауыл жастарында түрлі өмірлік жағдайға байланысты қалыптасады.
«Жұмыспен қамтылу және экономикалық жағдай: жастардың қаржылық еркіндігі ауылдық жердегі жұмысқа орналасу мүмкіндігіне және экономикалық жағдайға байланысты. Егер ауылда жұмыс орындары мен жұмысқа орналасу перспективалары болса, жастар қаржылық тұрақтылыққа ертерек қол жеткізе алады. Ал жоғары білім немесе кәсіби біліктілік олардың жалақысы жоғары жұмысқа орналасуына, тиісінше, қаржылай дербес болу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Ауыл жастары әдетте отбасылық өмірге ерте араласады. Яғни шаңырақтың ішкі-сыртқы шаруасына белсене араласады. Бұл да қаржылық сауаттың қалыптасуына ықпал етеді», деді әлеуметтану саласының PhD Гүлім Досанова.
Әлеуметтанушының сөзін растаған Қостанай облысының тұрғыны Меңдіғали Ошақбаев ата-анамен бірге тұратын жастарда қаржылық сауат көп жағдайда кеш қалыптасатынын алға тартты.
«Ауыл жастарында еркіндік аз. Олар ауылда ата-аналарымен бірге тұрады, олардың қаржысын бәріне ортақ бөледі. Сондықтан қаржылық тәуелсіздік 30 жастан кейін келеді. Ал қала жастары оқуға түскен кезден бастап жеке қаржылық тәуелсіздікке ие бола бастайды», деді М.Ошақбаев.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі былтыр 18-ден 63 жасқа дейінгі және одан үлкен топтардың қаржылық сауатына сауалнама жүргізген. Оған республикалық маңызы бар үш қаладан және өзге өңірлерден 3 мың адам қатысқан. Нәтижелеріне көз салсақ, 30 бен 49 жас аралығындағы респонденттердің 35,6%-ы өз ақшасын ата-аналарына сеніп тапсыратынын айтқан.
«Лимиттен жоғары шығыс жұмсалған жағдайда әрбір үшінші респондент қарыз алған (38,9%) және кредитті пайдаланған (35,9%), оның ішінде респонденттердің 12,5%-ы микрокредиттерге жүгінеді, 7,5%-ы онлайн кредит ресімдейді. Олардың төрттен бір бөлігі жеке жинақтарын пайдаланған болса (23,7%), тағы 13,1%-ы депозиттен қаражатын алған. Кейінгі екі жылда ең көп таралған қызметтер автокредиттеу (43%), зейнетақы аннуитеті (40,3%), тұтынушылық кредит (39,9%) және дебеттік карта (39,8%) болды. Болашақта депозит (38,8%), ипотека (39,4%) және онлайн кредит (39,7%) қызметтеріне сұраныс сақталады», делінген құжатта.
Бүгінде әлеуметтік желіде қаржылық сауат туралы курстар, парақшалар көп. Зерттеуде де қаржы жөніндегі білімнің негізгі көзі (48,2%) ретінде осы тетіктерді көрсетеді. Демек бұл – қоғам қажеттілігі. Әлеуметтік желілерде белсенді психолог, қаржыгер Роза Әшірбаеваның сөзінше, адамның психикасы сегіз жасына дейін қалыптасып қояды. «Яғни ата-ана балаға сол кезеңге дейін қандай сезім ұялатса, үлкен өмірге сол қалыппен қадам басады», дейді.
«Бала үйде ата-анасының ақша үшін болған әңгімесін тыңдап, ұрыс-жанжалын көріп өседі. Тіпті өзінің қолына түскен қаржыны әке-шешесінің алып қойғанына назар салады. Осылайша, балада ақша туралы бастапқы ақпарат жүйеленеді. Миында бейсаналы түрде ақпарат болады. Артынша әдет түзеледі. Сондықтан әр азамат алдымен «Қаражатты қалай жұмсаймын, бала шақтағы әсермен байланысы бар ма?» деп талдауы қажет. Қазір көп жас айлық күнкөрістің есебіне ғана өмір сүреді. Өзіне есеп жүргізбейді. Қарапайым ғана мысал келтірейін, отандастарымыздың басым бөлігі банктен несие аларда оның шарттарын мұқият оқымай, қол қоя салады. Одан қалды үйге келген төлемдерге де мән беріп қарамайды. Есесіне жаңалықтардағы «белгілі бір сома бюджеттен бөлінді» деген форматтағы ақпараттарға «халықтың ақшасы...» деп неше түрлі пікір қалдырып жатады. Негізі ақшаның айналымын білсеңіз, кез келген министрлік, әкімдік секілді мемлекеттік орган сайтына кіріп, ол қаржының қайда, қалай жұмсалып жатқанын көруге болады. Сондықтан қаржылық сауаттың азаматтың санасында мықтап бекігенін қаласаңыз, үйдегі кіріс пен шығыстың парқын бала кезден түсінген абзал», деді сарапшы.
Әлеуметтанушылардың пікірінше, азаматтардың қаржылық болашағын жақсарту үшін мемлекет, бизнес және білім беру тарапынан бірлескен іс-әрекет қажет. Әсіресе мектеп курстарын, білім беру мекемелеріндегі сабақтарды және ересек адамдарға арналған оқыту бағдарламаларын қамтитын бағдарламаларды жасақтау керек. Бұған қоса мамандар қаржы туралы пайдалы мәліметке қолжетімділікті арттыру үшін инвестицияларды қадағалап, қарызды басқаруға көмектесетін арнайы отандық қосымша ойластыруды ұсынды.