Павлодар облысы Ақтоғай ауданында жергілікті жас кәсіпкерлер Махмұт Тұрсын мен Нұрай Әлім гүл өсіретін жылыжай ашты. Олар 300 шаршы метр аумақта қызғалдақ гүлін өсіріп, алғашқы өнімін алып үлгерді. Бұл – облыстың ауылдық жерінде ашылған тұңғыш жылыжай.
Қысы суық теріскейде жылыжай ұстау оңай шаруа емес. Алты ай қыста жылудың өзіне қаншама шығын жұмсалады. Ақтоғайлық кәсіпкерлердің бастамасы бұл тұрғыдан алғанда батыл бастама ретінде танылып отыр.
Ақпан айының соңғы күндерінде қос кәсіпкер қарапайым технологиямен бапталған 100 мың түп қызғалдақтың сәтті өсіп шыққанын хабарлады. Ақ, сары, қызыл, күлгін, қызғылт, алқызыл түстес көздің жауын алатын қызғалдақтар сапа жағынан сонау Нидерланд елінен жеткізілетін гүлдерден асып түспесе, кем емес. Бастысы, мерекелерде кеңінен сұранысқа ие мұндай сәндік өсімдікті ауылдық жерде де баптап өсіруге болатынын дәлелдеді.
«Кереку Флаурс» ЖШС құрылтайшысы Махмұт Тұрсынның айтуынша, ол гүл бизнесімен біраз жылдан бері айналысып, негізінен гүлді көтерме бағадан жеткізу бизнесін жолға қойған.
«Нұрай екеуіміз қызғалдақтар елінен әкелініп жатқан өнімді өзіміздің туған жердің топырағында өсіріп көруге бел байладық. Жобаны жүзеге асыру үшін Алматы, Шымкент қалаларында өткен гүл өсірушілер форумдарына, курстарға қатыстым. Гүлді баптау технологиясын меңгердім. Менің серіктесім Нұрай – Павлодар облысы бойынша ең ірі гүл жеткізушілердің бірі. Екеуіміз бірлесіп іске асыруға уағдаластық. Жобаға 20 млн теңгедей инвестиция салынды. Мемлекеттік бағдарламаға қатыстық, бұған қоса Ақтоғай ауданының кәсіпкерлік бөлімі 1,2 млн теңге қайтарымсыз грант бөлді. Осылайша, алғашқы жылыжай кешенімізді 300 шаршы метрде орналастырып, былтыр жаздан бері біз үшін мүлде тың кәсіпті бастап кеттік. Алғашқы нәтижесі жаман болмаған сияқты», дейді Махмұт.
Жас кәсіпкер – Қараоба ауылының тумасы. Айтуынша қызғалдақ тұқымын Голландиядан алдырған. Жылыжай ішін қыста жылыту үшін жер үйлерде пайдаланылатын «ақылды пеш» пен «Вулкан» радиаторлы желдеткішін қолданыпты. Жалпы, қызғалдақ салқын климатты сүйетін өсімдік, ауа температурасы 12-14 градустан аспаса тез жайқалып шыға келеді.
«Біз барлық технологияны сақтауға тырыстық. Әуелі былтыр қараша айында тұқымды егіп, екі апта тамыр жайғанын күттік. Одан соң жылыжайдың жұмысын тоқтатып, толықтай консервация жасадық. Бұл гүлдің қажет мезгілде өніп шығуы үшін қажет еді. Қызғалдақ баданасы топырақ астында жатқанда қатты аязға аса төзімді. Суықта жетілмейді, тек қолайлы температураны күтіп жата береді. Биыл жылдың басында жылыжайды қайта жылытып, қажетті температураны реттегенде өнімдеріміз тоқтап қалған циклін әрі қарай жалғастырып, 1,5 ай ішінде толық өсіп шықты», деп түсіндірді ол.
Ақтоғайлық қызғалдақтың сабағының ұзындығы – 45-60 см аралығында, тоңазытқышта бір жарым айға дейін сақталатын қабілетке ие. Қызғалдақты жылына бір рет қана өсіруге болады, соған орай өзге уақытта жылыжайда басқа да гүлдердің жайқалып тұруы үшін кәсіпкерлер қазір бас қатырып жатыр. Әдеттегі мерекелерде ерлер қауымы көбіне раушан гүлін құп көретіні жасырын емес. Гүл бағбандары Нидерландыда өсірілетін, бірақ біздің елімізде аса танымал емес «пеон», «мелиантус», «эустома» сәндік гүлдерін әкелуді жоспарлап отыр. Оларды әуелі тәжірибе түрінде егіп, өсіріп көрмекші. Егер мүмкіндік болса, келешекте қызғалдақ баданасын өзімізде де өндіруге болады екен. Тек бұл үшін баптау әдістерін меңгеру керек.
«Әлемде гүлдің түрі өте көп. Оларды қазақ жеріне әкеліп, топырағында жерсіндіруге болады. Алғашқы 100 мың түп қызғалдағымыз ешбір химиясыз, таза топырақта өсіп шықты. Ендеше, бұл басқа да сәндік өсімдіктерді біздің жерде отырғызып көруге болатынын дәлелдеп отыр. Тек бұл үшін бізге мемлекеттің қолдауы керек. Кәсіпкерлерге арналған жеңілдікті бағдарламаларға қатыссақ дейміз. Нәтижесінде, жылыжайымызды кеңейтіп, алуан түрлі гүл егіп, жылдың он екі айында жергілікті нарықты қамтамасыз етер едік. Ауылда жұмыссыз жүрген жандарды еңбекпен қамтып, біраз адамның нәпақа табуына сеп болар едік», деп жоспарымен бөлісті Махмұт.
Атап өтерлігі, қос кәсіпкер «Кереку Флаурс» ЖШС жылыжайында өніп шыққан қызғалдақтармен еліміздің түкпір-түкпірінен түскен сұраныстың тек 20 пайызын жауып отыр. Халықаралық әйелдер күні қарсаңындағы тұтынушылар сұранысының негізгі бөлігін бәрібір импорт қызғалдақтар құрамақ. Сондықтан керекулік гүл бизнесінің келешегі зор деп сеніммен айтуға болар.
Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арыновтың айтуынша, мұндай кәсіпорындар өңір экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Серіктестік жылыжайды құру арқылы ауылда жаңадан 10 жұмыс орнын ашса, қазіргі маусымдық жұмыстарға қосымша 10 адамды тағы тартып отыр.
Павлодар облысы,
Ақтоғай ауданы,
Қараоба ауылы