«Бұрын, бұрын, бұрында бір шал болыпты. Жел соқса, домалай жөнеледі екен. Содан соң оған Қаңбақ шал деген ат қойылыпты». «Қаңбақ шал» ертегісі қойнына алақұйын мағына жасырған құнды қазынадай. Шын мәнінде, ертегі бүгінгі қоғам бедеріндегі жел қайда тұрса, сонда ұшатын қаңбақ адамдардың прототипін жасағандай.
«Адамның ойы ұзын, ғұмыры қысқа, қысқалықта жазылды үшбу қисса» деген Шаһмаран жырында. Адамды салмақсыздықтан құтқарып, бойына мән дарытатын алып күш – ұлттық иммунитет. Ал ұлттық иммунитеттің қайнар көзі – ертегілер, жыр-дастандар, фольклор, тұшымды мәдениет үлгілері...
Кенесары ханнан кейінгі ұлт-азаттық көтеріліс жүгі қалам иелеріне көшіпті. Шоқан, Ыбырай, Абай бастаған салқар көш ұлттық биікке шығып, рухани балалар жаратыпты. Күші мен саны өзі тұрғылас көршілерден кем емес, бірақ ғылымы кем халықтың кеудесіне шырақ жағып, кемелдікке сүйрепті.
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың».
Бақсақ, қазақ әлі күнге жақсы мен жаманды айыратын күштен кенде қалып отыр. Әйтпегенде, азат таңда, тәуелсіздік туы астында балаларын өзге тілде оқытып, басқа тілде шүйіркелесер отбасылар саны артар ма еді? Ұлттық деңгейге жете алмай, жеке бас мерейін көксеген «зиялы қауым» өкілдері молаяр ма еді? Алаш ортасынан бой көтерген азаматтың әрбірі өзін ұлт ертеңі үшін жауапты сезініп, аз күліп, аз ұйықтап еді. Қазір сол міндетті атқарар тұлғалар азат таңның сәулесін малданып, барлық рухани күрестің шыңына шыққандай еркін сайран салуы қалай? Немесе бір күндік атақ пен бір күндік мақтанға желігіп, жекен суын желкесіне бұруды қалайтын тар түсінікті қалай түсінеміз?
Расына келсек, қазіргі жастардың ұлттық иммунитеті солғын. Түркияға барып оқыса, түрік мінезін жамылып, арабқа барса, араб интонациясымен сөйлеп, Америка асса, ұлтына қайта келіп еңбек етуді мақсұт тұтпайтын тамырсыз жастар етек алуда. Қоғамда жаппай көрініс тапқан діни ахуал да – ұлттық иммунитеттің төмендігінің, кемшіндігінің айғағы. Әу баста дін әркімнің ішкі амалы, ал елге пайда тигізу, жұрт үшін жан беру басты міндет саналған еді. «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл, ақ жолдан айнымай, ар сақта – оны біл!» деген ұранның жетегінде едік. Қазір діннен өзгені мұрат тұтпайтын шалағай топтар шаршы топты жарып, сөз алғанын да көрдік. Жас буынды елдің келешек рухани сардарын көргендей қуана қарсы алу орнына, өзіне рухани қарсылас тапқандай шоршып қараған шикі ағаларды да байқадық. Сырқат санадан шыққан кеселді пікірін кемеңгерше көсіле сөйлеп, кейінгілерді өзімен бірге адастырып жүрген желікпелікті де аңғардық. Міне, осы дерттердің түбірінде ұлттық иммунитеттің жетіспеуі, әрісі ұлттық деңгейге шыға алмау, ұлттық сананың кемдігі жатыр.
Түркияда мектепте оқыған әр жас оқуға тиіс әдеби кітаптар тізімі жүктелетіні жайлы деректер бар. Мектеп бітірерде сол кітаптарды дұрыс игеруден алған бағасы келешек жұмысқа тұруына да тікелей әсер ететін көрінеді. Бізге де осы дүние енгізіліп, мектеп оқушыларының әрбірі мектеп соңына дейін 50 кітап оқуға міндеттелсе әрі кітаптар тізімінде Қобыланды жырынан бастап ауыз әдебиеті мұралары кеңінен қамтылса, қазақ жастары ұлттық иммунитетке тойған қозыдай тереңірек сусындап шығары анық. Қордалы рухани азық арқылы үлкен өмірге қоңыраулы күміс қанатпен ұшып азбай жүрері, адал сөйлері де сөзсіз.
«Тағы шұбар бұлқынды,
Үстінде бала жұлқынды,
Қамалап тұрған қалмаққа,
Жалғыз бала ұмтылды.
Енді қалмақ сасады,
Біріне бірі қарамай,
Бет бетімен қашады».
Міне, рух семсерін жарқылдатар мұндай жігерлі жолдар баланың, бозбала-ұланның асқақ Отаны үшін жауапты екенін, сол Отан үшін жан қию мұрат екенін кеудесіне қаттайды. Бабадан дарыған ұлттық генефонды түбірлі дараққа шағылысу арқылы дүркірей оянып, тік жүріп, тік қарайтыны күмәнсіз.
«Әрбір адам «Әлем мен үшін жаралды!» деп айтуға тиіс» деп жазылыпты Талмудта. Қайсыбір қазақ баласының елдік иммунитетін берік күзетсек, сол жолда еңбек сіңірсек, бұл – ғажайыптың басы, мұраттың үлкені болмақ.