Жыл басынан бері Қызылорда облысында мектеп оқушылары арасындағы төбелестен 2 баланың өмірі қиылды. Әуелгісі қаңтар айында Сырдария ауданындағы Аманкелді ауылында болды. Арада ай өткенде дәл осындай жағдай Қызылорда қаласының іргесіндегі Белкөл кентінде қайталанды. Бұл жолғы құрбан – кенттегі № 189 орта мектептің 9-сынып оқушысы. Он бірінші ақпан күні түс ауа сабақтан шыққан бала үйіне жете алмай қалды. Өзінен бір сынып жоғары оқитын баладан алған соққыдан көпқабатты үй алдында үзілген 16 жасар бозбала өлімінің себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалып, 12 ақпанда ҚР ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыдан кейін айдың-күннің аманында бала өліміне жол берген мектеп басшылары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қызметінен босатылды.
Айналасы 1-2 айдың ішінде мектептерде болған басқа да жан шошытарлық жағдайлар сан жыл бойы білім мен тәрбие сапасына жеткілікті көңіл бөлінбегенін аңғартып отыр. Қазіргі білім басқармасының басшылығы жауырды жаба тоқитын ескі әдеттен аулақ екенін бірден байқатты. Қандай жағдайда да ел алдына шығып, мәселенің мән-жайын түсіндіріп, көп жылдан бері қордаланған келеңсіздікке кесе-көлденең тұратын амал іздейді.
Білім беру ұйымдарындағы жүргізілген зерделеу мектептердегі тәрбие саласына дер кезінде мән бермеудің зардабы зор болатынын көрсетіп отыр. Жаңағы оқиғалардан кейін білім басқармасы тарапынан құрылған жұмыс тобы оқушылар арасында сауалнама жүргізіпті. Шәкірттер жауабынан кей оқушылардың мектепті ұнатпайтындығы анықталған. Әке-шешесімен қарым-қатынасы қиындап бара жатқанын көрсеткендер де кездесіпті, 29 оқушы мектепте электронды темекі пайдаланушылар бар екенін белгілесе, 2 бала мектеп әжетханасында қолайсыз жағдайлардың орын алатынын көрсеткен. Он алты оқушы мектепте буллинг пен әлімжеттілік орын алатынын жасырмапты. Он шәкірт ақша сұрау, бопсалаудың кездесетінін жазыпты.
Бұрын-соңды мектеп директоры қызметінен босатылғандардың қайта тағайындалуы, мектеп басшысының тәрбие жөніндегі орынбасарларының лауазымдық міндеттерін талапқа сай атқармауы, педагог-психолог, әлеуметтік педагог, сынып жетекшілерінің өзара қызметтік байланысының әлсіздігі, ата-аналармен қарым-қатынастың жоқтығы осындай жағдайға әкеліп соқтырып отыр.
– Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылғы наурызда мектепішілік есепке алуды жүргізудің ережесін бекіткен болатын. Бірақ білім ошақтары, дәлірегінде олардың басшылары осы ережеге сәйкес жұмыстарды өз дәрежесінде жүргізбей отыр. Мысалы, қазір 180 мыңнан астам баланың 324-і немесе 0,2%-ы ғана мектеп есебіне алынған. Директорлардың мектеп есебіндегі бала көбейсе, тәртіптік жауапкершілікке тартыламыз деген оймен құқық бұзушылыққа бейімдерді әдейі тіркемейтіні анық көзге ұрып тұр, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов.
Облыстық білім басқармасы тарапынан мектеп басшылары тәрбие саласы бойынша қызметке қабылдаған мамандарының сапалық құрамына талдау жасалған. Аймақтағы 397 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының 218-і лауазымы бойынша санаты жоқ мамандар болып шықты. Тағы 88-і біліктілік талабына сәйкес келмей тұр. Мектептерде 7698 педагог сыныпқа жетекшілік жасаса, оның 2177-і модератор және 1440-ының санаты жоқ. Сынып жетекшілерінің тең жартысы тәжірибесі толыспаған жастар. Талдау 284 әлеуметтік педагогтің 161-де лауазымы бойынша санаты жоқтығын анықтап отыр. Мектеп және колледждердегі 487 психологтің тең жартысы осындай жағдайда. Олардың біразының жеке кабинеті жоқ, жалпы психологтердің 39 пайызы сырттай білім алғандар. Осыдан кейін «білім ошақтарында жиі қайталанып кеткен оқыс оқиғалардың түп-төркіні мектеп директорларының тәрбие саласына деген салғырт көзқарасынан басталып тұрған жоқ па екен?» деген сауал туындайды.
– Оны айтасыз, тәрбие мамандарына біліктілік арттыру курстары жүргізілмеген, оларға сала бойынша әдістемелік көмектер берілмеген. Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында салаға қатысты жоспарлау отырыстары өткізілмеген. Осыдан да білім мекемелерінде тәрбие жоспарлары 5-10 жыл бұрын қабылданып, бүгінгі күні мәнін жоғалтып, күші жойылған нормативтік актілерді басшылыққа алып жасалып келген, – дейді басқарма басшысы.
Саладағы мәселелер жыл басында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, құзырлы орган өкілдері, педагогтер мен зиялы қауым өкілдері қатысқан «Білімді ұрпақ. Адал адам. Өркениетті қоғам» атты кеңейтілген мәжілісте кеңінен талқыланған. Онда білім мен тәрбие, мұғалімдер мен ата-ана жауапкершілігінің түйінді тұстары ашық айтылып, оларды болдырмау бағытында ұсыныс-пікірлер ортаға салынған. Білім мен тәрбие сапасын оңтайландыру бағытында аймақ басшысының қолдауымен «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығы ашылып, қазір облыс көлеміндегі барлық мектеп пен колледждерге әдістемелік көмек көрсетіп, семинарлар мен кездесулер өткізіліп жатыр. Алда өңірдің барлық елді мекеніндегі клубтар мен мәдениет үйлерінде отаншылдық және мемлекетшілдікке, патриоттыққа тәрбиелейтін «Адал адам» рухани-тәрбие орталығы ашылып, мектеп оқушылары осы бағыттағы іс-шараларға қатыса бастайды.
Тәрбие тінін қалыптастырудағы көп мәселе мектеп психологтерінің кәсіби деңгейіне қатысты болып отыр. Психолог қызмет арқылы баланың мінез-құлқындағы өзгерісін дер кезінде анықтаудың маңызы зор. Бұл ретте облыста ашылған «Облыстық психологиялық қолдау орталығы» білім беру ұйымдары психологтеріне әдістемелік көмек көрсетіп, орын алған олқылықтарды оңалтуға әсер етпек.
Мектепте тәрбиеге жауапты мамандардың көбі сынып сағатын тек әлеуметтік желіге жүктеу үшін ғана өткізетіні жасырын емес. Баламен, оны әке-шешесімен тікелей байланыс әлдеқашан ұмыт қалған.
– Мектеп директорлары мен орынбасарын орнынан алғанымызда біраз жұрт әлеуметтік желі арқылы наразылығын білдіріп жатты. Бірақ солардың салғырттығынан бір үйдің алақанға салып аялап отырған перзенті көз жұмып, келешегі қиылып отыр ғой. Қол жұмсап қатарласын майып қылған баланың да болашағы қалай боларын кім біледі. Сондықтан да талап үдесінен шыға алмаған басшыларға қатысты осындай шешім қабылдадық. Біз үшін мың немесе бес жүз баланың тағдырынан бір директордың тағдыры артық емес. Олар қызметінен түскенімен де мұғалім ретінде жұмысын жалғастыра алады. Ал үміті сөнген шаңырақтың шырағын кім жағады? «Тәрбие – тал бесіктен» десек те, баланың өзін үйінде әке-шешесі, санасын мектепте мұғалімі оятатынын ұмытпауымыз керек, – дейді Асқарбек Есжанов.
Осы күні білім басқармасы, прокуратура мен полиция департаменті бірлесіп, жол картасын әзірлеу үстінде. Ендігі жұмыс осы құжатта қамтылған іс-шаралар негізінде жүзеге асады.
Қызылорда