Кезінде аудан орталығы болған Жезді кенті біршама қиыншылықты бастан өткерді. Дегенмен кейінгі уақытта кентке көзқарас өзгере бастады. Қазір мұнда қытайлық кәсіпкерлермен бірге жаңа өндіріс орындарын ашу жоспарланып отыр.
Жергілікті билік тарапынан да мұндағы халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында нақты іс-шаралардың жүзеге аса бастағаны да байқалады. Айталық, жуырда кенттегі алты отбасына жаңа да жайлы үйлердің кілті тапсырылды.
– Әрқайсысының құны 32 млн теңге құрайтын алты үйдің құрылысына аудандық бюджеттен 192 млн теңге қарастырылған болатын. Үш пәтер кентімізге Түркістан облысынан қоныс аударып келген жас мұғалімдердің отбасыларына, қалған үшеуі бюджеттік сала қызметкерлеріне берілді, – дейді кент әкімі Мұратбек Жұмабеков.
Үйлер осы заманғы талаптарға сай етіп салынған. Кенттегі тұрмысқа қолайлы, жанға жайлы үйлер қатары алдағы уақытта да көбейе бергей.
Ұлытау облысы,
Жезді кенті