1986 жылы Алматыда болған Желтоқсан оқиғасының тағы бір қаһарманы ақталды. Жақында Алматы қалалық прокуратурасы Қазақстан Республикасының 1993 жылдың 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заңы негізінде Гүлзада Нәбиқызы Қалелованы саяси қуғын-сүргін құрбаны деп таныды. Гүлзада Қалелова деген кім? Неге бұл қыз туралы осы кезге дейін білмей келдік? Оқырманның көкейінде осындай сауал тұрғаны анық. Бәрін басынан бастайық.
Жасын ғұмыр
Гүлзада Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ілбішін ауылында 1969 жылы 21 мамырда дүниеге келген. Отбасында Гүлзададан кейін екі ұл – 1972 жылғы Серік пен 1975 жылғы Мереке болған. Әкесі Нәби 1939 жылы, анасы Қалампыр 1940 жылы туған, ауылдағы қарапайым қызметкер болыпты. Гүлзада отбасының тұңғышы, елгезек, сабаққа алғыр болған. Көзінің үстінде меңі болғандықтан ағайындары Гүлзаданы «Меңсұлу» деп атап кеткен екен. 1984 жылы ауыл мектебінен сегізінші сыныпты бітіріп, 15 жасында Алматыға аттанады. Өз қалауымен кинотехникумға оқуға түседі. Жатақханада тұрады. Гүлзада техникумда өз тобының старостасы болған. Ата-анасы Алматыға, қызына жыл сайын барып тұрған, бірге түскен фотолары сақталған. 1986 жылдың желтоқсанына дейін еш жаманат хабар болмаған.
«Әкем бірбеткей адам еді. Өз дегенімен жүретін. Гүлзада 8-сыныпты бітірер кезде газеттен Алматыдағы кинотехникумға оқуға шақырған хабарландыруды көріп, «мен сол оқуға барамын» деп шешіпті. Әкем қызының қалауына қарсы шықты, қаршадай қыз баланың алысқа кетуін қаламады. Бірақ өжет қыз ақыры әкемді көндірді», дейді інісі Мереке.
Гүлзада туралы ең алғаш біліп, жарияға шығаруға көп еңбек еткен ауыл мұғалімі Алдаберген Сәрсековтің айтуынша, Қалеловтар отбасына ең алғаш суық хабар 1986 жылдың соңында келген. Гүлзаданың кураторынан «Сіздің қызыңыздың тәрбиесі нашар, бұзақы, бұзақыларға ілесіп, қылмыстық әрекеттер жасады» деген мағынада хат алған. Ата-анасы алаңдап, қызына бірнеше хат жазған, елге қайтуын сұраған. Бірақ еш хабар ала алмаған, телефонмен де тілдесе алмаған. Көп кешікпей ақпан айының ішінде бірінен соң бірі екі жеделхат келеді. Екеуі де Алматыдан. Біріншісінде: «Қызыңыз ауырып қалды, келіңдер» десе, екіншісінде: «Қызыңыз қайтыс болды» деп жазылған екен.
Мереке Нәбиұлының айтуынша, Гүлзада желтоқсан күндері өте белсенді болып, өз тобын, студенттерді бастап шыққан. Жарақат та алған. Содан кейін тергеу орындарынан қашып жүрген, өз бетімен емделген. Бір қызығы, Гүлзаданың 1987 жылы 4 қаңтарда Орал қаласында оқитын немере сіңлісі Нұргүлге жазған хаты сақталған. «Менің халім жақсы. Денсаулығым да жаман емес. Бәрі де ойдағыдай өтіп жатыр. Алматыда қазір күн жылы. Жаңа жылды қарсыз қарсы алдық. Қалада қар жоқ, жауып, тез еріп кетеді. Ауылдан хат алып тұрам. Папамдар да хат жазып тұрады... Сені қатты сағынып қалдым. Хат жазып тұр» дейді батыр қыз. Желтоқсандағы оқиға, жарақат, қуғын туралы бірауыз сөз жоқ. Тек тұспал, ым ғана сезілетіндей...
Інісінің айтуынша, Гүлзаданы ақпанның 5-іне қараған таңда ұстаған. «Апам қарсыласты ма екен, әлде сол кезде қаны қарайған жендеттердің қолы қатты тиді ме, шүйдесінен сапер күрегімен қатты соққы алған секілді. Бас сүйегі сынып, миына зақым келген. Содан ауруханада қайтыс болған.
Ашып айтылмаса да оқыс, түсініксіз оқиға болғаны анық еді. Әкесі Нәби жыларман күйде: «Құдай-ау, қыз бала қандай тәртіпсіздік жасауы мүмкін» деп, үйге кіріп-шығып аласұрғанмен, одан басқаға дәрмені жоқ. Сүйекті алып келуге әкесімен бірге Алматыға ауылдағы мектеп директоры Мәуленбай Бақтығұлов пен күйеу баласы Мұрат Тілепов барған. Мырыш табыттағы мәйітті Орал қаласына ұшақпен жеткізген, әуежайда Ілбішін совхозының директоры жіберген көлік күтіп тұрған. Осылайша, Гүлзаданың мәйітін жедел ауылға әкеліп, Қабыл ауылының жанындағы зиратқа жерлеген.
Айтпақшы, жерлер алдында анасы «қызымның маңдайынан бір иіскейін» деп, тыйым салынғанына қарамастан, табытты аштырған. Темір қораптың ішінде қызыл матамен қапталған ағаш табыт болыпты. Марқұмның басы ақ дәкемен шандып байланған екен. Немере ағасы Аян Қалелов Гүлзаданың басын сәл көтермек болып қолын сұққанда, шүйде тұсындағы сүйек мүлдем жоқ, мақтадай былқылдап жатыпты. Бірақ қайғыдан қан жұтқан анасы одан әрі уайымдамасын деп барынша білдірмеген...
Кейінгі қуғын
«Сол 1987 жылы наурыз айында түнгі 11-12-лер шамасында үйге үш адам келді. Мен 11-де, ағам 13-те болатын. Бәрі есімде. Келгендердің бірі қазақ екен, екеуі славян нәсілді. Әкемді аулаға алып шықты. Қараңғы уақыт қой. Әлгі қазақ анамды балаларымен бірге жібермей тұрды, қалған екеуі әкемді сабап тастады. Әңгімеден ұққаным: «Мырыш табытты неге ашасыңдар? Сенің қызың бұзақы, маскүнем, жеңіл жүрісті. Совет үкіметіне қарсы шыққан. Егер осыдан ләм деп ауыздарыңды ашатын болсаңдар, жақсылық күтпеңдер! Ондай қызың болғанын ұмытыңдар!». Бұл – Мереке Нәбиұлының естелігі.
Бұл «қонақтар» кетерінде үйдегі Гүлзаданың туу туралы куәлігін, басқа да құжаттарды алып кеткен. Осыдан кейін Қалеловтер отбасына араға 2-3 ай салып белгісіз адамдар келіп, түрлі сұраққа алып отырған.
«Жалғыз қызының қайғысы әкеме де, шешеме де қатты тиді. Әкем 1994 жылы 55 жасында өмірден өтті. «Белгісіз адамдар» енді анамды мазалай бастады. 1997 жылы ауылдан Оралға көшіп кеттік. 2003 жылы 1 қараша – менің туған күнім еді. Дәл осы күні Оралдың №5 маршруттағы автобусында анам жүрек талмасы ұстап қайтыс болды», дейді Мереке.
Алғашқы із
1997 жылдың қазан айы еді. 1930-жылдардағы саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау жөнінде жұмыс басталып, бұл іске арнаулы органдардың өзі ықыласты кезі болатын. Ақжайық ауданы әкімінің аппаратында жауапты қызметте жүрген Алдаберген Сәрсеков пен аудандық газет редакторы Болат Есқалиевке арнайы тапсырма беріледі. Ол тапсырма – Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық басқармасының мұрағатынан 1930-жылдары сталиндік репрессия, ұшыраған Ақжайық тұлғаларының ісімен танысып, ақтауға ұсыну, мақала жазу болатын.
– Бізге бір топ көне папканы дайындап қойған екен. Оларды қарап отырып, сырты жаңа бумаға тап болдым. Ішін ашып қарасам, Гүлзада Қалелованың желтоқсан оқиғасынан кейін ұсталғаны, тергеушіге берген жауабы екен. Біздің ауданнан, Ілбішін ауылынан екенін көрген соң жалма-жан қажетті тұстарын көшіріп алдым. Ел тәуелсіздігі жолында қыршын кеткендердің қатарында жерлес қарындасымыз болғанын біліп, жүрегім елжіреп кетті. Алайда мұрағаттан шығарда есік алдында отырған кезекші «мұны алуға болмайды» деп, Гүлзадаға қатысты жазғанымның бәрін сыпырып алып қалды, – дейді Алдаберген Сәрсеков.
Осы оқиғадан кейін Гүлзада Қалелованың бірден-бір жоқтаушысы – Алдаберген Сәрсеков болғанын айту керек. Алғаш рет Гүлзаданың үйін іздеп барып, Қалампыр анамен жолыққанда, қаһарман қыздың анасы жүрегі жарыла қуаныпты. Бірақ қуануға ерте екен. Гүлзада туралы жергілікті басылымдарға қанша мақала жазылды, ресми орындарға қанша сұрау салынды – еш нәтиже жоқ. «Мұндай адам туралы еш мәлімет жоқ» деген жауап келеді. Желтоқсан оқиғасын зерттеген комиссиялар құжаттары, жарияланған тізімдер, ғылыми-зерттеу еңбектері – бірінде Гүлзада Қалелова туралы дерек жоқ.
Бір қызығы, баспасөзде, әлеуметтік желіде Гүлзада Қалелова туралы сұрау салынған сайын Қалеловтардан қалған жалғыз тұяқ – Мереке Нәбиұлын «белгісіз адамдар» мазалайды екен. Бұл кезде ағасы Серік те дүниеден өткен еді. «Менің Гүлзада туралы шығып жатқан ақпаратқа қатысым жоқ, ешкімге арызданған емеспін» деп шыр-пыр болған Мереке 2008 жылы Астана қаласына, 2017 жылы Көкшетау облысына қоныс аударады. Осылайша, Гүлзада туралы ешкімге тіс жармай, телефон нөмірін жылына 10-15 мәрте ауыстырып, томаға-тұйық ғұмыр кешеді...
Қаңтардан соң
Алдаберген Сәрсековтен сұхбат алып, «Aqjaiyq» телеарнасында «Тарихтан тағылым» хабарының 2021 жылғы бір санын Гүлзада Қалеловаға арнаған белгілі журналист Мұнайдар Балмолда да хабар эфирге шығар алдында белгісіз адамдар хабарласып, «Гүлзада туралы еш ақпарат шығармауды желтоқсаншылардың атынан өтінгенін» айтады.
Қаһарман қыздың есімін жаңғырту ісіне келесі серпін берген – желтоқсаншылардың өздері болды. Сол 2021 жылы оралдық желтоқсаншылар Дәдем ата – Жұмағазы хазірет зияратында бас қосып, Желтоқсан құрбандарына дұға бағыштап, ас берді. «Батыс Желтоқсан» қоғамдық бірлестігін құру идеясы көтерілді.
– Оралдық Ережолла Орынғалиев деген желтоқсаншы досым Гүлзада Қалелова туралы айтып, осы қызды ақтау жөнінде көмек сұрады. Бұдан бұрын да осындай мәселемен айналысып, архив ақтарған тәжірибеміз бар еді. Іске кірістік. Ол оқыған кинотехникум бұрынғы орнынан көшіп кеткен, архив жойылған. Прокуратураның есігін тоздырдық. Алматының Медеу аудандық АХАЖ бөлімі Гүлзада Халелованың қайтыс болғаны туралы акт көшірмесін 2023 жылы ақпан айында берді, бірақ ол құжатта «өлім себебі» деген жол бос тұрды. Кейін талап етіп жүріп өлімнің себебі «мидың зақымданып, езілуінен» деген анықтама алдық. Бұдан кейін желтоқсан қатысушыларының фотосуреттері арасынан Гүлзаданың бейнесін тауып, оның басқа фотоларымен салыстыра сараптама жасаттық. Осының бәріне үш жылдай уақыт кетті. Бұл тек жалғыз адамның емес, бірлестік құрамындағы барша желтоқсаншының ұйымшылдығы мен талапшылдығының нәтижесінде мүмкін болды, – дейді «Сол ақиқат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсембай Сайфолдаұлы.
– Гүлзаданың ісі орнынан қозғалып, оң нәтижеге қол жетуіне Қаңтар оқиғасы да әсер еткен сияқты, – дейді інісі Мереке. Бір қызығы, 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін, дәлірек айтсақ 21 қаңтарда сағат 15.00-шамасында Көкшетау облысына қарасты Зеренді ауданының Приречный ауылында тұратын Мереке Нәбиевті іздеп, екі адам барған. «Қаңтар оқиғасына қатысыңыз бар ма?» деп сұраған. Өзінің, келіншегінің телефонын тексерген. Бұл жерде қай уақыттан бері тұратынын, немен айналысатынын тәптіштеп сұраған. «Тағы да түсініксіз қудалау басталды ма?» деп уайымдаған Мереке осыдан кейін журналистер, желтоқсаншылар тарапынан да Гүлзада туралы хабарласып, сұрау салу көбейгенін айтады.
– Өзім жақсы танитын жанашыр адамдар да хабарласып, ештеңеден қорықпауымды, Гүлзада туралы барлық ақиқатты журналист, тарихшыларға айтуымды сұрады. Қаңтардан кейінгі өзгерістерді көріп, өзім де ғажайыпқа сене бастағандаймын. 37 жылдан кейін анамның аманаты, өмір бойғы арманы орындалып, Гүлзаданың есімі ақталғанын естігенде жүрегім жарыла жаздады. Осы оқиға түсім сияқты, әлі де сенер-сенбесімді білмеймін, – дейді айтулы оқиға тұсында туған жеріне арнайы келген Мереке Нәбиұлы.
P.S. Гүлзада Қалелованың ақталып, саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде танылғаны туралы сүйінші хабар – анықтаманы қаһарман қыздың туған жеріне жеткізген бір топ алматылық желтоқсаншы Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданындағы Ақжол ауылдық округіне қарасты Қабыл ауылында болып, марқұмның қабірін зиярат етті. Қыршын кеткен қыздың туған жерінде өткен іс-шараға Ақжайық ауданы әкімі Мұрат Сердалин, «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенбай Сейфолда, «Батыс-Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Күнзила Мақсұтова, «Тәуелсіздік-1986-Желтоқсан» қоғамдық ұйымының құрылтайшысы Ақкүміс Ихласова, «Patriot 1986» қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Ережолла Орынғалиев және басқалары қатысты. Орал қаласындағы Достық сарайында өткен «Оралға оралмаған ару қыз» атты дөңгелек үстел мәжілісінде батыр қызды ұлықтау, есімін ел жадында жаңғырту жөнінде ұсыныс-пікірлер айтылды. Ең бастысы, Гүлзада Қалелова ақталды!
Батыс Қазақстан облысы