Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозиция залында қазақтың тұңғыш кәсіби суретшісі, ұлттық бейнелеу өнерінің негізін салған қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына арналған көрме ашылды.
Салтанатты іс-шараға облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов, мәдениет саласының қызметкерлері, өңірге белгілі суретшілер мен өнер сыншылары, студенттер мен оқушылар қатысты.
«Әбілхан Қастеев – артына түрлі жанрдағы көптеген картиналарды мұра етіп қалдырған біртуар дарын иесі. Бұл картиналардың біразы Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайының алтын қорында сақтаулы тұр. Суретшінің шығармашылық қорында портрет жанры маңызды орын алады. Әбілхан Қастеев 1944 жылы халық қаһарманы Амангелді Имановтың портретін салған. Деректерде қылқалам шеберінің халық батырының портретін салуға ұзақ дайындалғаны айтылады. Амангелді бейнесін барынша дәл ұқсату мақсатында суретші Торғай өңіріне арнайы келіп, батырдың туыстарымен, көзін көрген қариялармен әңгімелесіп, көпшіліктің суреттеуі бойынша батыр портретінің бірнеше нобайын жасап шығарады. Бірақ алдарыңызда тұрған көлемді портретті тек 1944 жылы салған. Кейін Амангелдінің көзін көргендер дайын портреттегі Амангелді бейнесін көріп, «қалай дәл айнытпай салған» деп қатты таңғалған деседі. Аталған туындысы үшін Әбілхан Қастеевке Халық суретшісі атағы берілді», дейді музей басшысы Гүлжан Меңдікенова.
Музей қызметкерлерінің айтуынша, Ә.Қастеев 1916 жылғы Торғай көтерілісі тақырыбына 20 жылдай уақытын сарп еткен. Көрмеден қылқалам шеберінің әлемге әйгілі туындыларымен қатар, «Амангелді Имановтың отряды жорықта» атты көлемді кескіндемесі мен Амангелді сарбадарының портреттерін де көруге болады.
Қостанай облысы