Генерал және лампас – лауазым-шеннің биігінде жарқыраған алмас. Қазақстан тарихында бұрын-соңды белдемше киген генерал болмаған. Алдаспан ердің сойына ғана жарасқан генерал шенін қызмет сатысымен өрлегендердің ішінде ірілігі екшелген ілуде біреудің болмаса жаратылысы нәзік әйелдер қауымы арасынан жарып шығып, уысында ұстап, ұлықталғаны жоқ еді. Қақпасы тарс бекітулі, қойнауы жұмбақ бұл әлем әйелге келгенде ашылмайтын. Қоғамда қалыптасқан сірескен сең секілді түсінік, шамасы, он жыл бұрын шытынап түсіп, күл болды.
Прокуратура саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен білікті офицер, Сенаттың экс-депутаты, бұрнағы жылдары балалар құқығын белсене қорғаған гүлдей нәзік уәкіл Сәуле Айтпаеваның есімі Қазақстандағы тұңғыш генерал әйел ретінде мақтанышпен атала бастады. Тұңғыштың тұғыры қашан да биік, алғашқылардың есімі ардақты болатыны – заңдылық. Сәуле Мұханбедианқызы – Қазақстандағы «тұңғыш» әрі «жалғыз» әйел генерал болса, күллі Орта Азиядағы осы атақты иеленген үш әйелдің бірі. Үшеудің бірі – Тәжікстанның милиция генерал-майоры Барно Саидвализода болса, бірі – Моңғолияның генералы Болор Ганболд, ал бұл екеуінен де бұрын генерал шеніне қол жеткізген қазақ қызы Сәуле Айтпаева болатын.
«Генерал әйел» дегенді естісе, көз алдына әйелдің нәзіктігінен ада, білек күші білем-білем болып күш құрылымында немесе қорғаныс саласында қызмет етіп жүрген ерге ұқсас әйелдер елестейтіні де өтірік емес. Ал Сәуле Мұханбедианқызы Свердловск қаласындағы Р.Руденко атындағы Заң институтын бітіргеннен кейін прокуратура саласының барлық баспалдағын басып өтіп, ең жауапты жұмыстарды атқарып, осы абыройды иеленді.
Бұрынғы Торғай облысы Жақсы кентінде дүниеге келген Сәуле Айтпаеваның кәсіби қызмет жолы қазақ әйелінің ең биік мақсатты бағындыра алатынын, білім мен еңбекқорлықтың табысқа жетудің басты шарты болатынын дәлелдейді. Целиноград қаласы Ленин аудандық прокуратурасынан басталған еңбек жолы кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және ақпарат орталығында жалғасты. 2003 жылдан бастап Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу бойынша Комитет төрағасы болып тағайындалды. Кейіннен Парламент Сенатының депутаты болды, II дәрежелі «Даңқ» орденінің кавалері, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау академиясының профессоры атанды.
Жаңа қаланған мемлекет тәуелсіздік алған тұста өткен тарихтың құндылықтары қайта таразыға түскені белгілі. Дәл осы құндылықтар алмасқан алмағайып кезеңдегі мемлекет құрылысындағы өзгеріс қоғамның барлық саласына жаңа леп әкелді. Осы лектің алдыңғы қатарында Сәуле Мұханбедианқызы да жүрді. Дербес елдің саяси-құқықтық жүйесіндегі жауапты міндетті арқалай жүріп, барлық құндылықтан мемлекеттік мүддені жоғары қоятын ұстанымын қорғау жолында жаңашыл батыл қадамдарымен, еңбекқорлығымен көзге түсіп, беделге ие болды.
«Әйелдерді әрдайым жауапкершілік сезімі өзгелерден ерекшелендіріп тұрады. Ол әуелден бейбітшілікті, қауіпсіздікті, тыныштықты жақсы көреді. Сондықтан құқық қорғау органдарындағы қызмет шынында да конституциялық құқықтың қорғалуы үшін жұмыс істеуге жігерлендіреді», деген еді Сәуле Айтпаева генерал шенін алған кешінде. Лауазымдардың биігін бағындырып жүріп, өзін ешқашан астам ұстап көрмеген генерал бойындағы осы кішіпейіл мінез жас курсанттарға көркем үлгі болып көрінді. Кісілікке кішілік арқылы бойлағанын осылай көрсетті.
Отанға сүйіспеншілік, бала құқығы, тәлім мен тәрбие, отбасындағы зорлық-зомбылық, ана мейірімі сияқты түрлі тақырыпта әңгіме өрбітті. Генерал тал бойына нәзіктік жарасқан арулардың да сын сағатында атой салып алға ұмтыла алатынын, қайсарлық үлгісін көрсетуде үнемі алғы шептен көріне білгенін, олардың ерлігі ұмытылмайтынын тебірене отырып әңгімеледі. Абайды пір тұтатынын аңғартып өтті. Ой алыбының «Қара сөздері» қашан да қолынан табылады. Ақынның «Адамның баласы – бауырың» деген үш ауыз сөзі жүрегіне құндақтаған өмірлік қағидасына айналған.
Биік қарым-қатынас жасау мәдениетімен ерекшеленетін, кәсіби қыры жетілген С.Айтпаева отаншыл болуға үндеген ойымен бірге қызмет бабында кездескен өзге ақпараттармен де бөлісті. Мысалы, оның айтуынша, «генерал» шеніне қол жеткізу ІІ дәрежелі «Даңқ» орденін иеленумен тікелей байланысты екен. Генералға үміткер болған басқа да лауазым иелерінің ішінде бұл орден тек Сәуле Айтпаевада ғана болып, асығы алшысынан түскенін жасырмады.
Академия тыңдаушыларының: «Шәкірт тәрбиелей алдыңыз ба? Қанша түлек ұшырдыңыз?» деген сұрағына Сәуле Мұханбедианқызы жылы шыраймен жауап берді. Өзінен кіші сіңлілеріне бағыт-бағдар беру, оларға көмек қолын созу кәсіби міндеті ғана емес, азаматтық парызы екенін, Ж.Жаманбаева, С.Маматова, А.Ташмағанбетова, Ж.Ілияс, А.Қыдырова, К.Рахимова, В.Шерубаева, Л.Веригина, О.Лагутина, Л.Сүлейменова, М.Карибаева сынды шәкірттерінің үмітін ақтағанын, олардың жетістігімен мақтанатынын айтты.
Әйел адамның құзырлы орындарда мансап иеленуіне, қызмет сатысы бойынша жоғарылап өсуіне үйіндегі арқасүйер азаматының дем беріп, қолдауы ауадай қажет екенін айтты. Генерал: «Бар байлығым – отбасым. Отбасында мен генерал емес – сүйікті жар, аяулы анамын. Азаматым – арқасүйерім, қолдаушым, қорғаным. Себебі жан жарым болмаса, ол түсіністік танытып, маған үнемі қолдау танытпаса, менің генерал болуым екіталай еді. Әйел деген гүл сияқты, оған сүйсініп, оны аялап, баптамаса, әдемілігін көрсете алмайды. Осы орайда мені гүл сияқты аялаған жолдасыма ризамын» деген мысалымен сөзін қорытындылады.
АЛМАТЫ