Ауыл баласы жусан исі аңқыған әтір ойлап тапты. Оның мұндай ерекше хош иіс жасап шығаруына атақты Бейбарыс сұлтан туралы аңыз түрткі болыпты.
Қазақ даласының хош исі бар әтірді ойлап тапқан озық ойлы оқушы Альбина Айдарханова Ақмола облысы Ақкөл ауданының Кеңес ауылында 5-сыныпта оқиды. Ол бұл жұмысын ұстазы, бастауыш сынып мұғалімі Жұпар Ахметовамен бірге жасаған. Мектеп оқушысы әтір иісін шығару үшін зерделеу жұмыстарын жүргізгенін айтады.
«Бейбарыс сұлтан туралы аңыздағы «Жусанда туған жердің исі бар» деген сөзді естігенде шабыттанып кеттім. Осындай сөзді естігеннен кейін туған жердің исі бар әтірді жасап шығарғым келді. Бұл иісті шығаруда мен ежелгі шығу тегімізді зерделедім», дейді Альбина Айдарханова. Осылайша, оқушы өз жұмысында табиғи қоспаларды пайдаланған. Ал нәтижесінде парфюмерия жасаудағы негізгі өнім туған өлкенің қасиетті жұпарына айналған қарапайым жусан болды.
Жоба жетекшісі, бастауыш сынып мұғалімі Жұпар Ахметова иіссудың денсаулыққа пайдалы екеніне тоқталып: «Біз үй жағдайында әтір жасау тәсілдерін зерттедік. Алған білімімізді тәжірибеде қолдану барысында жусанның сан түрін анықтадық. Көбіне әтір жасауға негізінен гүлдер қолданылады ғой, біз оның орнына қарапайым жусанды таңдадық. Себебі оның тұнбасы тәбетті жақсартады, асқазан-ішек жолдарының қызметін нығайтады, жүйке жүйесін тыныштандырады, түрлі шаншу мен құрысуларды, ауырсынуды басады, тіпті тыныш ұйқыға септігін тигізеді», деп түсіндірді.
Авторлар бұл хош иіске «Елім-ай» деп айдар тағыпты. Жас өнертапқыштың айтуынша, әтірдің атауы еліміздің мәдениетіне деген сүйіспеншілікпен байланысты. Озат оқушы А.Айданханова жақында өткен ғылыми жобалар байқауында өз жұмысын қорғап, «Химия, биология» секциясында үшінші орынды иеленді.