Мемлекет тарапынан кәсіп ашуды көздегендерге қолдау көп. Ал шағын және орта бизнеске бет бұрғандар арасында донер, бургер, самса секілді тағамдарды жылдам дайындап, тұтынушы қатарын көбейткендер жетерлік.
Бұл да – кәсіптің түрі. Алайда тұрғындар тез дайындалатын тағамның денсаулыққа зиянды екеніне мән бермейтін секілді. Дәрігерлер тілі дәм үйіретін мұндай тағамдардың денсаулыққа кері әсері барын жасырмайды. Әсіресе семіздікке ұшыратуы ғажап емес.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Нұрсұлтан Хусановтың айтуынша, «Дені сау ұлт» ұлттық жобасында саламатты өмір салтын ұстанатындар санын арттыру мен бұқаралық спортты дамытуға басым бағыт берілген. Ұлттық жобада, әсіресе 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы семіздікке шалдығуды төмендету қарастырылған.
«Семіздік – ағзада артық майдың жиналуы. Семіздіктің төрт сатысы бар. Бірінші сатыда адамның салмағы әдеттегі қалпынан 29 пайызға артады. Ал екіншісінде – 50, үшіншісінде – 100, төртінші сатыда 100 пайыздан асып кетеді. Семіру тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жүйесін өзгеріске ұшыратады. Өкпе мен жүрек қызметін әлсіретеді», дейді Н.Хусанов.
Ал жоғары санатты эндокринолог Бибігүл Айтмағанбетованың пікірінше, артық салмағы бар адам түрлі ауруға ұшырауы мүмкін. Мәселен, кейінгі 20 жылда артық салмақтан зардап шегетін балалар саны екі есеге өскен.
«Көбінесе 11 жастағы балалар артық салмақтан зардап шегеді. Былтыр Атырау облысында 10-15 жастағы 140 баладан семіздік диагнозы анықталды. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 31 балаға көп. Артық салмақтың салдарынан екінші типті қант диабеті, гипертония және жүрек-қан тамырлары ауруларының пайда болуына әсер етеді. Мұның салдары мүгедектікке ұшыратуы әбден мүмкін», дейді Б.Айтмағанбетова.
Дәрігердің кеңесіне қарағанда, семіздіктен құтылудың бірнеше тиімді жолы бар. Біріншіден, бір орнында отырып қалмай, жиі қозғалу қажет. Екіншіден, дұрыс тамақтанған жөн. Үшіншіден, ұйқы режімін сақтау керек. Сондай-ақ гормондарға арнайы анализ тапсыруды естен шығармаған абзал.
Атырау облысы