Біз ағарғанын көп тұтынатын түліктің бірі – мүйізді ірі қара. Жалпы, қазақ жеріндегі сиыр тұқымының әрқалай екенін ескерсек, жер ерекшеліктеріне қарай олардың дене тұрқы мен төзімділігі де бөлек болады. Мысалы, ауа райы жылы болып келетін оңтүстік-шығыс өңірдегі сиырлар бойшаң, ірі денелі болса, қуаңшылық аймақтарда таралған ірі қараның денесі шағын әрі олар қыс айындағы суыққа төзімді келеді.
Қазақстандағы ірі қара мал тұқымының ішіндегі ең бірінші көзге түсетіні – ақбас сиыры. 1950 жылдан бері одақ көлемінде бекітілген «Қазақтың ақбас сиыры» тұқымының негізгі ерекшелігі – еттілігі, табиғат тіршілігінен қолайлы және жайылым талғамайтыны. Әсіресе фермерлер мал басын асылдандыруда осы тұқымның бұқаларына көп қызығушылық танытып жүр.
Қазақтың ақбас тұқымының палатасы ұсынған мәліметте биыл 1 наурыз бойынша 8 312 ақбас сатылған. Орташа бағасы – 450 мың теңге. Бұның ішінде бірінші санатқа кіретін бұқалардың бағасы өте қымбат. Мысалы, Қарағанды облысындағы «АгроСистема» ЖШС салмағы 350 кило тартатын бұқаның бағасын 950 мың теңге деп белгілепті. Сонда тірі салмақтағы бағасы 1 800 теңгеден айналып тұр. Екінші санаттағы 250 килолық бұқашық немесе қашардың бағасы 350 мың теңгеден басталады. Орташа алғанда тірі салмағы килосына 1 500 теңге болады.
Асыл тұқымды ақбастарды сату бойынша алда Абай облысы тұр. Өңірде 3 217 бас бұқа мен қашар сатылымға шықса, одан кейінгі орындағы Батыс Қазақстан облысы 2 296 бас түлікті пұлға айналдырған. Бұл өңірде кеңес заманында жергілікті қазақы сиырды «герефорд» бұқамен будандастыру арқылы «Қазақтың ақбас тұқымын» құру жұмыстары жүргізілген селекциялық орталықтар болған. Бір ғажабы – жергілікті түліктердің шыдамдылығы, жайылымға бейімділігі, ал герефордтардан етті болу қасиеті бірігіп, осы тұқым дүниеге келгенін айта кетуіміз керек. Асыл тұқымды ірі қараны сатылымға шығарған өңірлер арасында Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Жетісу, Жамбыл, Алматы, Ұлытау және Қостанай облыстары да бар.
– Деректерге сүйенсек, қазақы сиырдың тірілей салмағы 240-384 кило аралығында болғаны және бес жасар бұқаның таңдаулысы 520 килоға дейін салмақ тартқаны келтірілген. Осы деректер қазақы сиырдың шағын денелі болғанын, дегенмен, жасы ұлғайған сайын салмақ қоса алатын қабілетін айқындайды. «Қазақтың ақбас сиыры» жаңа тұқым ретінде қабылданған соң, ең жоғарғы көрсеткіш Батыс Қазақстан өңіріне тән болған – асыл тұқымды құнажын 475 кило, сақа сиырлары 511 кило салмақ тартқан. Жиырма жыл бойы жүргізілген селекциялық жұмыстар үлкен жетістіктерге бастады. Жергілікті малмен салыстырғанда, жаңа сиыр тұқымы 200 кило артық салмақ беріп, экономикалық тұрғыдан мал өсірудің тиімділігі артты. Жайылымдық технологияда мал бағуға жұмсалатын шығынның тұрақтылығын ескерсек, әр бас сиырға шаққанда қосымша 100 кило ет шығынсыз артық өндірілді. Бұл орташа көрсеткіш еді, – дейді профессор, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Айбын Төреханов.
Профессордың айтуынша, жекешелендіру кезеңінде жаппай жақсартылған мал күйзеліске ұрынды. Әркім өз үлесін алып, шаруасын күйттеп, қолдағы малынан барынша табыс алуды мақсат тұтты. Асыл тұқымды малдың парқы еленбеді. Шаруашылықтар бөлініске түсіп, малдың есебі де дағдарысқа ұшырады.
– Осы тұста сиыр етін экспортқа шығарамыз деген саясатпен сырт елден «кірме мал» келді. Әкелінген малдың тиімділігін арттыру мақсатында барлық мемлекеттік қолдау ресурстары осы бағытқа жұмылдырылды. «Кірме мал» әспеттеліп, ақбас сиыр «өнімділігі нашар» мал ретінде сипатталды. Осы бір ебедейсіз әрекеттер мақтанышымыз болған түліктің өрісін тарылтты. Дегенмен кейінгі жылдары қазақтың ақбас сиырының республикалық палатасы осы тұқымның дамуына бағытталған көптеген шаруа атқарып жатыр, – дейді белгілі профессор.
Статистикалық мәліметтер бойынша, 1991 жылы «Қазақтың ақбас сиыры» саны жағынан шырқау шегіне жетіп, 1 млн 370 мың бас болды. Осы кезде елдегі ет бағытындағы сиыр саны 2,5 млн басқа жеткенін ескерсек, ақбас сиырдың үлесі 55 пайызды құрап, сиыр етін өндірудің көшбасшысы болған.