Қазақ экономика ғылымының қара нары атанған Арыстан Есентүгелов тоқсан жасында дүниеден озды. Ордалы білім мен білік иесінің отандық экономика тарихында қалдырған қолтаңбасы айрықша. Ол саналы ғұмырында экономика ғылымының дамуына өлшеусіз еңбек сіңіріп, іргелі реформалардың бастауында тұрды.
Арыстан Есентүгелов өзі басшылық еткен, кейін құрметті профессоры атанған Экономикалық зерттеулер институтының қазіргі басқарма төрағасы Руслан Сұлтанов «Арыстан Есентүгелұлы Экономикалық зерттеулер институтының дана басшысы, сонымен қатар нағыз тәлімгер және ұстаз бола алды. Оның ғылымға деген адалдығы, теңдессіз еңбегі мен өмірлік даналығы бәрімізге үлгі», деп жазды қаралы хабарды бөлісіп.
Расында, ғалымның классикалық, монетарлық, ұсыныс экономикасы бойынша зерттеулері, сондай-ақ институционалдық және құрылымдық механизмдерді зерттеу жұмыстары елдегі экономикалық саясаттың қалыптасуына айтарлықтай әсер етті. Ол әр жылдары халық шаруашылығын тұрақтандыруға және Қазақстанның нарықтық экономикаға көшуіне бағытталған жүйелі реформаларға белсенді қатысты. Экономиканы тиімді басқаруға бағытталған бағдарламалар мен жобаларды әзірлеуге қосқан үлесі баға жетпес болды. Кәсібилігі, объективтілігі, ел игілігі үшін жасаған жұмысы оны Қазақстан экономикасы тарихындағы басты тұлғалардың біріне айналдырды.
«Ол 1990–1995 және 1999–2002 жылдары Экономикалық зерттеулер институтының басшысы қызметін атқара жүріп, өзін дарынды ұйымдастырушы және ғылыми жетекші ретінде көрсете білді. Оның тікелей басшылығымен нарықтық экономикаға көшу жағдайында экономикалық үдерістерді талдау мен болжауға бағытталған көптеген жоба жасалып, жүзеге асырылды. 200-ден астам ғылыми еңбектердің, монографиялар мен кітаптардың, соның ішінде «Аймақтық жоспарлаудағы жүйелік талдау», «Нарықтық экономика – Қазақстан таңдауы», «Қазақстандағы экономиканың институционалдық және құрылымдық трансформациялары» сияқты маңызды басылымдардың авторы. Елдегі экономикалық ойдың қалыптасуына Арыстан Есентүгеловтің ықпалы зор екені анық.
Нарықтық экономикаға көшудің қиын-қыстау кезеңінде Арыстан Есентүгелұлы республиканың әлеуметтік-экономикалық жағдайын тұрақтандырудың бірқатар тиімді шарасын ұсынып, өзін терең талдаушы, стратег ретінде көрсете білді. Оның «Ұлттық экономиканың дамуын тұрақтандыру және Қазақстанның нарықтық экономикаға көшу бағдарламасын» құру шеңберіндегі жұмысы кейінгі экономикалық реформаларға негіз болды», деп атап өтеді институт ұжымы.
Ел экономикасының еңсе тіктеуіне елеулі үлес қосқан тұлғаның парасатты пікірлері әлі қаншама ұрпақтың қажетіне жарайтыны сөзсіз. Әбден шикізаттық өндіріске арқа сүйеп алдық деген көзқарасқа қатысты да өз пайымын даралап жеткізе алған бірегей тұлға Арыстан Есентүгелұлы еді. Ол осыдан біраз жыл бұрын «шикізаттық секторға ұдайы «қарғыс» айта бермеуіміз керек» деп аталы сөзін айтқан-ды.
«Тәуелсіздік алғаннан кейін де бізде үлкен өндірушілік қуат болды. Әрине, бұның негізгі бөлігі шикізаттық секторды құрады. Осы ретте тоқтала кететін жайт, мен шикізатқа қатысты ұдайы орынсыз «қарғыс» айта берудің қажеті шамалы деп айтар едім. Өйткені 90-жылдардағы дағдарыстан да, қазіргі әлемдік дағдарыстан да ең алдымен осы сектордың арқасында басқа елдерге қарағанда аз зардап шегіп отырмыз. Әрине, бұл бағытта біршама олқылық бар, бірақ осы сектордың экономикаға септігін ұмытпау қажет», деген еді ғалым.
Абзал тұлғаның мол мұрасы – игере білгенге игілікті байлық. Сарапшылар Арыстан Есентүгелұлының қашанғы пікірінің де замана түйткілімен тұтасып, астасып жататынын айтады. Интеллектуал кісінің қай көзқарасының да өміршең болып келетіні, сірә, рас.
Тау тұлғаның жаны жанатта, иманы жолдас болсын дейміз.