Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин мұражайында ағартушы-ұстаз, қазақ романының қайнар бастауынан орын алатын Спандияр Көбеевтің ұстаздық қызметі мен шығармашылығына қатысты бірсыпыра құжаттар, жазушының көзі тірісінде тұтынған заттары сақтаулы тұр.
Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық идеяларын ілгерілетіп дамыта жүріп, Меңдіқара өңірінде бастауыш мектептердің көптеп ашылуына мұрындық болған жазушының көп жылдар бойы өзінің кіндік қаны тамған Ақсуат мектебінде ұстаздық еткені белгілі. Музейдегі арнайы бұрышта Спандияр Көбеевтің Ақсуат мектебінде жұмыс істеп жүргенде отырған орындығы мен жұмыс үстелі, кітап сөресі, радиосы, қабырға сағаты, жеке құжаттары, әр жылдары жарық көрген еңбектері, фотосуреттерінің көшірмесі, үлкен портреті, бұдан өзге де көз тартар көптеген көне жәдігерлер тұр.
«Ақсуат мектебінде бертінге дейін Спандияр Көбеевтің шағын музей бөлмесі болған. Онда мектеп оқушылары жасаған фотоальбомдар, Ыбырай Алтынсарин мен Спандияр Көбееевтің шығармаларына байланысты салынған оқиғалы суреттер, ғылыми жұмыстар, Спандияр Көбеевтің 125 жылдығына орай жасалған құмыралар, буклеттер, сондай-ақ 1993 жылы Марат Шотаев жасаған Спандияр Көбеевтің мүсіні тұрды. Кезінде Қазақ КСР тарихы пәнінің оқу бағдарламасына Спандияр Көбеевтің ағартушылық қызметі мен өмірі туралы мәлімет те енген. Соған байланысты Тарих, археология және этнография институты ағартушының өзінен оның фотосуретін оқулыққа шығару жөнінде рұқсат сұрайды. Ол туралы құжаттар сақтаулы тұр. Қарап отырсақ, қазіргі құжаттар мен сол кездегі құжаттардың ресімделуінде көп айырмашылық бар. Ол кезде бәрі қаламмен жазылған. Тілі өте қарапайым әрі түсінікті болған. Сонымен қатар ағартушының еңбекақысы туралы, еңбек демалысына шығуға рұқсат сұрап жазған өтініштері де бар. Өкінішке қарай Ақсуаттағы мектеп жабылып қалған соң, мектеп музейіндегі жәдігерлерді түгелдей өзімізге көшіріп алдық», дейді Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің бас қор сақтаушысы Назгүл Шектібаева.
Мөлдір шынымен қапталған музей сөресіндегі бір жапырақ сарғыш қағазға түскен: «Мен Спандияр ағайдың көзін көрген, көп әңгімелескен, хат жазысқан, сол кісінің әдеби мұрасын жинап, кітап етіп бастырған, өзі мен еңбегі туралы кітап жазған адам едім. Бірақ Ақсуатқа жолым түспеп еді. Бүгін Спандияр Көбеевтің 125 жылдығына арнайы келіп, мектебін, музейін аралап риза болдым. Музейді өз кітаптарымен толықтырса дұрыс болар еді. Бүгінгі талапқа сай жаңартылған екен. Мектеп ұжымына табыс тілеймін. Спандияр ағайдың насихатшысы болыңдар!
Академик Серік Қирабаев
Спандияр ағайға шай берген келіні Әлия Бейсенова 18.10.03», деген таныс жазу да көзге ыстық көрініп, көңілге сағыныш ұялатады.
«Көрнекті ғалым Серік Қирабаев ағартушы-ұстаздың педагогикалық қызметі мен еңбек жолын, әдеби мұрасын ең алғаш зерттеп, ғылыми айналымға енгізген. 1958 жылы Алматыдағы «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан» ғалымның «Спандияр Көбеев. Өмірі мен жазушылық қызметі» атты еңбегі жарық көреді. Спандиярдың немересі Қуанышбай Көбеев ағаймен сөйлескенімізде, ол кісі Серік Қирабаевтың Ақсуатқа арнайы келіп кеткенін айтқан. Өкінішке қарай, Спандияр Көбеев жазған кітаптар бүгінде әбден ескіріп кеткен. Мысалы, облыстық кітапханада «Орындалған арман» мемуарлық еңбегінің бір-ақ данасы тұр. Оның кейбір беттері түсіп қалған. Ы.Алтынсарин атындағы жасөспірімдер мен балалар кітапханасында бұл кітап мүлдем жоқ. Сондықтан ағартушының мұрасын жаңаша зерделеп, кітаптарын қайта бастырып шыққанымыз абзал», дейді музей директорының орынбасары Салтанат Өтелбаева.
Өткен күзде Ы.Алтынсарин музейі ұйымдастырған арнайы экспедицияны басқарып Ақсуатқа барып қайтқан Салтанат Өтелбаева Спандияр Көбеев зиратының қараусыз қалғанын айтады.
«Спандияр Көбеев зиратының бүгінгі жағдайы сын көтермейді. Көне тамның құлақтары әбден мүжіліп, сылағы түскен, тозығы жеткен. Әзірге зираттың алдында орын бар. Алдағы екі-үш жылда ағартушының зираты көп қабірдің тасасында қалуы мүмкін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында тарихи-мәдени ескерткіштерімізді жаңғырту, қорғау бағытында бірсыпыра шаруа атқарылып еді. Алайда аталған бағдарлама барлық мәдени-тарихи сәулеттік ескерткіштерімізді, киелі мекендерді толығымен қамтыды деп айта алмаймыз. Осы орайда Спандияр Көбеевтің де зираты киелі нысан ретінде облысымыздың жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне, Қазақстанның киелі жерлер картасына енгізілсе және қабір басын көтеріп, кесене тұрғызылса екен», дейді музей маманы.
Ы.Алтынсарин музейінен Спандияр Көбеевтің өз қолымен орыс тілінде жазған өмірбаянының үзіндісін де көруге болады. Мұнда жазушының кедей шаруаның отбасынан шыққаны, өзіне ағайын болып келетін Ж.Бейсенов деген мұғалімнің көмегімен алғаш ауыл мектебінде оқығаны, кейін Меңдіқарадағы болыстық мектепті тәмамдап, науқастанып қалуына байланысты бір жыл үзілістен соң, 1898 жылдан бастап Қостанайдағы 2 сыныптық училищеде оқығаны, 1 900 жылы Қостанайдағы мұғалімдер сыныбына қабылданғаны туралы дерек бар.
Мұражайдағы құнды жәдігердің бірі – Спандияр Көбеевтің шәкірті, қазақтың тұңғыш кәсіби мүсіншісі, ұлттық монументалды өнердің негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық суретшісі Хәкімжан Наурызбаевтың жазушының мүсінін жасап жатқанын бейнелеген фотосурет. Бұл суреттің түпнұсқасы Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қорында сақтаулы тұр.
Қостанай облысы