Шындығында қазір әлем саусақ ұшымен басқарылатын жағдайға жетіп қалды. Енді бір 40-50 жылдан соң қандай мүмкіндіктерге жетіп, нені мүмкін ете алатынымызды ойлаудың өзі ақылға сыймайды. Мұның барлығы әлемнің ғалымдары ойлап тауып, сандық технологияның көмегімен қолданысқа енген құрылғылар.
Қазіргі уақытта заманауи ақпараттық-технологиялардың мүмкіндігі зор. Солардың ішінде ең сапалысы – цифрлы технология. Яғни қай салада болсын сіз сол цифрлы технологияның көмегіне мұқтажсыз. Өйткені ол жұмысыңызды жеңілдетіп қана қоймай, уақытыңызды үнемдейді. Сондықтан қай салада болсын, бұл технология – жұмысты жеңілдетуге бірден-бір ықпал етіп отырған айрықша мүмкіндік. Дәл қазіргі кезбен алатын болсаңыз, мұндай оң өзгерісті – заман талабы деп қарау түсінікті жағдай. Осыған орай, еңбек нарығында да үлкен өзгеріс болатыны көрініп-ақ тұр. Озық технологияларды біліктілік бастауы десек, еліміздің алға басуы ақпараттық технология, яғни ІT саласының дамуымен айқындалады. Бұл үдеріс осылай жалғаса да бермек. Мұның барлығы – осы ғасырдың ақиқаты. Оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдайды және жан-жақты мүмкіндіктерге дайын болу керектігін ұдайы айтып келеді. Оған Президенттің Үкімет отырысында айтқан сөздері дәлел.
«Біз мемлекеттік және қаржы қызметтерін цифрландыру ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткіздік. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 88 пайызға жетті. 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 50 пайыздан аспаған еді. Небәрі төрт жылдың ішінде Қазақстанда қаржы технологиясы қарқынды дамыды. Бұл жетістік экономиканың басқа салаларына да үлгі болуға тиіс. Оларды да цифрландыру ісін қолға алатын кез келді. Кейінгі жылдары ғылым саласына бөлінетін қаржы айтарлықтай көбейді. Соның арқасында министрліктер зерттеу институттарымен бірлесе отырып, жасанды интеллектіні өз саласында қолдануға мүмкіндік беретін жобаларды ұсына алады. Әрине, ең алдымен, білікті кадрлар қажет. Үкімет осы сала бойынша озық білім беру бағдарламаларын әзірлеуге тиіс. Бұдан бөлек, шетелдің белгілі мамандарын тарту үшін Digital Nomad Residency арнайы бағдарламасын іске қосу керек. Яғни елімізді әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыруымыз қажет. Бір сөзбен айтқанда, заманның ағымынан қалмау керек. Цифрлық технологияны неғұрлым жедел әрі тиімді пайдалансақ, даму қарқынымыз да соғұрлым табысты болмақ», деген болатын Мемлекет басшысы аталған жиында.
Жетекші елдер цифрландыру саясатына тың серпін беріп, жаңа жобаларын жүзеге асырып жатыр. Президент айтқандай ендігі меже осы мүмкіндіктерді қазақ жерінде де жүзеге асыру Үкіметтің алдындағы басты міндеттер санатына енуі керек. Мәселен, Қытай өзінің «Интернет плюс» бағдарламасында цифрлық салаларды дәстүрлі өндіріспен біріктіреді. Ал «ақылды экономика» қалыптастырып, Smart Nation тұжырымдамасын әзірлеген Сингапур болса, бизнес және сарапшылар қауымдастығын ынтымақтастыққа шақырады. Сонымен бірге Оңтүстік Корея «Креативті экономика» бағдарламасында адам капиталы мен кәсіпкерлікті дамытуға және АКТ жетістіктерін таратуға баса назар аударып отыр. Бұл елдердің логистика мен экономикада көші ілгері.
Жаһандық озық тәжірибелерді қолдану халықтың өмір сапасын жақсартып, сапалы әрі жылдам қызмет алуға жол ашады. Жаңа технологиялар экономикалық өсімге, түрлі салалардың дамуына, қағазбастылықтан біржола құтылуға септігін тигізеді. Сонымен бірге қаржыны тиімді пайдаланып, ақпараттық қауіпсіздікті арттырады, «ақылды қалалар» тұрғызу жоспарын жеделдетеді. Біз куә болып келе жатқан бүгінгі буынның осы саладағы мүмкіндігі алдағы жылдар бедерінде айтарлықтай нәтиже беруге тиіс. Бұл үшін ел үкіметі мүмкіндікті де, қаржыны да аямауы керек. Сонда ғана еліміз Президент айтқандай әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналары анық.
Назарбек Нұрманов,
Арал инустриалды-техникалық колледжі өндірістік оқыту шебері