Ақтаудағы сарбаздар қолда бар құралдардан жауынгерлік машина жасады. Осылайша, «Батыс» өңірлік қолбасшылығындағы теңіз жаяу әскерлері бригадасының мерзімді қызметтегі сарбаздары роботтехникадан машықтарын көрсетті.
Туынды авторлары – 10 ай бұрын Түркістан облысынан шақырылған 2-ші шабуылдау батальонының механик-жүргізушілері. Бірі – қатардағы жауынгер Баттал Османов. Ол бала кезінен дизайнмен айналысқанды ұнатады. Енді міне, бала қиялы бүгінде адамның күнделікті өмірін жеңілдетуге көмектесетін ақылды құрылғылар жасауға сеп болып отыр.
– Взводтардың жауынгерлік атыстары аяқталғаннан кейін Юсуф екеуімізге батальон командирі қашықтан өзін өзі басқаратын жауынгерлік машина жасаңдар деген тапсырма жүктеді. Бірден сызбасын сызып, ой-қиялға ерік беріп, құралдардан машина жасауға кірістік. Оны жасауға екі апта кетті. Машинаға біздің батальонның «Барыс» деген аты берілді. «Бронды машинаның» салмағы шамамен он кило, басқару пульті бар, 7,62 мм ПКТ отшашармен жабдықталған. Отшашар 360 градусқа бұрылады, барынша қозғалыс жылдамдығы 10-15 км/сағ. Болашақта оны жетілдірсек деп отырмыз, мүмкін граната атқышты орнатып, шассиді күшейтіп, жылдамдықты арттыратын шығармыз, – деді Баттал Османов.
Өнертапқышқа серік болған Юсуф Парманқұл да бұрыннан электротехникамен және автомобильдермен, мектепте роботтехникаға әуестенген. Тіпті колледжде «техник-электрик» мамандығын меңгеріп, роботтехника бойынша «Turkestan World Skills» халықаралық жарыстарына қатысыпты. Бұл жетістік әскери қызметтің беделін арттырып, сарбаздардың қызмет барысында әскери істі меңгеріп қана қоймай, талантын ашуға және өзін көрсетуге мүмкіндік беретінін айғақтайды.