• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қаржы 15 Наурыз, 2024

Актив көлемі артты

80 рет
көрсетілді

2023 жылдың қорытындысы бо­йынша, әлемдік орталық банктер эко­номикаға айтарлықтай залал келтірмей, инфляцияның төмендеуі­не қол жеткізе алды. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) есептеулері бойынша, әлемде баға өсімі 8,7%-дан 6,9%-ға дейін, ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) қарқыны 3,5%-дан 3%-ға дейін баяулады. Осы және басқа да мәселелер туралы Ұлттық банк (ҰБ) төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова түсінік берді.

Оның сөзінше, 2023 жылы валюта нарығындағы ахуал теңгерімді болды. Жыл қорытындысы бойынша мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан, теңге бағамы 454,69 деңгейіне дейін, 1,7%-ға нығайды.

«Былтыр валюта нарығында ұлттық валютаның нығаю үрдісі басым болды. Ұлттық қордан шетел валютасын сату, депозиттерді долларландыру деңгейінің төмендеуі және бейрезиденттердің Қа­зақстанның мемлекеттік бағалы қағаз­дарына салған салымдарының ұлғаюы теңгеге қолдау көрсетті. Жыл қоры­тындысы бойынша Ұлттық қордан трансферт бөлу және ішкі валюта нарығында квазимемлекеттік сектор акцияларын сатып алу операцияларын жүргізу нәтижесінде 9,5 млрд долларға активтер сатылды. Сонымен бірге валюталық интервенциялар жүргізілмеді. Ұлттық банк валюталық саясатта ырықтанған валюталық саясат қағидаттарын ұстануды және қандай да бір шектеулердің болмауын қамтамасыз ететін еркін бағам белгілеуді ұстанады. Өзгермелі айырбас­тау бағамы режімін одан әрі нығайту мақсатында қадамдар жасалып жа­тыр. Валюта нарығындағы теңгерімді ах­уал аясында Үкімет квазимемлекеттік сектордың валюталық түсімін міндетті түрде сатуды өткен жылғы тамызда жойды. Бұл да валюта нарығын ырық­тандыруға ықпал етеді», дейді Әлия Мол­дабекова.

Айтуынша, қазір нарықтық сұраныс пен ұсыныс қозғалысы нәтижесінде қолайлы жағдай қалыптасып жатыр.

«Теңгенің қалыпты екіжақты құ­был­малылығы нарыққа өз бетінше тең­герім табуға мүмкіндік береді. Ұлттық қор­дан трансферттерді конвертациялауға келетін болсақ, олар тұрақты сипатта және нарықтық ұсыныстың тұрақ­ты бөлігі болып саналады. Олардың көлемі бюджет заңнамасында алдын ала бекітілген және нарыққа түсінікті. Сондықтан осы тұрғыда валюта на­рығын ырықтандыру қажеттігі туралы ұсыныстар өзекті емес. Ал басқа бастамаларды қарастыруға әрқашан дайынбыз. Жалпы, ақша нарығындағы жағдай жыл бойы тұрақты, ал TONIA операциялық бағдары пайыздық дәліз шегінде болды. Ақша нарығының жұмысы Ұлттық банк ашық нарық операциялары мен тұрақты қол жеткізу операциялары арқылы реттеген өтімділіктің профициті жағдайында жалғасты», деді.

2023 жылы 1 күндік репо нарығындағы Ұлттық банк үлесі айтарлықтай төмендеп, шамамен 19%-ды құраған. Салыстыру үшін – 2019 жылы үлесіміз 60%-дан жоғары болып еді.

«2023 жыл бойы біз айналыстағы ноталарды қысқартуды тоқтатқан жоқпыз. Егер бұрын жылдық, жартыжылдық және үш айлық ноталардан бірте-бірте бас тарта отырып, «ұзын» ноталарды қысқартсақ, биыл төртінші тоқсаннан бастап жарияланған кестеге сәйкес, әрбір шығарылымның көлеміне лимит қоя бастадық. Осыған байланысты айналыстағы ноталар көлемі жыл соңына қарай екі есе қысқарып, 1,2 трлн теңге болды. Ақша-кредит саясатының құралдарын жетілдіру жұмысын жалғастыру аясында жыл басынан бері Ұлттық банк репо және своп құралдары арқылы өтімділікті алу операцияларын жүргізбейді. Бұл, біріншіден, овернайт депозитімен құралдардың қайталануын болдырмайды. Екіншіден, бұл бастама біз тікелей қатыспай-ақ TONIA мөлшерлемесінің нарықтық қалыптасуына жағдай жасайды. Үшіншіден, бұл ақша нарығының жұмыс істеу тиімділігін арттыруға және банкаралық дамуға да ықпал етеді», деп түсіндірді ҰБ өкілі.

Ә.Молдабекова елдің алтын-валюта қоры туралы тың деректерді де бө­лісті. Айтуынша, 2023 жылдың қоры­тындысы бойынша алтын-валюта қоры 900 млн долларға жуық ұлғайып, 36 млрд долларға жеткен.

«Алтын бағасының бір унция үшін 250 долларға немесе 14%-ға өсуі АВР өсуінің маңызды катализаторының бірі болды. 2023 жылғы бағалы металдың бағасы унциясына 1 809 доллардан 2 078 долларға дейінгі аралықта өзгере отырып, өзінің құбылмалылығын көрсетті. Алтын бағасының өсуі мен төмендеуі АҚШ Федералды резерв жүйесінің феде­ралдық қорлар мөлшерлемесі бойынша шешімдеріне, нарықтың болжамды мәндерімен сәйкес келмейтін макро­экономикалық статистиканың релиз­деріне, сондай-ақ геосаяси қақтығыс­тардың өршуіне байланысты болды. 2023 жыл 2022 жылдағыдай шиеленіске толы болды. Геосаяси тәуекелдер күшейген кезінде қорғаныс активі ретінде алтынның бағасы өсе түсті», деді.

Жалпы, былтыр жыл соңында Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі 60 млрд долларды құрап, бір жылда 4,3 млрд долларға ұлғайды. Негізінен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша кіріс­тілік 11,4% болған кезде 6,2  млрд дол­ларды құраған инвестициялық кіріс­тің арқасында өсті. Өткен жылдың нәти­жесі – Ұлттық қордың бүкіл тарихында абсолюттік, сол сияқты пайыздық мәнін­де рекордтық нәтиже. Активтердің бар­лық негізгі сыныптары өсті, оның ішінде акциялар нарығында айтарлықтай қалпына келу байқалды. Мәселен, 2023 жылы акциялар портфелінің кірістілігі 25%-ға жуық болды. Осылайша, 2022 жылы қорды теріс қайта бағалау 2023 жылғы кірістілік есебінен толығымен өтелді. Бұл әрине, Ұлттық банк ұстанатын ұзақмерзімді инвестициялау қағидатын қатаң сақтау нәтижесінде мүмкін болды, дейді сарапшы.

Өткен жылы Ұлттық қордан республи­калық бюджетке 5,3 трлн теңге трансферт алынды. Кепілдендірілген және нысаналы трансферттен бөлек, Үкіметтің шешімі бойынша республикалық бюджетті қаржыландыру үшін 2023  жылғы қазан-желтоқсан аралығында Ұлттық қордың қаражаты есебінен жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акциялары сатып алынды.