• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәдениет 15 Наурыз, 2024

«Ұлылардың ұрпағы»: ЕҰУ-да Нұрғиса Тілендиевтің ұлымен кездесу өтті

492 рет
көрсетілді

Кеше ЕҰУ-да композитор, КСРО халық артисі Нұрғиса Тілендиевтің ұлы Алмас Тілендиевпен кездесу ұйымдастырылды. Жиында композитордың көзін көрген, дәмдес болған азаматтар Нұрғиса Тілендиев туралы естеліктерін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көпшілік Нұрғиса Тілендиевтің Дінзухра, Сәуле есімді қыздарын жақсы біледі. Ал оның жалғыз тұяғы ұлы барын біреу білсе, біреу біле бермес. Оның қалай дүниеге келгені өз алдына қызық әңгіме. Нұрғисаның туған ағасы Қаймолда 1941 жылы соғысқа аттанады. Соғыстан қайтпаған ағасын бір жыл күтеді, ақыры елге оралмайды. Сол кезде жас жігіт Нұрғиса Тілендиев туған жеңгесі Фатимамен әмеңгерлік салтымен үйленеді. Сөйтіп 1947 жылы олардың ұлы дүниеге келеді. Нұрғиса баласына Алмас деген есім береді. Кейінірек Фатима анамыз өнер жолында жүрген қайнысының аяғына тұсау болмайын деді ме екен, мінездері жараспады ма екен әйтеуір екеуі екі жаққа кетеді. Фатима анамыз сол уақытта әйелдер арасында сирек кездесетін заңгер мамандығын алып, судья, адвокат болып қызмет істеген. Соғыстың алдында Алматыда Нұрғисаның туған ағасы Қаймолдамен кездесіп, тұрмыс құрған. Екеуінен Лариса атты қыз туған. Лариса мен Нұрғисаның жас айырмашылығы алты жыл. Ұлы тұлғаның артында қалған жалғыз ұлдың шындығы осы. Өмірі осындай қызық оқиғамен өрілген кейіпкермен кездесуге біз де асықтық. Солай ЕҰУ қабырғасында  «Ұлылардың ұрпағы» атты жоба аясында өткен  композитор Нұрғиса Тілендиевтың ұлы Алмас Тілендиевпен кездесуге қатыстық. Басты кейіпкеріміз зайыбы Галина Дайырбекқызымен бірге келді. Алмас ағамыз орысша білім алған, қызыл сөзге шорқақ, салмақты кісі екен. Ал шешесі орыс, әкесі қазақ Галина жеңгей керісінше сөзге төселген адам екенін байқадық, қазақшасы судай. Бұл туралы өзі: «Анам орыс болғасын ба, Нұрғиса атамыз Баянауыл еліне келгенде мені нұсқап: «Осы келінім орыс болса да, баланы қазақша табады» деп әзілдейтін», деп еске алды.

Кешті «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Кенжеғали Мыржықбай жүргізіп отырды.  Жиында алғаш болып сөз алған ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, кештің қызықты өтетініне кәміл сенетінін айтты. «Жас ұрпаққа ағамыздың қалдырған мұрасын жеткізу – біздің міндетіміз. Нұрғиса Тілендиев туралы естеліктерді қағаздан оқу бір басқа, ал сіздердің өз ауыздарыңыздан есту ерекше әсер қалдырады. Ол кісі туралы біз білмейтін талай дүние бар», деді Е.Сыдықов.

Бұдан соң Нұрғиса Тілендиевтің көзін көрген, дәмдес болған азамат филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов сөз алды. Ол композитордың әділ, турашыл, пікірі айқын, қимылы ширақ, кесіп сөйлер адам болғанын айтты.

«Нұрғиса Тілендиев: «менің әкем пышақтың жүзіменен күй тартатын еді. Мен соны үйрене алмай кеттім», деген екен. Сондай мінезді, ақылды, бүкіл қазаққа мәшһүр, кезінде Қонаев та керемет сыйлады. Оны елдің бәрі ардақтайтын, құрметтейтін. Өзі бір ақ, әдемі кісі болатын. Оркестрде дирижерлік еткендегі оның қимылындай қимылды ешкім қайталай алмайды. Ол туралы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың жазғаны бар. «Нұрғисаның әр бөлшек-бөлшек бұлшық еті күй тартып тұрады» деген екен. Ағамыз 1998 жылы дүниеден өтті. Жамбыл атамыздың қасында жатыр. Сырқаттанып жатқанда өзі сол Жамбылдың жанында жерленгенін қалаған еді. Алмас Тілендиев туралы бұрынырақта газеттерден оқып білген болсақ, бүгін көзбен көріп отырмыз. Бұл ғажап дүние», деп С.Негимов естелігін айтып берді. Оның сөзін Галина жеңгей жалғай кетті. Ол Нұрғиса Тілендиевтің Баянауылға гастролдік сапармен келген сәтін еске алды.

«Үлкен концерт ұйымдастырылып, халық көп жиналды. Сонда Нұрғиса ағамыз концерт залының бірінші қатарын түгел босатып, мұнда менің туыстарым мен ұрпақтарым отырады деді. Солай шешей бар, балалар бар бәріміз бірінші қатарға жайғастық. Концерт басталғанда ағамыз: «Бірінші қатар тұрыңдар!» деді. Бәріміз тұрдық. Сонда маған «бір қадам алға шық, келін» дегені бар. Мен ойымда ештеңе жоқ тұрдым. «Міне, менің келінім орыс. Бірақ баланы қазақша табады», деді. Мен сол уақытта әкімшілікте жұмыс істеймін. Мен әлгі жерде ұялып, қызық болған еді», деп еске алды Галина жеңгей.

Бұдан соң жеңгей қызыл сөмкесінен «Қаһарман Нұрғиса» деген кітапты алып шығып, тағы бір қызықты деректі айтып берді. «Нұрғиса атамыздың шығармашылық жолымен жақынырақ танысайын деп бір жолы кітапханаға бардым. Сөйтіп қолыма «Қаһарман Нұрғиса» атты кітап түсті. Әлгі кітапты парақтап отырып, алғашқы беттерінен Халық Қаһарманы атағын алған соң, атамыздың атына келген көптеген жеделхаттарды оқыдым. Солардың арасынан бір құттықтауды көріп, таңғалдым. «Ата! Сізді Халық Қаһарманы атағын алуыңызға байланысты шын жүректен құттықтаймыз. Өзіңізге денсаулық, отбасына амандық тілейміз. Тілендиев Алмас жанұясы, немерелеріңіз Тимур, Алтынай, Нұрлан» деп жазылған екен. Ал біз мұндай құттықтау жазған емеспіз. Басқа біреу жіберді деудің тағы реті келмейді. Тағы бір таңғаларлығы, балаларымыздың аттарына дейін түгендеп жазған. Ақыры ойлана келе, осыны Нұрғиса атамыздың өзі жазып кеткен шығар деп түйдік. Түбінде ұрпақтарым бір тауып алып оқыр және былайғы жұрт Нұрғисаның соңында да еркек кіндік тұяқ бар екен десін деген сияқты», деді Галина Дайырбекқызы.

Галина жеңгей композитор туралы әртүрлі деректерді жинақтап, «Тұлпардан қалған бір тұяқ» атты кітап жазып шығарыпты. Өзі бұл кітапты атақ даңқ үшін емес, өз ұрпақтары үшін жазғанын айтады.

Кешке жиналғандар тарапынан Алмас Тілендиевтің өнерге жақындығы бар ма деген қызығушылық туды. Ол кісі арнайы музыкалық білім алмаса да кез келген музыка аспабында ойнай алатынын айтты. Бұл қанмен берілген өнердің құдіреті болса керек. Алмас ағамыз қазір зейнетте.

Келесі жылы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы кең көлемде атап өтіледі. Алмас Тілендиев пен оның зайыбы Галина Дайырбекқызы мерейтой қарсаңында ұйымдастырылған осы бір жылы кездесуге шақырған ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Еркін форматта өткен кездесуде ашық әңгіме айтылып, әндер шырқалды. Кеш соңында Алмас ағамызға сый-сыяпат табысталды.