Ұлыстың ұлы күні қарсаңында 17 наурыз Шаңырақ күні болып белгіленген. Осы күні Тарбағатай ауданында «Алтын шаңырақ, күміс кереге» атты салтанатты іс-шара өтіп, үлгілі отбасылар қатысты. Шаңырақ көтергендеріне 40-50 жыл болған данагөй ақсақалдар, ақжаулықты аналар көпшіліктің қолдау қошеметіне бөленді.
Сән салтанаты жарасқан қатысушыларды атап өтсек, отау құрғандарына 50 жыл толған «Алтын той» иелері Ақжар ауылының тұрғындары Бейсенбай Қасенов пен Сәбира Әшімұханбетова, Қабанбай ауылының тұрғындары Сейітхан Имажанов пен Бақтыкамал Елеусізовалар көрермен ықыласына ие болды. Шаңырақ көтергендеріне 25 жыл толған «Күміс той» иелері Ермек Искаков пен Ботакөз Алдакенова, Дәурен Төлеубаев пен Айнаш Казретова, Жаңалық ауылының тұрғындары Сарымбаев Сұңғат пен Каженова Балжан, сондай-ақ үйленгендеріне 20 жыл толған «Фарфор той» иелері Бақытжан Егінбаев пен Динара Егінбаевалар да бойда бар қазақы өнерлерін ортаға салды.
Әуелде қатысушылардың отбасындағы жетістіктері үлкен экраннан бейнебаян арқылы көрсетілді. «Алтын той» иелеріне 50 жыл бұрынғы өткен өмірлерін еске салып, қызықты сұрақтар қойылды. Мәселен, ол кезде қызды айттырып барғанда сырға салу, «мәһр» сұрау секілді дәстүрлер болды ма деген жүргізуші сұрағына тосылып қалғандар да болды. Мұндай сұрақ астары қазақылығымыздан ажырамау, дәстүрден адаспауды да мақсат еткен. «Алтын той» иелері жастарға бақытты болудың сырын айтып, бірде күлдірсе, бірде терең ойға батырды. Ақ баталарын, жүрекжарды тілектерін айтты. Үлгілі отбасылар байқауда жеңістен бұрын тәрбиелік мәні зор әңгімелер айтуға тырысты.
– Аталарыңмен отасқанымызға елу жылдан асты. Отбасы болған соң өмірдің ыстығы мен суығын бірге көру керек. Иә, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Ондайда кешірімді болу керек. Түсіністік таныту керек. Оның бәрі – ұсақ-түйек. Ең бастысы, ұрпақ амандығын тілейміз. Ұлтын, елін сүйетін ұрпақтың ғұмыр жастары ұзақ болса деймін. Саналы ұрпақ, сапалы білім болса, ел ертеңі жарқын – дейді Сәбира Әшімұханбетова.
Айта кетейік, Бейсенбай ата 29 жыл Абай атындағы орта мектебінде директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметінде болып, құрметті зейнет демалысына шыққан. Сабира әже Ақжардағы ауылшаруашылық колледжінде 30 жылдан аса уақыт тәрбиеші қызметінде болып, құрметті демалысқа шыққан. Екеуі үш ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан 6 немере сүйіп отырған ата мен әже. Екеуі 2020-2021 жылдары «Ауданның әлеуметтік экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ осыдан жеті жыл бұрын құрылған Тарбағатай ардагерлер ән-би ансамблінің негізін қалаушылар да – Бейсенбай ата мен Сәбира әже. Ұлдары Айдын – осы ансамбльдың көркемдік жетекшісі. Сабира Әшімұханбетова күні кеше «Мен әйелмін, әлемнің анасымын» атты облыстық байқауға қатысып, бас жүлдені жеңіп алды.
Іс-шара соңында АХАТ бөлімінің басшысы әрі осы іс-шараның ұйымдастырушысы Гүлжан Қалтаева махаббаттары жарасым тапқан «Алтын той», «Күміс той» иелеріне салтанатты түрде ауданның құрмет кітабына қол қойдырып, тіркеу рәсімін жүргізді. Барлығы мерейтой иелерін құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы