Ежелден Құрылтай елдіктің үлкен мәселесін шешетін жиын ретінде белгілі. Өйткені осындай отырыс бабалар дәстүрін жаңғыртуға жол ашып, жаңа идеялардың қалыптасуына, қоғамдағы келелі істердің жүзеге асуына септігін тигізіп отырған. Кейінгі жылдары бабалар ұстанған осы жолды қайта жаңғырттық.
Атырауда өткен басқосуда елімізді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтеріліп, жаңа идеялар қалыптасып, жаңа бағыттар айқындалады. Құрылтайдың ерекшелігі де сол, айтылған сөз айтылған жерде қалмайтынын көрсетіп келеді.
Ұлытаудағы Құрылтайда 42 бастама, Түркістандағы отырыста 100 ұсыныс назарға алынды. Құрылтайдың үшінші басқосуында Президентіміз олардың 80 пайыздан астамы жүзеге асырылғанын мәлімдеді. Соның ішінде ерекше атап өтерлігі, «Ауыл – ел бесігі» мен Балалар кітапханасын құру, Ясауи мұражайына ұлттық мәртебе беру, «Қазақстанның халық жазушысы» атағының қайта оралғаны дер едім.
Кеше ғана Алтын Орданың бағзы астанасының бірі – Сарайшықта, қазіргі Атырауда үшінші Құрылтай өтті. Мұнда да Құрылтай мүшелері ой-пікірлерін ортаға салып, мемлекетімізге пайдалы деген маңызды мәселелерді талқылады. Бұл жолғы Құрылтайда Президент баяндамасында назарға ұстайтын өзекті мәселе – елді ұйытатын үлкен рухани-мәдени жобаларды қолға алумен қатар, халықтың береке-бірлігіне баса назар аударылды. Елге жөн көрсетіп, сөзге тоқтататын аға буын, зиялы қауым мен қаламгерлер, өнер адамдарының ел ішінде іріткі тудыратын емес, ауызбірлікке үндейтін сөз айтып, жол көрсетуі керектігін атап өтті. «Өспейтін елдің баласы болып, өнбейтін дауды қумайық, ел бірлігін нығайтатын әңгіме айтқан жөн», деді.
Мемлекет басшысы осы сөздерді Қазақстан Жазушылар одағының мүшелеріне қаратып айтқандай әсер етті. Былтырдан бері қаламгерлердің қоғамда қайтадан мерейі өсіп, жазған еңбектері оқырманына жетіп, орталарына үлкен ой салып, халықтың назарын аударып жүр.
Президент ел назарында жүрген қазақ тілінің бизнес пен техниканың тіліне айналып келе жатқанын, тіліміздің аясын кеңейту жолын сөзбен емес, іспен атқару керегін ескертіп, былтыр құрылған «Qazaq tili Endowment» қорына көмек қолын созған кәсіпкерлеріне ризашылық білдірді.
Ұлттық құрылтайда Президент әрдайым кітап ісі, кітап оқу, кітапхана туралы өзекті ойларын айтып отырады. Түркістанда балалар кітапханасын жасауды қолға алуды тапсырса, биыл Алматы мен Астанада көп ұзамай тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар салынатынын айтып қуантты. Түркия елінде студенттерге арналған Президент кітапханасындағы корпустарының алдынан тегін автобустар қатынайды екен. Түскі, кешкі асты тегін ішіп, түнге дейін қалып ізденіп оқып жүрген жастар өз білімін жетілдіріп, ізденіп, болашаққа ұмтылады. Қайтарда да кітапхана алдында тұрған тегін автобусқа мініп жатақханасына барады. Осындай үлгіні Президент бізге де қолға алу керектігін айтты.
«Кітап күні» атты мереке белгіленетіні де үлкен мінберден айтылды. Қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды тапсырды. Қазір кітап оқымайды дейтіндер көп. Алайда ата-аналардың балаларымен бірге кітап дүкендерінде жүргенін жиі көремін. «Ауылдан шыққан миллионер», «Біртуар» кітаптарым оқырманнан оң бағасын алды. Сондықтан балаға таза, ақ көңілмен шығарма жазсақ, оқиды. Мемлекет басшысы Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін баса айтып, елдің жаңару қағидаттарын ұсынды.
Сәуле ДОСЖАН,
Ұлттық құрылтай мүшесі