Ұлыстың ұлы күнінде дастарқанға сән кіргізетін тағам – наурызкөже. Оның пайдасы жайында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті нутрициология кафедрасының доценті, PhD, Ұлттық саламатты тағамтану орталығының маманы Айгүл Қожахметова айтып берді.
– Бүгінде көптеген елдің ғалымдары наурызкөженің құрамына ерекше мән беріп, оның құнарлылығына басты назар аударып жатыр. Ата-бабаларымыз наурызкөженің ғылыми маңызын осыдан сан ғасыр бұрын түсінген. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағында» дайындалатын тағам ағзаны пайдалы дәрумендермен қамтамасыз етеді. Қазақ даласында наурызкөже көктемге аман-есен жетіп, ағзаның қайта жаңаруына, көнерген жасушалар жұмысының жандануына, әрі қарай жаңа үрдістің басталуына нәр береді деген түсінікпен дайындалған. Наурызкөженің құрамына қосылатын сүр ет, жарма түрлері, ашытылған сүт өнімдері, қатық, құрт, айран, бұл тағамдардың қай-қайсысында болсын ағзаға пайдалы дәрумен өте көп. Наурызкөженің әлсіреген ағзаны дәруменді тағамдармен нәрлендіргіш қасиеті жоғары. Бидай, жүгері құрамында жүйке жүйесіне, бұлшық еттің тығыздығына қажетті В дәрумені көп кездеседі десек, ұнға салып сақтаған ет, сүрленген қазы нағыз ақуыздың көзі. Ағзаға ерекше күш-қуат береді. Қатық, құртты езіп қосу көженің дәмін кіргізсе, минералдарға бай сүт өнімдері сүйекті қажетті Ca, Mg сияқты макроэлементтермен толықтырып отырады, – дейді ғалым.
Бүгінде дәруменге бай әрі үнемді наурызкөжені жыл он екі ай дайындауға молынан мүмкіндік бар. Осы орайда, А.Қожахметова ұлттық тағамды күнделікті ас мәзіріне кіргізіп, дастарқанның сәніне айналдыру қажет деген пікірін алға тартты.
Биылғы мейрам Ораза айымен тұспа-тұс келіп отырғандықтан, наурызкөже күні бойы ашыққан ағза үшін жеңіл әрі пайдалы. Ал жармалардың түр-түрін тағамға жиі қосудың кеңседе жұмыс істейтіндерге пайдасы ұшан-теңіз. Мысалы, сұлының таңертең ботқасын, кешкілікте қайнатпасын ішу ағзадағы артық заттарды шығарып, тоқтықты қамтамасыз етумен қатар, ішек жолдарының жиырылғыштығын, метаболизмді жақсартып, оның құрамындағы Mg күйзелісті алдын алуға ықпал етеді. Ал қарақұмық артық салмағы бар, қант диабетіне шалдыққандарға пайдалы. Қант деңгейін қалыпты ұстап тұратын әсері бар. Жарманы аз қимылдайтын әрі егде жастағы адамдар күнделікті ас мәзіріне кіргізсе құба-құп. Бұршақ тұқымдастар құрамындағы амин қышқылдары еттің ағуызына жақын келеді. Қалалы жерлерде етті жиі тұтынғаннан гөрі бұршақтан әзірленген тағамдарды ас мәзіріне тұрақты пайдалану ағзаны ақуыздарға толықтырудың бірден-бір жолы. В дәруменіне өте бай, магний алмастырғыш сипаты басым жарма түрлерін күнделікті тұтыну арқылы жүйке жұмысын жақсартып, ағзада тұз жиналу, ұйқыны тыныштандырғыш сипатына да мән беру керек, дейді ғалым.
Сауда орындарынан тағамдық өнімдерді тұтынғанда оның дайындалу сипатына, өндірушіге басты назар аударған абзал. Сөрелерде жарманың да, еттің де түр-түрі самсап тұр. Сондықтан елімізде өндірілген тағамдарды қолдануға аса мән берген абзал.
АЛМАТЫ