• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Технология 27 Наурыз, 2024

Пайдасы пілдей, зияны зілдей

202 рет
көрсетілді

Жаһанды дүрліктірген жа­санды интеллектінің кер­неуі күннен-күнге күшейіп келеді. Өз бе­тінше ойлана­тын ро­бот­тар көбейіп, бар­лық салада басымдық алға­нына куә болып отырмыз. Тіпті біраз жұмыс орындарында адамдардың орнын алмастырып жатыр. Журналистер де бұл мәселеден алшақ емес. Жасанды зерде тілшілер қауымын өрге шы­ғара ма, орға жыға ма? Сараптап көрдік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Bridge» форумындағы баяндамасында жасанды интеллектінің бұдан былай ғылыми фантастика емес, өмірдің ақиқатына айналатынын айт­қан еді. «Кезінде электр жарығы мен интер­нетті ойлап табу тіршілігімізді қалай тү­бегейлі өзгертсе, жасанды интеллекті тех­но­логиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор. Ол адамзаттың тұрмыс салтын мүлдем басқа арнаға бұрып, жұмыс үдерістерін ­автоматтандырады. Сондық­тан қысқамерзім ішінде жасанды интеллек­тіні дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет», деді Президент. Бұл сөзден жасанды интеллект болашақтың технологиясы екенін анық түсіндік. Қазірдің өзінде бірнеше сала жаңа цифрлық жүйеге қарқынды түрде көшіп жатыр. Тасқыны қатты ақпаратты игеру үшін БАҚ өкіл­дері де жасанды интеллектінің тетіктерін меңгеруге кірісті. Журналист, IT маманы Мейіржан Әуелханұлы да ендігіде жасанды зерденің тілін тапқан адамның өз саласында озық болатынын айтады.

– Жасанды зерденің журналистерге пайдалы тұстары өте көп. Мен кейбіріне тоқтала кетейін. Біріншіден, журналистер қауымы үнемі ақпарат ағынында жүреді. Сол көп ақпаратты жинау үшін ЖИ таптырмайтын көмекші құрал. Екіншіден, белгілі бір типтегі жаңалықтарды, мысалы, спорттық нәтижелер мен қаржылық есептерді ЖИ арқылы автоматты түрде жазуға болады. Бұл да журналистерге уақыт жағынан үлкен көмек. Үшіншіден, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін алгоритмдер оқырмандардың қызығушылығын талдап, анықтау арқылы жекелендірілген жаңалықтар тізбегін ұсына алады. Бұл оқырмандардың қызығушылығын арттырады, – дейді М.Әуелханұлы.

Сарапшылардың айтуынша, келешекте әр тілшінің робот көмекшісі де пайда болуы мүмкін. Ол түсірілген видеоны монтаждауға, сапасын тексеруге, мәтінді редакциялауға, ақпараттарды іріктеуге, тіпті қосымша түсірілімдер жасауға көмектесе алады. Бұның барлығы қарыштап дамып жатқан цифрлы технология арқасында жүзеге асады. Қазірдің өзінде елімізде телестудиялық хабарларды жасанды интеллект жүргізетін жүйе іске қосылды. Атап айтсақ, «Түркістан» телеарнасында Күншуақ Табиғатқызы есімді «робот» қыз күн райының болжамы айдарын жүргізеді. Тап солай «Қызылорда» телеарнасындағы ауа райын Айжан Сырқызы есімді жасанды жүргізуші баяндап отырады. Жалақы төлемейтін, ауырып қалмайтын, дауысы, мәнері бұзылмайтын, боянбайтын жүргізуші қай жағынан алып қарасаңыз да тиімді. Бұдан біз алдағы уақытта журналистика мен цифрлы технология тығыз қарым-қатынаста дами түсетініне анық көз жеткіздік. Енді біз бұған қуануымыз керек пе, жоқ қорқуымыз керек пе? Қызметкердің жұмысын жеңілдетсе қуанамыз, тартып алса қорқамыз, әрине. Бірақ адамның аты адам ғой. «Қалай болғанда да жасанды зерде адамның бақылауындағы тәрбиеленген құрал болуы керек», дейді мамандар.

– Қазіргі таңда жай ғана жаңалықшы журналист болу маңыздылығы осы жасанды интеллектінің пайда болуымен қатты төмен түсіп кетті. Неге? Өйткені жаңалық «Не болды?», «Қайда болды?» деген екі-ақ сұраққа жауап береді. Ал жасанды зерде сіз іздеген бүкіл ақпаратты хронологиясымен, ұсақ-түйегіне дейін адамнан артық жинап бере алады. Керек десеңіз интернеттегі бүкіл бейне, аудио жазбалардың бәрін жиыстырып, иллюстрациямен де мақала жазып бере алады. Бірақ ол сараптама жасай алмайды. Ал сараптама «Не үшін болды?», «Енді не болады?» деген сұрақтарға жауап береді. Бұл әзірше жасанды интеллектінің қолынан келер емес. Иә, біз әлеуметтік желіге жылдамдықты, жаңалық жазуды жасанды интеллектіге беріп қойдық. Сол себепті қазіргі тілшілер жасанды зерденің тілін тауып, оны уысында ұстап, бәсінің биік екенін көрсету үшін қалайда сараптамашы журналиске айналуы керек, – дейді тележүргізуші Ардақ Қасымхан.

Бірақ жасанды зерденің бүгінгі қар­қынынан үркіп, ертеңгі бет алысынан қор­қып отырған мамандар да аз емес. Қың­қыл-сыңқылы көп адам баласының орнына айтқанды екі етпейтін темір-терсекті жұмысқа алатын үрдіс қалыптасса, нендей заман орнығады деп қамығады олар. Бұл тараптағы уайым-қайғы, қорқыныш-үрей мүлдем негізсіз демейміз. Адам баласына тән бірнеше қабілетті бойына сіңір­ген жа­санды интеллектінің таяу болашақ­та бірталай кісіні үйреншік жұмысы­нан ығыстырып, шетке қағатыны даусыз ақиқат.

– Ең қызығы, басқа-басқа, жасанды интеллект спорт комментаторларының нанына ортақтасуы мүмкін деген жорамал ойыма кіріп те шықпапты. Уақыт дәлелдегендей, адамдарға қарағанда технология жылдам дамитынын байқадық. Сондықтан күндердің күнінде жасанды интеллект тікелей ойынды қарап отырып та сүйемелдейтін күнге әне-міне келіп қалуымыз әбден кәдік. Менің ойымша, енді ФИФА болсын, бокс, гольф, теннис сияқты барлық спорттық ойындарда екі дауыс ұсынылатын болады. Адам комментатор және ЖИ комментатор. Әгәрәки, сізге адамның даусы мен сөзі ұнамаса, онда ЖИ-ге ауыса алатын функция болады. Ал одан да кішкене уақыт өткен соң, яғни, жасанды интеллект моделінде эмоция пайда болғанда, адамды толық алмастыруы әбден кәдік, – дейді IT маманы Т. Бектұр.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкіл­де­ріне жасанды интеллект әкелетін ен­дігі қауіп дипфейкке қатысты. Ашып айт­сақ, дипфейк – жасанды интеллект көме­гі­мен өңделген фото, бейне немесе аудио­жазбалар. Бұл технология адамдардың бейнелерін пайдаланып, оларды сөйлетіп, кез келген дауысты салады, сонымен қатар ешқашан айтпаған сөздерді айтқызуы мүмкін. Дипфейк алғашында 2017 жылы «Reddit» әлеумет­тік жаңалықтар сайтында пайда болды, бірақ қарапайым қолданушыға қолжетім­сіз еді. Алайда биылдан бастап, дипфейк жасайтын бағдарламалар барлық интернет қолданушыларға қолжетімді болып, кеңінен таралып жатыр. Бұл – еліміздегі ғана емес, дүниежүзіндегі түйткілді мә­се­ле. Мысалы, Ұлыбритания билігі де осы жыл­дың екінші жартысына жоспарланған сайлаудың әділ өтуіне жасанды интеллект кері әсер етеді деп қауіптенеді. Өйткені кейінгі уақытта саясаткерлердің жасанды интеллект арқылы жасалған жалған бейне мен аудиожазбалары желіде қаптап кеткен. Қысқасы, өтірік пен шындықтың аражігін ажырату қиындай түседі.

Сондай-ақ жасанды зердеге артық сүйену – журналистердің креативтілігін, сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін және кәсіби дағдыларын әлсіретуі мүмкін. Өйт­кені дайын асқа – тік қасық болған ма­ман­ның ойлаудан қалатыны белгілі. Одан бөлек жасанды интеллект жасаған контенттің артуы, оның ішінде мақалалар, фотосуреттер мен бейнелер, медианың жалпы сенімділігін төмендетуі мүмкін. Оқырмандар контенттің авторына адам ба, әлде машина ма деп күмәнмен қарай бастайды.

Әрі журналист әрі IT маманы Мейір­жан Әуелханұлының айтуынша, журналис­тика қауымдастығы және бұқаралық ақпа­рат құралдары жасанды зердені қол­дану арқылы барлық мүмкіндікті бағалауы ке­рек. Соны­мен қатар оның қауіптерін бас­қару үшін этикалық шараларды қабыл­дау­ға тиіс. Бұл – өз кезегінде, ақпарат­тың сапасын жақсартып, журналистика­ның маңызды қызметін, яғни ақпарат­тың объективті және жауапкершілікпен тара­тылуын қамтамасыз етуге көмектеседі.

Мінекей, пайдасы пілдей, зияны зіл­дей жасанды интеллект дегеніміз осы. Қол­дана алсаң – игілігің, қолдана алмасаң – қиғылығың. Халық ақыны Қараса­қал Ерімбет айтты дейтін «Қызғанар итаяғын құтырған ит, қабады өз иесін сақ болма­са» деген сөзі де осы бір ақиқатқа жетелейді.

 

Бекзат ҚҰЛШАР,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті