Қазақстан Ұлттық банкі алаяқтық жиілеп кеткенін ескертіп отыр. Олар өзінің «құзыретін» дәлелдеу үшін жалған құжат істеп, тұтынушыларға көрсетеді екен.
«Алаяқтар азаматтарды алдап, ақша жымқыру мақсатында өзін Ұлттық банктің қызметкері ретінде таныстырып жүргенін естеріңізге саламыз. Сонымен қатар бұл схемада «құқық қорғау немесе арнайы органдардың қызметкерлері» де айтылады. «Арнайы операция» немесе тексеру жүргізуді сылтау еткен алаяқтар іс-әрекетінің заңды екенін растау үшін қоңырау желісін «арнайы және құқық қорғау органдарының, Ұлттық банктің қызметкерлеріне» жалғайды, жалған қызметтік куәліктерді, нұсқаулықтары бар хаттарды, сондай-ақ «қаражатты сақтандыру» және банк аударымдарын жүзеге асыру туралы деректемелерді жібереді», деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз орталығы.
Мұндай құжаттарда, көбіне несие қарызы немесе оның өтелуі, сондай-ақ қаражат айналымы туралы егжей-тегжейлі ақпарат болады. Қосымша құжаттарда Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының «уәкілетті тұлғаларының» қолы, аты-жөні, мөрі және басқа да растайтын деректер көрсетіледі.
Банк хабарламасында айтылғандай кей жағдайда алаяқтар «WhatsApp» мессенджеріндегі профильдерді бұзып, оны өз мүддесі үшін пайдаланады. Мысалы, олар мессенджерді бұзу үшін қызықты әрі сендіре білетін ұтыс ойындары, әлеуметтік маңызы бар тақырыптар туралы сауалнама, дауыс беру сияқты түрлі сылтаумен таратылатын қауіпті сілтемелер жібереді. Хабарламаны алған адам сілтемені басқан кезде, алаяқтар «WhatsApp» мессенджеріндегі профильді бірден иемденіп алады.
Әрі қарайғы іс-әрекет оңай жалғасады. Мессенджерді бұзған алаяқтар профиль иесінің атынан оның жақын туыстарынан, таныстарынан, достарынан немесе әріптестерінен әртүрлі сылтаумен қарызға ақша сұрайды. Қаржыны банк картасына немесе үшінші тұлғалардың шотына аударуды сұрап, жаппай смс-хабарлама таратады.
«Бұл ретте әңгіме немесе хат алмасу кезінде алаяқтар бастан-аяқ психологиялық қысым көрсетеді, қоңырау желісін «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қызметкерлеріне» жалғайды, Қылмыстық кодекстің баптарына сілтеме жасайды және құпияны сақтау керектігін ескертеді. Сондай-ақ әңгіме кезінде қаскөйлер ұялы телефонға келіп түскен хабарламаларды өздеріне жіберуді, қауіпті сілтемеге өтуді, қандай да бір қосымшаны жүктеуді, мессенджерде жаңа функцияларды іске қосуды, пароль, PIN-код немесе басқа да құпия және жеке деректерді айтуды сұрайды», делінген қосымша баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар алаяқтар мобильді банкингтің көмегімен ойдан шығарылған тауарды сату арқылы, салық (қызмет) төлеу немесе банк шотына шектеу қою арқылы ақшаны онлайн ұрлайды. Бұл хабарламалар «электронды тұзақ» болып шығады және айтылған шотқа өткен кезде, мобильді қосымшадағы шоттан ақша ұрланады.
Осыған байланысты Ұлттық банк «құқық қорғау органдарының (ІІМ, ҰҚК) қызметкерлерінен, Ұлттық банк қызметкерлерінен» қоңырау келіп түссе, әңгімелеспеу керегін және қандай да бір мәселені реттеуге, алаяқтарға қарсы «арнайы операция» жүргізу үшін қандай да бір өзіндік әрекет жасамауға кеңес береді. Ал алаяқтардың тұзағына тап болған жағдайда, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгіну керек. Сондай-ақ қосымша кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы Ұлттық банктің байланыс орталығына да хабарласуға болады.