Алматыдағы Ұлттық кітапханада белгілі сатирик-жазушы, Жазушылар одағы Сатира кеңесінің төрағасы Ермахан Шайхыұлының «Сатира сарқыты», түрік тілінде жарық көрген «Әйелім базарда», балаларға арналған «Медина мәзірі» атты үш кітабы көпшілікке таныстырылды.
Тұсаукесер тізгінін қолға алған филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы жазушының шығармашылығына шолу жасап, қаламгерлік ерекшелігіне тоқталды. Айтқыштығымен аты ауызға ілігіп, «мағынасы майысқан мақалдарымен» танылып, сатираның мысал, эпиграмма, фельетон сияқты түрлі жанрын шымшыма тілімен шырайын келтірген қаламгердің сатираға әкелген жаңалықтары мен артықшылығын атап өтті.
Ермахан Шайхыұлының қолынан қаламы түспей, сатираның жалына қол артып, қызмет етіп келе жатқанына отыз жылдың жүзі болды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін сатириктің «Біртүрлі кітап», «Сандалған сауал», «Жұрт айтады», «Мынауың жынды екен», «Шылдыр шүмек» кітаптарын оқырман қауым жылы қабылдады. Тұлпарды тай күнінен таныған белгілі сатирик Ғаббас Қабыш «Ермахан – әзілге жомарт, сықаққа сараңдау. Ол Оспанхан Әубәкіров, Көпен Әмірбек, Сейіт Кенжахметов, Мұхтар Шерімнің ендігі мен бойлығындағы жайдары жігіт» деп бағалағанын модератор тілге тиек етті.
Автор «Қайтыс болған сатира сарбаздарының рухына арнаймын» деп ұсынып отырған «Сатира сарқыты» кітабында өмірден бірі ерте, бірі кеш өткен тұлғалардың замана туралы толғаған ақжарма әңгімесі жүйеленген. Республикалық бірнеше басылымда сын-сықақ бетін жүргізген Е.Шайхыұлы алдыңғы буын қаламгерлер салған өрнекті өз үлгісінде жаңғыра түсті. Қаламгер жаңа кітабында әдебиетте үлгі, өзіне ұстаз болған ағаларының аяулы есімін жаңғырта отырып, сатира сардарларының еңбегін ел есіне салады. Сатира жанрының негізін қалаған С.Адамбеков, О.Әубәкіров, Б.Қыдырбекұлы, Ү.Уайдин, С.Әбдірайымұлы, Қ.Сұлтанбаев, Т.Кенеев, Л.Есенов, А.Наймантаев, тағы басқа әдебиет және өнер саңлақтарының шығармашылығымен таныстырады.
«Сатира сарқыты» атты кітабы – сатириктің шығармашылық үлкен белесі. Сатирик қаламгерлердің үлкен-кішісі бар, кешегі өткен алыптары мен ардагері бар, өз мектебін, шеберлік шеберханаларын жасап кеткендері бар, барлығын түгел саралап, таразылайтын осынау еңбекті сатирик-жазушы Ермахан Шайхыұлының бүгінгі белестегі бас кітабы деп бағалаймын», деді профессор Қансейіт Әбдезұлы.
Кітап 11 тараудан тұрады. «Қазіргі қазақ сатирасы», «Сатира саңлақтары», «Сатира сардарларымен сұхбат», «Әріптестер әзілі», «Әзілкештер әзілі» атты жеке-дара жүк көтерген атауының өзі кітаптың ақпараттық, танымдық һәм ғылыми маңызын аңғартып тұрғандай.
Кітапханадағы тұсаукесер іс-шарасында Е.Шайхыұлы «Әйелім – базарда» кітабын түрік тіліне тәржімалаған белгілі жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев пен түрік тілінде жарық көруіне мұрындық болған Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өміроғлыға алғысын білдірді. Ал барша балаға базарлық ретінде ұсынылып отырған үшінші кітап – «Медина мәзірі» жаңылтпаштардан тұрады. Белгілі балалар ақыны Дүйсен Мағлұмов бұл кітапқа енген жаңылтпаштардың негізінен балалар басылымында жарық көргенін айтты. Айтуынша, жаңылтпаштардың тілі жеңіл, тез жатталады. Бұл жинақ – балалардың есте сақтау қабілетін дамытып, тілін ұстартуға таптырмайтын құрал. Сондай-ақ әдеби жиынға туған жердің сәлемін арнайы ала келген Тұрсынхан Құрманбеков қалың түркістандықтың атынан құрмет көрсетіп, қаламгердің мерейін тасытты.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасарлары, ақындар Қасымхан Бегманов мен Бауыржан Жақып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессорлары Кәкен Қамзин мен Айгүл Рамазан, М.Әуезов атындағы Әдебиет институтының бас ғылыми қызметкері, әдебиеттанушы-ғалым Нұрдәулет Ақыш, сондай-ақ белгілі қаламгерлер Жұмаш Кенебай, Болат Шарахымбай, Тілеуқабыл Мыңжасар, Гүлзейнеп Сәдірқызы өз құттықтауларында сатирик-жазушының шығармашылық еңбегіне тоқталып, оның әдебиет пен журналистік кәсіпке деген адалдығын, ұлтжанды қасиетін кісілік тұрпатымен байланыстыра әсерлі естеліктер тізбегін тарқатты.
АЛМАТЫ