• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Экономика 29 Наурыз, 2024

Миллиардтық нарыққа барар жолда

107 рет
көрсетілді

Қазақстан экономикасына инвестиция құюшы, қажетті тауарларды экспорттаушы Қытай елінің біздің өнімдерге де сұранысы бар. Миллиард тұтынушысы бар алпауыт елдің мұқтаждығын өтеу тұрғысынан елімізде де тиісті әлеует жоқ емес. Тек мүмкіндіктерді байыптап, іске асыру ғана жетіспей келеді. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін екі елдің іскерлік өкілдері «Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда қатынастарын дамытудағы жаңа тәсілдер» тақырыбын арқау еткен экспорттаушылардың екінші форум-конференциясын өткізіп, саладағы өзекті мәселелерді саралады. B2B форматында жүргізілген келіссөз нәтижесінде, екі мемлекеттің бизнес өкілдері тауар жеткізуде жалпы сомасы 164,5 млн доллар болатын шарт жасасты.

Қытай қандай өнімдерге қызығады?

Форумда Қытай елімен сауданы да­мы­тудың өзекті мәселелері талқы­лан­ды. Басым тауарлардың экспортына, логистикаға, сертификаттауға, сондай-ақ бірлескен өзара тиімді жобаларды жоспарлауға ерекше назар аударылды. Жиынға қатарында 200-ге жуық кәсіпкер бар Сычуань және Хубэй про­вин­циясындағы іскер топ өкілдері, сала­лық қауымдастық басшылары келді. Біздің тараптан 300-ге тарта түрлі сала өкілдері қатысты.

Экспорт мәселелері бойынша па­нель­дік сессияның ашылу кезінде «QazTrade» АҚ Бас директоры Жеңіс Өсербай отандық тауар өндірушілердің жоға­ры әлеуеті туралы айтты.

«Қытай нарығының тауарларға деген қажеттілігі орасан зор және Қа­зақ­стан бұл сұраныстың бір бөлігін, атап айт­қанда, ауыл шаруашылығы өнім­дерімен жабуы мүмкін. Жыл сайын Қытай провинциялары біздің нарыққа көбі­рек қызығушылық танытып жатыр, мұны сауда көлемі дәлелдеп отыр», деді ол.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев осы бағытта атқа­ры­лып жатқан жұмыстың бәрі Қазақ­стан-Қытай сауда-экономикалық қаты­настарын дамытудың жаңа тәсілдерін іске асыруға бағытталғанын баса айтты.

«Екі елдің Мемлекет басшылары өзара тауар айналымын 40 млрд долларға дейін ұлғайту жөнінде қысқамерзімді міндет қойған болатын. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі тараптың бірлескен күш-жігерінің арқасында Қазақстанның сауда серіктестерінің арасында ҚХР бірінші орынға шықты», деді министр.

Қазір елімізде өңделген өнімді экспорттаушы 740 белсенді ұйым бар. Оның 80%-ға жуығы шағын және орта бизнес өкілдері. Былтыр екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 31,5 млрд долларды құраған рекордтық көрсеткішке жетті. Отандық өнімнің Қытайға экспорты 12,6%-ға өсіп, 14,7 млрд доллар болды. Импорт 50,5%-ға артып, 16,8 млрд доллар болды. Қытаймен өзара байланыс Қазақстан үшін әлемдегі тұрақты прогресс пен сауда-инвестициялық әлеуетті іске асырудың ұзақмерзімді факторына айналды. Былтыр еліміздің Қытай нарығына еркін экспорттай алатын агроөнімдер тізбесі кеңейді. Бүгінде отандық кәсіпорындар 135 тауар позициясы бойынша 1 млрд доллар қаржы көлемінде Қытайға өнеркәсіптік және ауылшаруашылық өнімдерінің кең ассортиментін жеткізуге қауқарлы.

 

Байланыс бекемделе түседі

«ҚХР-мен жұмыс істеудің негізгі бағыты – әр провинцияны аймақтандыру қағидаты мен бірлескен жоспарды әзір­леу және өзара жұмыс органдарын құру. Біз белсенді жұмысты Қытайдың ең ірі үш провинциясының құрамына кіретін Сычуаннан бастадық. Қазір Қазақстан мен провинция арасындағы сауда шамамен 230 млн долларды құрайды. Онда біздің ел 45 млн долларға өнім экспорттайды. Провинция май, астық, сусын, кондитерлік өнімдердің және тағы басқа бірқатар тауардың үлкен көлемін сатып алуға дайын», деді А.Шаққалиев.

Ол сондай-ақ 40-тан аса отандық компанияның қатысуымен Чэндудағы соңғы сауда миссиясы Қытай нарығына сұраныс пен отандық тауарлар үшін экспорттық мүмкіндіктердің ауқымын көрсеткенін жеткізді. Сычуань провин­ция­сы май, астық өнімдері, сусын, кондитерлік өнімдер мен басқа да тауар­лардың ауқымды көлемін сатып алуға дайын. Жақын арада «QazТrade» сауда өкілдігі Сычуань провинциясындағы қы­тайлық серіктестермен бірлесіп жұмыс істей бастайды. Онда экспорттық опера­тор отандық кәсіпорындар мен Қытай­дың ірі компаниялары арасындағы байланыстырушы буын рөлін атқаратын болады.

«Өткен жылы Шэньси провинция­сында Мемлекет басшысы Бас консул­дықты ашты. Оның алаңында қазақ­стандық өнімдер орны жұмыс істейді. Сиянь құрғақ портының аумағында «Қазақстан темір жолы» терминалының құрылысы басталды. Оған қоса, Хубэй провинциясының компанияларымен сау­да және академиялық ынтымақтастық орнатылып жатыр», деді министр.

 

Транскаспий дәлізінің табысы

Іс-шараға қатысқан Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров елдер арасындағы көлік бойынша ынты­мақтастық серпінді дамуды жалғастырып жатқаны туралы әңгімеледі.

«Қытайдан басталып, Қазақстан аумағы арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытудың оң нәтижелерін көріп отырмыз. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақ­стан мен Қытай арасындағы теміржол жүк тасымалының көлемі 28,3 млн тонна­дан асты. Бұл – оң фактор. Енді логистикалық қызметтерге сұраныс артты. Осыған байланысты теміржол қатынасын одан әрі дамытуға күш салып жатырмыз», деді вице-министр.

Сөйтіп, Достық-Мойынты теміржол учаскесінде екінші жолдың және Алма­ты вокзалын айналып өтетін желі құрылысының басталғанын айтты. Ол жүк ағынын Алматы стансасын айна­лып өтетін Жетіген-Қазыбек би жаңа теміржолына қайта бағыттауға мүм­кіндік береді. Бұл Алматы хабындағы жүктемені 40 пайызға азайтып, тауарды жеткізу мерзімін айтарлықтай қыс­қартады. Ал былтырғы қазан айында Көлік министрлігі мен ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекет­тік комитеті арасында Аягөз-Бақты кеңістігінің құрылысы жобасы бойын­ша ынтымақтастықты бірлесіп дамыту туралы өзара түсіністік туралы мемо­рандумға қол қойылды. Тараптар «Бақты» бақылау-өткізу бекетіне дейін теміржол төсеу жұмыстарын жалғас­тырып жатыр.

«Ұзындығы 1 782,7 шақырым болатын Қазақстан-Қытай шекарасында 2 теміржол және 5 автомобиль өткізу бекеті бар. Тасымалдау үдерісін тиімді қамтамасыз ету мақсатында Ақтау мен Құрық порттары акваторияларында тереңдету жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ал Қытайдың Сиань құрғақ портында қазақстандық логистикалық терминалды салдық. Ол Еуропа бағытында контейнерлік тасымал арқылы жүктерді шоғырландыруды қамтамасыз етеді. Қабылданған тиімді шаралардың арқасында көлік қозғалысы артқанын байқап отырмыз. Мәселен, былтыр тасымалдау көлемі 65%-ға өсіп, 2,8 млн тонна жүкті құрады», деді вице-министр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан еліне сапары аясында Қытайдың Сиань қаласынан Tранскаспий көлік дәлізі бойынша Баку порты арқылы Апшеронға қатынайтын контейнерлік блок пойызын қарсы алу телекөпірі ұйымдастырылған еді. Пойыз арадағы жолды небәрі 11 күнде басып өтті. Ал Қазақстан аумағы арқылы бар-жоғы 3 күн жүрді. Мұны жүктерді жеткізу уақыты 53 күнге созылған 2022 жылғы тасымалдау мерзімімен салыс­тыратын болсақ, үйлесімді жұмыстың арқасында Транскаспий мүмкіндігі өте жақсы нәтиже бергенін көреміз.

«KTZ Express» АҚ Бас директорының логистика жөніндегі орынбасары Айбек Қапардың айтуынша, қазірдің өзінде белгіленген бағыттар бойынша жүк тасымалдауды одан әрі ұлғайту мен жаңа перспективалы жобаларды әзірлеу үшін қажетті шараларды қабылданып жатыр. Бүгінде Қазақстан аумағы арқылы оннан аса көлік дәлізі өтеді. Олар – Қытай-Еуропа, Транскаспий халықаралық көлік бағыты, Қытай-Орталық Азия-Иран дәлізі.

 

Транзитті тиімді пайдалансақ

Соңғы жылдардағы жаһандық логис­тикадағы өзгерістерге қарамастан, Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша континенттік контейнерлік транзит біздің ел үшін транзиттік тасымалдау­ды дамытудың стратегиялық бағыты болып қала береді. Бұл бағыттағы көлік қозғалысының динамикасы да біртіндеп қалпына келіп жатыр. Еуроодақ және Таяу Шығыс елдерінің экономикалық дамуы мен тауарларды тұтыну деңгейі аса жоғары. Бұл әртүрлі тауарға сұраныс бар екенін және тұтынушылар ол үшін жоғары баға төлеуге дайын екенін білдіреді.

«Таяу Шығыстың Еуропа, Азия және Африка арасындағы негізгі бағыт­­­­тардың қиылысында орналасуы қа­зақ­стандық компанияларға өз тауа­рын әртараптандыруға және оны экс­­порттаудың жаңа бағытына көшу­ге мүмкіндік береді. Сондықтан «KTZ Express» отандық экспортты ілгерілетумен айналысатын «QazTrade»-пен ынтымақтастықты одан әрі терең­детуге ынталы. Екі мекеменің ынтымақ­тастығы экспорттаушылардың жүгін сапалы логистикалық қызметпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың қолжетімділігін оңайлатуға, көлік шығындарын азайтуға жағдай жасайды. Осы мақсаттағы негізгі бағыттар бойынша жұмыс істеуге әр кез дайынбыз. Бұл көліктің барлық түрімен экспорттық логистикалық қызметтерді құруға және дамытуға, цифрлық платформаларды біріктіру мен жетілдіруге мүмкіндік тудырмақ», деді А.Қапар.

Форум аясында «QazTrade» АҚ мен Қытайдың халықаралық саудаға жәрдемдесу жөніндегі кеңесі, сондай-ақ Hubei Enterprise International Cooperation of China қауымдастығы арасында, оған қоса Orbis Kazakstan компаниялар тобы Sichuan Kaiyi International Co, Ltd компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұдан басқа, «Азық-түлік корпорациясы» АҚ мен Jinmaisui Group Gangwei отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мақсатында өзара іс-қимыл туралы келісті.