• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 02 Сәуір, 2024

«Қаллеки тынысын» сезінген сәт

154 рет
көрсетілді

Халықаралық театр күні қарсаңында сахна әлемінің бір сілкініп алатыны рас. Ойнап-күліп, көңіл сергіту ғана емес, жүріп өткен жолына есеп беріп, жеткен жетістігі мен кеткен кемшілігін саралауға бағытталып өткізілер өнегелі іс-шаралар да мейрамның кәсби маңызын арттырып, театр тағылымын тереңдете түсетіндей.

Осы орайда елордамыздың тө­рін­дегі Қ.Қуанышбаев атын­да­ғы академиялық қазақ музы­ка­­лық драма театрындағы екі жыл­да бір рет дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Қа­л­леки тынысы» спектакль­дер шеруі – қазақ театр өнерінің бүгінгі аяқ­ алысын ба­ғам­дауға, салмақтап саралауға тамаша мүм­кін­дік сыйлағаны сөзсіз. Мұны тіпті шы­ғармашылық ұжымның ізденістері мен іркі­л­істерін бағамдау жолында жасалған сәт­ті қадамдардың бірі деп бағаласақ, артық емес.

Елорда көрермендерін Қаллеки театры ұжымының үздік ойын үлгілерімен таныс­тыру мақсатында өткен сахна мерекесінде биыл театр сарапшылары мен көрермен назарына 2022 жылдың наурыз айы мен 2024 жылдың наурызы аралығында жарық көрген премьералар ұсынылды. Атап айтқанда, Ғ.Мүсіреповтің «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» (режиссері – Гүлназ Балпейісова), Э.Шмидтің «Хат» (режиссері – Рача Махатаев), Қ.Жетпісбаевтың «Бала мерген» (режиссері – Нұрфат Вахитов), Е.Жуасбектің «Үйлену» (режиссері – Нұрлан Жұманиязов), С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» (режиссері – Дәурен Серғазин), Д.Рамазанның «Жошы хан» (режиссері – Болат Ұзақов), Ж.Шайхисламұлы мен Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» (режиссері – Әлібек Өмірбекұлы), Қ.Жиенбайдың «Патша көңілім, не дейсің?!» (режиссері – Нұрлан Жұманиязов) және театрдың шығармашылық зертханасы дайындаған «Кешкі...7» (режиссері – Бәзіл Сұлтанғазы) қойылымдары көрерменін қуантты. Сарапшылардың бағалауынан бөлек, биыл көрермендер де жауапты сәтке атсалысу мүмкіндігіне ие болды. Театр фойесіндегі арнайы сауалнаманы толтырып дауыс беру арқылы олар да үздіктерге қолдау білдірді. Осылайша, көктемдегі көбесі сөгілген қасат қар сынды әртістер мен көрермен арасында наурыздың жаймашуақ күндеріндей тамаша бір жылылық орнағаны анық.

Сонымен, «Қаллеки тынысы» ат­ты спек­такльдер шеруін тамаша­лау ар­қылы Қ.Қуанышбаев театры ұжы­мы­ның шығар­ма­шылық қарымын, әр­тістік әлеуетін та­нығандай болдық. Ел егемендігімен егіз жасасқан өнер орда­сындағы тамаша мектепті табысты жалғастырып келе жат­қан жалынды жас­тар­дың жаңашыл жұ­мыс­тарына, сан алуан жанрды сахнада сәтті сөйлете білген режиссерлердің іргелі ізде­ністері мен тың тәжірибелеріне куә бол­дық. Драма да, комедия да, трагедия да, мело­драма да, балаларға арналған ертегі де, ­театр ішінен ашылған шығармашылық зерт­ха­на­ның жемісті қадамдары да жар­қы­рай кө­рінді.

Десе де, көңілге ұмытылмас мереке сыйлап, 10 минуттай өте шыққан 10 күн­дік спектакльдер шеруінің артында қан­шама маңдай тер мен қажыр-қай­рат­тың жатқанын тек соны көзімен көріп, жан-тәнімен сезінген мамандар ғана дәл сурет­тей алатын шығар. Ал сахнаның бергі жа­ғын­да сұлу өнерге жан суарған көрер­мен­­нің сахналық көркем шешімдерге көңіл се­­м­­і­ртіп, рухани тұрғыда шын демалғаны анық.

 

«Қыз жиырмаға толғанда»

Спектакльдер шеруінің шымылдығын түрген алғашқы қойылым – белгілі театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазиннің режиссерлігімен қойылған жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиыр­ма­ға толғанда» мелодрамасы. Спектакльдің көркемдік деңгейі һәм тақы­рып өзектілігі тура­сында сарапшылар алқасының мүшесі, театр­танушы Балжан Бекмағамбетова: «Бұл – 40 жылдан соң қайта түрленіп, жаңғырып, заманауи бағытта көрерменмен қайта қауышқан туынды. Премьерасы аншлагпен өтіп, дүйім жұрттың билет таба алмай сабылғанына да куәмыз. Әлбетте, махаббат – мәңгілік тақырып. Адамдарды армандауға, ойлануға, жақсы көруге, жақсылыққа сенуге шақыратын шығарма. Режиссер Дәурен Серғазин бүгінгі күннің сұранысына жауап бере алатын туынды шығара білді. Қиялшыл, арманшыл бас кейіпкер Жібектің ішкі күйін дөп басатын терезенің ар жағындағы ертегіге ұқсас өмір яки жапалақтап жауған қарды бейнелеген декорация, оқиға желісін ашуға сеп болған, сәтті таңдалған «Қиялымдағы ертегім» әні де үйлесім тауып, ықшам, түсінікті әрі тартымды спектакльге ұласты. 6 кейіпкерден тұратын актерлік ансамбльдің шеберлігі де жоғары. Әсіресе эпизодтық кейіпкер Таукен рөліндегі Жанат Оспановтың ой­нын ерекше атап өтуге болады. Актер көрер­менді бір сәт елең еткізіп, ерекше образ жасай алды», деп қойылымға баға берді.

 

«Үйлену»

Еркін Жуасбектің «Үйлену» комедия­сы бірнеше жыл бұрын да дәл осы театр сахнасында қойылған болатын. Бірақ жаңа театрда жарқырай көрінген жаңа нұсқасына режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов айтарлықтай өзгеріс енгізбесе де, қойылым актерлік құрам ойнымен және спектакльге арнап арнайы музыка жазуымен де жақсы әсер сыйлады. Комедияда автордың ұтымды табылған драматургиялық шешімінің бірі – мұндағы кейіпкерлердің ныспысы әйгілі «гогольдік сарынмен» арнайы аллегорияға құрылған. Керек Әйтеуірұлы мен Дерек­гүл Ерекшеқызы, Бөлек, Көмек, Зерек, Терек, Мерек, Ерек, Желек деп жал­ғасып кете беретін тұлғалар тізбегі қойы­лымның көркемдік һәм мазмұндық идея­сымен сәтті қабысып қана қоймай, сон­дай-ақ бүгінгі қоғам көрінісінің мәдени мозаикасын түзуге де табысты қызмет еткен. Десе де, театр сахнасында қайта түр­лен­ген комедияның әлі де бір қайнауы ішін­де кетіп, ойымызды оқтын-оқтын кері ше­гіндіріп, он жыл бұрын сахна көрген ал­ғашқы нұсқаға оралта берді. Оның үстіне музыкалық спектакль мен оперетта жанрына жиі соғып, жарқын спектакль қоюда тәжірибесі мол режиссер Нұрлан Жұ­ма­ниязовтың сахна безендіру мен комедия атм­о­сферасын берудегі қолтаңбасы кейінгі уақытта бір-біріне тым ұқсап кеткендей әсер қалдырғанын да жасырмаймыз.

 

«Патша көңілім, не дейсің?!»

Спектакльдер шеруіне қатысқан Нұрлан Жұманиязовтың екінші қойылымы – «Патша көңілім, не дейсің?!» комедиясы. Бір жарым сағатқа созылған қойылым әзіл мен қалжыңға, қайғы мен мұңға, сағынышқа толы. Онда басты кейіпкерлер әке мен анасы қартайған шағында балалары мен немерелерінен жырақта қалады. Осылайша, көрерменге ата-ананы ұмытпау, қамқорлық жасау, туған жерге оралу қаншалықты маңызды екенін жеткізеді. Жаңа спектакльге танымал театр және кино актерлері – Боранбай Молдабаев, Майра Омар, Алтынай Нөгербек, Ерлан Малаев, Дастан Әлімов, Самат Байыров және театрдың жас әртістері қатысты. Жалпы, комедияның тақырып һәм мазмұн тұрғысынан арқалаған жүгі ауқымды. Әйтсе де, драматургияның негізі қайшылық екенін ескерсек, сол шым-шытырық интрига мен сөзінің іс-әрекетіне әсер ету екпіні бәсең сезілді. Әлі де елеп-екшейтін, тіпті кейбір сахналарын түбірімен қысқартып тастаса да, қойылымның көркемдігі бұзылмайтын басы артық эпизодтар көп. Соның салдарынан актерлер ойны да динамикасынан айырылып, бірсарындылыққа ұрынған. Көрерменді күлдіреміз деп қинала күлкі шақыру, жараспайтын жасанды әрекеттерге бару, орынсыз айқай, қисынсыз қимыл, дабыра дабыл – бәрі де спектакльдің ішкі һәм сыртқы семантикасына салқынын тигізген.

 

«Қыз Жібек»

Режиссер Әлібек Өмірбекұлының «Қыз Жібек» драмалық операсы сахналанғалы бері де қойылым төңірегінен өрбіген түрлі пі­кір толастаған емес. Бірі жақтаса, екін­ші­сі даттап та үлгерді. Әсіресе спек­такль­дің­ тіліне қатысты түйткілді тұстар өте көп. Қарабайыр көше тілі мен калька ау­да­р­­­маның құрбанына айналған қазақтың ұлт­­­тық жауһарының жыларман күйі шы­­нымен жанды жабырқатады. Актерлік ойын да әртістер тарапынан жан-жақты ашы­­ла алмады деп санаймыз. Аталған спектакль туралы газетіміздің бетінде бұған де­йін де жан-жақты талдап, «Қилы-қилы «Қыз Жібек» атты мақала бергендіктен, пі­кі­рі­мізді тағы қайталауды орынсыз сана­дық.

 

«Жошы хан»

Керісінше, режиссер Болат Ұзақов қойған драматург Думан Рамазанның «Жошы хан» спектаклі көрермен көңі­лі­нен орын алған туынды болды. Та­рихқа деген халықтың құрметі һәм қы­зы­ғушылығы спектакль бойы залдан сезіліп тұрды. Сондықтан болса керек, «Жошы хан» қойылатын күні залда әдет­тегідей аншлаг. Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Асылбек Қапаевтың сом­да­уын­дағы түрлі бейнені көріп жүрсек те, Шың­ғыс хан соның ішіндегі бір төбесі болыпты. Ірілі-ұсақты рөлдер ішінен жар­қырай көрінген сәтті ізденіс екенін де б­аса айтқымыз келеді. Жарты әлемді жау­лаған жаһан әміршісін әдетте көріп жүр­геніміздей қаһарлы, адуынды хан бей­не­сінде емес, керісінше қаһанның адами қасиеттеріне, әке ретіндегі сезім иірім­де­ріне бойлауға ұмтылған актерлік парасаты да, психологиялық тереңдігі де көңілге жы­лылық сыйлады. Оның Шыңғыс ханы – алыс-жұлыстан қашып, бойын парасат биле­ген, ұлағатты ойлар қозғайтын сал­мақты тұлға. Сол секілді Жошы бей­не­сін­дегі Қайыржан Садықовтың еңбегі де ес­ке­русіз емес. Жас актер бойынан жақсы ізденіс іздері көрінді.

 

«Бала мерген»

Спектакльдер шеруін жалғастырған қойы­лымдар қатарында Э.Шмид­тің «Хат» (режиссері – Рача Ма­ха­­таев), Қ.Жетпіс­баевтың «Бала мерген» (режиссері – Нұрфат Вахитов) және де театр актері Бәзіл Сұлтан­ға­зиннің «Кеш­кі...7» қойылымдары да жанрға жар­­қын көзқараспен келе білген жаңа­­шыл­­дығымен ерекшеленді. Әсіресе кіш­­кен­тай көрермендерге арналған Қадыр Жет­­пісбаевтың «Бала мерген» ертегісі бала­­лар ғана емес, ересектердің өзін ұлт­тық құндылықтар қадіріне бойлатып, таң­ғажайып ертегілер еліне ұмытылмас саяхат жасатты. Қойылым туралы тағы да театртанушы пікіріне кезек берсек. «Қ.Жетпісбаевтың «Бала мерген» ертегісі – ақ өлеңмен өрілген, ұлттық құндылықты дәріптейтін тағылымы мол шығарма. Жас көрерменге тамаша тарту болыпты. Спектакль таңның атысы, кештің батысы смартфоннан ажырауы қиын қазіргі балалардың сана-сезімін оятып, патриоттық сезімін қалыптастыруға, қиял көкжиегін кеңейтуге зор үлес қоспақ. Ертегінің негізгі идеясы достықты қадір­леуге, жақсыдан үйреніп, жаманнан жире­нуге, адамгершілікке баулиды. Ертегі режиссері Нұрфат Вахитов көрермен мен актер­лер арасында диалог орнату арқылы шы­­ғарма желісін қызықты етіп, жас көрер­­­меннің талғамынан шыға білгендігі қуантады», дейді Балжан Бекмағамбетова.

 

* * *

Аталған спектакльдер ішінен үздік шыққан жұмыстарды театр мамандарынан құралған сарапшылар алқасы анықтады. Сарапшылар шешімімен «Үздік актер» – Асылбек Қапаев (Шыңғыс хан рөлі үшін); «Үздік актриса» – Айнұр Жетпісбаева (Күнікей рөлі үшін); «Екінші пландағы үздік актер» – Нұрсұлтан Есен (Төртқұлақ хан рөлі үшін); «Екінші пландағы үздік актриса» – Бегімнұр Қалила (Таңсық рөлі үшін) марапатталды. Бұдан өзге көрер­мен­дер­дің арнайы дауыс беруімен де үздіктер анық­талды. Он күнге созылған шеруде сынға түскен қойылым және әртістерді баға­лап, арнайы дауыс беру арқылы өз фаво­риттерін қолдаған көрермендер пікірі де қалыс қалмады. Театрсүйер қауым­ның­ дауыс беру нәтижесінде «Үздік қойы­­­лым» аталымындағы жүлде «Жошы хан» спектакліне берілсе, «Үздік актер» – Қайыр­жан Садықов, «Үздік актриса» – Ақмарал Танабаева болды.

Ал «Қаллеки тынысы» спектакльдер ше­руінің басты жүлдесі – «Үздік спек­такль» аталымындағы бас жүлде сарап­шы­лардың бірауыздан қолдауымен Ғ.Мүсі­реповтің «Баян Сұлу – Қозы Көр­пеш» трагедиясына берілді. Қойылым режиссері – Гүлназ Балпейісова. «Үздік спектакль» атанған қойылымның қандай талаптар негізінде таңдалып алынғанын сарапшылар алқасының құрамында болған театртанушылардан сұрап көрген едік.

 

Көне эпостың тың шешімі

«Қаллеки тынысы» спектакльдер шеруі – екі жылда бір рет өткізіліп, дәстүрге айналып келе жатқан игі шара. Бұл – шығармашылық ұжымның ізденістері мен іркілістерін бағамдау жолында жасалған сәтті қадамдардың бірі. Ғ.Мүсіреповтің «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» трагедиясы режиссер Г.Балпейісованың режиссурасымен заманауи үлгіде жарық көрді. Режиссер көне эпосты ғажайып қиялмен ұштастырып, оны көркемдік тұрғыда көрерменге жеткізуде тың бағыт тапқан. Сценография, жарық, сахнаны игеру сынды суреткерлік талғамы жақсы көрін­ген. Адамзат пен табиғат мыңдаған жыл өтсе де өзе­гін жоғалтпаған, бір-бірінен ажырағысыз егіз ұғым екенін ес­кер­сек, трагедияға Ағаш қыз кейіпкерін енгізуінен Гүлназ Бал­пейі­сованың философиялық, символикалық ойлары оқылып отырды. Бұл – бір ғана мысал. Расында, махаббаттың алдында бәрі дәрменсіз. Классикалық туындыдағы Баян Сұлу атауын Қозы Көрпештен алдыңғы планға шығарудан-ақ режиссердің қа­зіргі қоғамдағы әйел тақырыбына тереңірек үңілуді көздегенін аң­ғаруға болады. Қыз баласының тәрбиесі оның өскен ортасына бай­ланысты. Ата-ана жауапкершілігі, отбасындағы отанасының рөлі Баян мен Күнікей бейнесінен көрі­не­ді. Кейіпкерлердің іші­нен Күнікей бей­не­сімен актриса Айнұр Жетпісбаева дара­­ланып тұр­ды. Спектакльге халық әні «Ақ Баян» лейтмотив ретінде алы­нып, қойы­лымның негізгі идеясын аша түсуге сеп болған.

 

Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА,

Театртанушы

 

 

Дәстүрлі емес шешім һәм қалыпқа бағынбаған ойын

Сарапшылар құрамы анықтаған үздік қойылымның «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» болуы – кездейсоқ шешім емес. Аталған қойылым туралы азды-көпті ақпарат бере кетсек, спектакль 2022 жылы сахналанды. Қоюшы режиссері – Б.Щукин атындағы театр училищесін бітірген Гүлназ Балпейісова. Режиссер қазақ театрында алғаш рет Қарағандының С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрындағы «Қарагөз» қойылымымен көзге түсіп, оның бұл қойылымы көпшілік арасында үлкен шу тудырған еді. Г.Балпейісова – әйгілі театр режиссері Р.В.Туминастың шәкірті, қазіргі күні Мәскеу қаласы Е.Вахтангов атындағы театрдың режиссері. Спектакльдер шеруіне қатысқан «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» қойылымы сахналанғанына екі жылдан аса уақыт өтсе де, әлі күнге дейін даулы қойылымдардың бірі болып келеді. Көптің қытығына тиген мәселе – лиро-эпосты әсірезаманауиландырып, ұлттық ерекшелікке кереғар шешімдер қолдануында болды. Тарихта «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» атымен қалған жырдың Г.Балпейісова трактовкасында Қозы Көрпештің алдына Баянның шығуы, яғни «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» аталуы да көпшілік ойында сан сауал тудырды. Дегенмен уақыт өте келе бұл қойылым басқа қырынан ашылып, бүгінде спектакльдің даттаушысынан жақтаушысы көбейіп келеді. Сарапшылар құрамының жоғары бағасына ие болуына да режиссурадағы «дәстүрлі емес» шешімдер мен актерлердің басқа қалыптағы сахналық образдарды сәтті иегеруі сынды бірқатар критерий өз әсерін тигізді. Бастысы, бүгінгі театр­ көшінен қалмай, елордалық театрлардың алдыңғы буыны болып жүрген Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры кезекті театр то­йын сән-салтанатымен қарсы алып, театрішілік фестивальмен осылайша көрермен алдында жемісті есеп берді.

 

Рухия БАҚЫТБЕК,

Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы