Шымкент қаласының іргесіндегі Базарқақпа тұрғын алабында тауық жұмыртқасын өндіретін, халықаралық биоқауіпсіздік стандарттарына негізделген кәсіпорын – «АйМар құс» фабрикасы іске қосылды.
Күніне 110 мың жұмыртқа өндіріледі
Кәсіпорын жылына 72 млн дана жұмыртқа өндіруге қауқарлы. Құс фабрикасының іргетасы 2022 жылы қаланды. Екі жылдай құрылыс жұмыстары жүріп, іске биыл кірісті. Өндіріс орнында 2 цех, 4 қоражай, ветеринарлық зертхана, жұмыртқаны сұрыптайтын алаң мен өнім сақтайтын қойма бар.
Жұмыртқалайтын тауықтар – «супер ник» деп аталатын тұқымды құстар. Оларды Өзбекстаннан арнайы сатып әкелген. Құс фабрикасында гормондық қоспалар, өсу стимуляторлары, генетикалық түрлендірілген заттар мүлдем қолданылмайды. Тауықтар мен балапандар тек табиғи құрама жеммен қоректендіріледі. Кәсіпорын Германияның «Big Dutchman», Польшаның «Moba» секілді ең озық қондырғыларымен жабдықталған.
Компания өкілі Өмірби Сәбитұлының айтуынша, бүгінде фабрикадағы құс саны 110 мыңға жетті. Сәуір айында тағы 110 мың құс сатып әкелінбек. Жұмыртқаның 3 түрлі сұрпы өндіріледі. Жұмыртқа санаттары таңдаулы, супер таңдаулы және С1 деп бөлінеді. Кәсіпкерлік жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде 72 млн дана жұмыртқа өндірілмек. Компания бизнес бастауға қажетті қаражатты «Даму» кәсіпкерлікті дамыту» қоры арқылы 4%-дық несиемен алған. Құрылыс пен өндірісті іске қосуға кеткен жалпы қаржы 4,5 млрд теңгені құрапты. Қазір кәсіпорында күніне 110 мың жұмыртқа өндіріледі. 72 млн дананы құрайтын жылдық қуаттылыққа толық көшкен уақытта күніне 220 мың жұмыртқа өнімі алынатын болады.
Сыртқы нарыққа да экспортталады
«Негізгі мақсатымыз – халыққа халал әрі арзан, сапалы жұмыртқа ұсыну. Өніміміз халықаралық стандарттарға толық сәйкес болғандықтан, шетелге экспорттай аламыз. Алайда әуелі ішкі нарықты жұмыртқамен толық қамтамасыз етуіміз керек. Бизнес жобамыздың екінші кезеңінде тауық санын 660 мыңға жеткізіп, жылына 220 млн дана жұмыртқа өндіруді көздеп отырмыз. Міне, сол кезде тауарымызды Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері мен шетелдерге экспорттаймыз. Қыста адамның тәбеті артып, тамақты көп жейді. Жұмыртқа жоғары калориялы тағам түрі болғандықтан, қыста оның тұтыну көлемі артады. Жазда төмендейді. Сондықтан ол сұранысы жоғары, көп тұтынатын, әрі жаз бен қыс мезгіліне қарай қажеттілігі өзгеріп отыратын өнім болып саналады», деді Өмірби Сәбитұлы.
Кәсіпорын аумағында 135 метр тереңдікте ұңғыма қазылған. Ол мөлдір таза суды тұтынуға мүмкіндік береді. Жарық өшкен жағдайда фабриканы үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ететін арнайы генератор қондырғысы орнатылған. Өндіріс орнының орналасқан жері қала орталығынан біршама ұзақта – Түркістан облысы Төлеби ауданына қарасты Зертас ауылының дәл маңында. Сондықтан мұнда еңбек ететін жұмысшылардың дені – жергілікті тұрғындар. Қаладан қатынап істейтін жұмысшыларға арнайы автобус қарастырылған. Жалпы, кәсіпорында 75 адам жұмыс істейді.
Құс фабрикасының өндіріс аймақтарынан, мал шаруашылығы кешендерінен алшақта салынуы санитарлық-ветеринарлық қауіпсіздікті жоғары деңгейде сақтауға кепілдік береді. Компания алдағы уақытта етті бағыттағы бройлер тауықтарын өсіріп, құрама жем дайындайтын қосымша өндірісті іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ өндірістің екінші кезеңінде шұжық секілді көптеген тауық еті өнімдері әзірленіп, олар арнайы фирмалық дүкендерде сатылымға шығарылады.
Мемлекет 250 млн теңге пайызсыз қаржы берді
Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Базарбековтің мәлімдеуінше, жаңадан ашылған құс фабрикасының іске қосылуымен мегаполистегі тауық жұмыртқасын өндіретін кәсіпорындар саны төртеуге жетті. Қазірге дейін шаһардағы үш құс фабрикасы – «Тассай құс», «Казком» және «Шымкент құс» жұмыртқа өніміне деген сұраныстың 50%-ын қамтамасыз етіп келсе, нарыққа енді ғана қадам басқан «АйМар Құстың» өнімімен сұранысты қанағаттандыру көрсеткіші 70%-ға ұлғаятын болады. Әрине, мұны мемлекеттің басты стратегиясы саналатын азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ең үлкен жетістіктің бірі деп бағалаған жөн. Басқарма өкілінің айтуынша, Үкімет осы бағыттағы жұмыстарды ширата түскен. Соның нәтижесінде жыл сайын агроөнеркәсіп кешеніндегі жобалар мен оларға жұмсалатын инвестиция көлемі де артып келеді. Мәселен, биыл «АйМар Құс» құс фабрикасымен бірге мегаполисте тағы 6 жоба іске асырылмақ.
«АйМар Құс» бірінші қажеттіліктегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорын болғандықтан, жергілікті нарықтағы тауар бағасының тұрақтылығына белгілі бір деңгейде әсер ете алады. Сол себепті, құс фабрикасы әкімдік тарапынан арнайы тізімге енгізіліп, оған «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы тұрақтандыру қорынан 250 млн теңге пайызсыз айналым қаражаты берілді. Бұл келісімшарт негізінде құс фабрикасы жергілікті ірі сауда желісі дүкендеріне 1 жыл бойына бағасы 50 теңгеден С1 санатқа жататын 5 млн дана жұмыртқа өткізуге міндеттеме алды. Сонымен бірге кәсіпорын толық қуатына еніп болған соң инвестициялық субсидия бағдарламасына сәйкес құрал-жабдықтарды сатып алуға кеткен шығынның 40%-ы мемлекет тарапынан өтеліп, компанияға кері қайтарылатын болады.
«Мемлекет кәсіпкерлерге өте жақсы жағдай жасап отыр. Оның ең бастысы – қаржылай көрсетілетін қолдаулар. Осындай көмектің нәтижесінде қаншама компания жобаларын іске асыратын ивестициялық қаражат тауып, аяққа тұрып кетіп жатыр. Ендігі мақсат – нарықты қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетті ұлғайту. Оған еліміздің климаты мен жер жағдайы толық мүмкіндік береді», дейді Өмірби Сәбитұлы.
ШЫМКЕНТ