Арнаулы әлеуметтік қызмет алатын 2,2 мыңнан астам азамат қызмет көрсету үдерістерін цифрландыру жөніндегі қанатқақты жобаға тартылды. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қарағанды облысында арнаулы әлеуметтік қызметтердің тиімділігі мен ашықтығын арттыру мақсатында қанатқақты режімде 10 стационарлық үлгідегі арнаулы қызметтер көрсету орталығының базасында жұмыс үдерістері цифрландырылып жатыр. Жоба аясында 2 258 арнаулы қызмет алушының медициналық карталары цифрландырылып, көптеген жұмыс үдерісі автоматтандырылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктері мен Қарағанды облысының әкімдігі арасында Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының қызметін трансформациялау бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
Саланың ақпаратына сүйенсек, бүгінгі таңда өңірдің 10 орталығынан 358 қызметкер «Социум» ақпараттық жүйесіне қосылған. Онда электрондық форматта 2 258 арнаулы әлеуметтік қызмет алушыларды тіркеуден, алғашқы тексеруден бастап көрсетілген қызметтер мен алынған дәрі-дәрмектерге дейін жүргізу жүзеге асырылмақ.
«Қанатқақты жоба арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесінде тәуекелдерді дәлірек басқаруға арналған құралдарды ұсынады. Цифрландыру көрсетілетін қызметтердің сапасын және алушылардың қанағаттану деңгейін арттыруға ықпал етеді. Бұл жобаның басты жетістіктерінің бірі – атаулылықты қамтамасыз ету», дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтер департаментінің директоры Сырым Нәси.
Орталықтардың қызметін цифрландыру әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы барлық рәсімнің, стандарт пен талаптың орындалуын автоматты түрде бақылауға және құжаттауға мүмкіндік береді. Бұл ұлттық заңнаманы қатаң сақтауға, сондай-ақ бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал ететін болады.
Бүгінгі күнде облыс деңгейінде жұмыс үдерісін, материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етілуін, төсектік орындардың толымдылығын, кадрлармен қамтамасыз етілуін және олардың біліктілік деңгейін, ведомстволық бағынысты мекемелердің шығындарын мониторингтеу мүмкіндігі бар.
Жоба біраз нәтижеге қол жеткізіп те үлгерді. Мәселен, құжаттаманы толтыру уақыты қысқартылған, барлық құжаттама электрондық форматқа ауыстырылған, дәрілік заттардың дербестендірілген есебі және оңалтудың жеке бағдарламасының орындалуын бақылау қамтамасыз етіліп, алғашқы медициналық-санитарлық көмекке және облыс стационарларына электрондық тағайындау жүзеге асырылып жатыр.
Жалпы, бұл жоба орталықтардың жұмысын жақсартып қана қоймай, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесінің қолжетімділігін арттыра түспек.