• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Сәуір, 2024

Тосыннан келген су

186 рет
көрсетілді

Мұнайлы өңірде тосыннан келген судың салған сергелдеңі әлі тоқтамай тұр. Сол себептен облыстық жедел штаб Қызылқоға мен Жылыой ауданының аумағынан өтетін Ойыл және Жем өзендерінің жағалауын бекітуге баса мән беріп отыр.

Осыған байланысты облыс әкімі Серік Шәпкенов су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту үшін ірі мұнай компаниялары өкілдерімен жиын өткізді. Жиында «АтМӨЗ», «Теңізшевройл» ЖШС, «NCOC N.V» компаниясына, «Ембімұнайгаз», «ҚазТрансОйл» АҚ және «Каспий құбыр консорциумына» техникаларды жұмылдыру тапсырылды.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев Қызылқоға ауданына барып, тасқын суға қарсы жұмыстарға басшы­лық етуді қолға алды. Өйткені мұнда Ойыл өзенінің жағалауынан асқан су Қоныстану, Тайсойған, Қарабау ауылдарына жеткен. Сол себептен Қоныстану аулына бөгетті нығайту үшін 50 құтқарушы, 20 ерікті, 1,5 мың қап пен қажетті құрал-жабдықтар жет­кі­зілді. Тайсойған және Қарабау ауыл­дарына 60 құтқарушы барды.

Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиевтің мәліметіне сүйенсек, Миялы, Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл, Қаракөл, Қызыл­қоға, Тайсойған ауылдық округ­теріне тасқын судан төнетін қауіп әлі де бай­қалады.

«Қызылқоға ауданында 31 наурызда төтенше жағдай жарияланды. Сол күні Миялы аулынан 654 тұрғын 3 эвакуациялық пунктке көшірілді. Бұл ауылға төнген қауіп сейіліп, тұрғындар үйіне оралды. Ал Тайсойған ауылдық округінің 139 тұрғыны Атырау қаласы мен Миялы аулындағы туыстарының үйіне жеткізілді. Көздіғара ауылдық окру­гінің тұрғындары Жаңашаруа орта мек­тебіне орналастырылды», деп мәлім­де­ді Ж.Есенғалиев.

Оның айтуынша, 2 сәуірде Көздіғара округіндегі Қоныстану аулында сайда орналасқан 4 тұрғын үйді су бас­ты. Үйдің бірі бос тұрған. Екі үйден 8 тұрғын мен қорадағы мал қауіпсіз аймаққа көшіріліпті. Бұл ауылдық округте 1 744 тұрғын бар. Округке қарасты Қосқұлақ және Бүйрек елді мекенінің 215 тұрғыны, 1 266 мүйізді ірі қара, 551 жылқы, 66 түйе, 422 қой-ешкі қыр басына шығарылды.

Ал Тайсойған аулында 30 құтқару­шы, Атырау қаласынан келген 10 ерікті, ауылдың 60-ға жуық тұрғыны апаттың алдын алу үшін жұмыла іске кірісті. Бұл ауылда бұрыннан 2 шақырым бөгет бар. Енді бұған қоса 600 метрге жуық бөгет тұрғызылды. Сондай-ақ 2,5 шақырымдық канал қазылды.

Аудан әкімі орынбасарының айтуына қарағанда, Ойыл ауылдық округіне қарасты Балабейіт қыстағы тасқын судың қоршауында қалған. Құтқару жа­сағы 2 қайықпен қыстақтағы 11 адам мен 173 малды қауіпсіз аумаққа шы­ғарған.

«Миялы аулынан Сағызға баратын жолдың 4-шақырымы тұсын су ша­йып, көлік қозғалысы тоқтады. Аудан орталығынан Қарабау бағытындағы жол да бүлінді. Жасқайрат аулынан 2 шақырым қашықтықтағы жолдың 130 метрге жуығы бүлінгендіктен, авто­көлік қозғалысы шектелді. Тасқын су жыр­ған жол бөліктері жергілікті бюджет есебінен қалпына келтіріледі», дейді Ж.Есенғалиев.

Облыс әкімінің тағы бір орынбасары Марат Мурзиев Жылыой ауданындағы Жем өзенінің жағалауын бекіту жұмы­сына басшылық жасап жүр. Өйткені 2 сәуірде аудандағы Жем – Ақкиіз­тоғай гидро­бекетіндегі су деңгейі күндізгі сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін 55 см-ге көте­рілген. Кешкі мезгілдегі су деңгейі – 3,25 метр.

Жемнің суы Ақкиізтоғай аулына қауіп төндірді. Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың мәліметінше, аталған ауылға төнген қауіпті сейілту үшін бөгет тұрғызуға 100-ге жуық адам, 11 техника тартылған.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуына қарағанда, Жайық өзеніндегі су деңгейі бақылауға алы­нып отыр. Өйткені бұл өзеннің жаға­лауында Индер және Махамбет ауда­н­дарының, Атырау қаласының 30-дан аса елді мекені орналасқан.

«Жайық өзеніне Ресейдің Орынбор облысындағы Ириклин суқоймасынан жіберілген су құяды. 1 сәуірде көрші елдегі су қоймасынан келетін судың көлемі секундына 90-нан 390 текше метр­­ге дейін артқан. Осыған байланысты Жайық өзенінің Атырау облысындағы жағалауына зерделеу жүргізілді. Облыс әкімі Серік Шәпкенов Жайық өзенінің Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қал­а­сындағы жағалауының осал тұстарына инертті материалдарды төсеп, құм толтырылған қаппен бекітуді тап­сырды», деді Ж.Бисембиев.

 

Атырау облысы