Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметінше, бүгін түнде Құлсары қаласындағы 2 және 3-ауылға тасқын судың кіру қаупі туындаған, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жем өзені арнасынан асып, тасыды. Осыған байланысты аудандық жедел штаб Құлсары қаласындағы 2 және 3-ауыл тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіру туралы штаб шешім қабылдады. Бірінші кезекте әйелдер, балалар, науқас жандар және I, II, III-топтағы мүгедектер көшіріледі», деп хабарлады аудандық әкімдік.
Эвакуацияланған тұрғындар үшін Құлсары қаласындағы бірнеше мектепте қабылдау пункті ашылды. Тұрғындар №1, 5, 6, 8, 9, 16 және 18-орта мектепке орналастырылады.
«Қауіпсіз аймаққа көшіру жақын жол жиегінде қойылған «БатысТехИнвест» ЖШС-нің автобустары арқылы жүзеге асырылады. Тұрғындардан өзімен бірге жеке құжатын, шағын төсек және басқа қажетті заттарын ала баруы сұралады», деп мәлім етті аудандық әкімдіктен.
Құлсары қаласындағы орталық стадионның аумағын, көшелерді тасқын су басты.