Әзербайжан мен Қазақстанның ынтымақтастығы бүгін ғана қалыптасқан жоқ. Екі елдің байланысы ғасырлар бойы жалғасып келеді. Өйткені қос халықты біріктіретін дүние көп. Тілдері, дәстүрлері, мәдени, діни және этникалық құндылықтары да ұқсас.
Бұдан басқа, Әзербайжан мен Қазақстан мемлекеттерінің басшылары ынтымақтастықты дамыту үшін көп күш жұмсап жатқанын айтып өту керек. Мәселен, екі жыл бұрын елдеріміз дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтті. Бүгінде тараптар көптеген халықаралық ұйым аясында екіжақты және көпжақты форматта ортақ байланысты жандандырып келеді. Осы күні екі мемлекеттің өзара іс-қимылы саясат, экономика, сауда, транзит, көлік, ауыл шаруашылығы, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық және тағы да басқа салаларды қамтиды. Бұл ғана емес, қазір Қазақстан мен Әзербайжан қарым-қатынастарының ауқымды шарттық-құқықтық базасы бар. Тараптар арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар туралы алғашқы құжатқа 2005 жылы Баку қаласында қол қойылды. Стратегиялық әріптестік тарихында тараптар арасында ешқандай мәселелер туындаған жоқ. Тіпті Каспийдің құқықтық мәртебесіне қатысты тараптар қысқа мерзімде келісімге келе алды. Сонымен бірге екі ел халықаралық аренада да табысты өзара іс-қимыл жасап отыр. Кейінгі бір жарым жылда тараптар арасында 40-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды.
Мәдени құндылықтарымыз мен дәстүрлеріміздің ұқсастығына байланысты екі ел арасындағы гуманитарлық қатынастар да жылдар бойы жемісін беріп келеді. Тараптар тәуелсіздік алғанға дейін ХХ ғасырдың 80-жылдары Әзербайжанда қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтің «АзиЯ» атты кітабы жарық көрді. Ал 1990 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында сөйлеген сөзінде Олжас Сүлейменов Әзербайжанның әділ ұстанымын қолдап, әлемдік жұртшылыққа жеткізді. 2021 жылы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев елдер арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға қосқан үлесі үшін қазақ ақынын «Шараф» орденімен марапаттады. Бейресми мәліметтер бойынша, қазір Қазақстанда 200 мыңға жуық әзербайжан тұрады. Олардың үштен бір бөлігі Түркістан облысында қоныс тепкен.
ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап Қазақстанда Әзербайжан мәдениетінің орталықтары жұмыс істейді. Осы арада атап өту керек, 2023 жылғы сәуірде Қазақстанда Президент Ильхам Әлиевтің ресми сапарында өзара мәдениет күндерін өткізу туралы шешім қабылданды. Сол жылы желтоқсанда Бакуде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Сондай-ақ 2023 жылы Қазақстанда Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің жүз жылдығына арналған бірқатар іс-шара өтті. Астана қаласында оның құрметіне көше ашылды. Сонымен қатар Г.Әлиевтің өмірі мен қызметіне арналған деректі фильм «Қазақстан» телеарнасында көрсетілді. Қазір қос елдің жастары арасындағы байланыстарды дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Бірлескен жұмыс медиа кеңістікте де жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар екі елдің бірлескен мәдени іс-шаралары жиі ұйымдастырылады. Айталық, 2010 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанынан Қазақстанда Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев атындағы орталық ашылса, 2011 жылы Баку мемлекеттік университетінің жанынан Абай Құнанбайұлы атындағы Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығы құрылды. Тараптар арасындағы білім беру мекемелеріндегі тағылымдамалық бағдарламалар да тиімді жұмыс істеп келеді. 2019 жылы М.Ахундов атындағы Әзербайжан Ұлттық кітапханасында Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды. Сондай-ақ 2019 жылы Қазақстан Президент орталығы мен Гейдар Әлиев қоры, Әзербайжанның әлеуметтік зерттеулер орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды. 2021 жылы әзербайжан жазушылары А.Айвазов, Э.Гулиев, Н.Абдулрахманлы, Э.Қараханлы және И.Ілияслы қазақтың ұлы ақыны Абайдың кітаптарын Әзербайжан тіліне аударды.
Бұдан басқа, екі елдің арасындағы гуманитарлық қатынастар халықаралық ұйымдар, оның ішінде түркітілдес елдердің мәдениет министрлерінің тұрақты кеңесі аясында да дамып жатқаны қуантады. Гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы бірлескен жобалар ТҮРКСОЙ ұйымы аясында да жүзеге асып жатыр. Бұл мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы бауырластық қатынастардың одан әрі дамуына ықпал етері анық.
Әзербайжанның маңызды стратегиялық серіктесі бола отырып, Қазақстан әрқашан елдің аумақтық тұтастығын қолдайтыны да біз үшін маңызды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға мемлекеттік сапары қарсаңында Қазақстан Оңтүстік Кавказ аймағында бейбітшілік шартына тезірек қол қоюды және бейбітшілік орнатуды қолдайтынын білдірді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазақ компанияларының Әзербайжанның Қарабақ өңірін жаңғырту бағдарламасына қатысуға мүдделілігін атап өтті. Жақында Әзербайжан мен Қазақстан мемлекеттері басшыларының қатысуымен Қазақ халқының Әзербайжанға сыйы ретінде Физули қаласында Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығы ашылды. Бұдан басқа, Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ компаниясының Физули қаласындағы орталық аудандық аурухана құрылысына қатысу ниеті туралы айтты. Осының өзі-ақ Әзербайжан мен Қазақстанның екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастығы табысты дамып жатқанын дәлелдейді. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша ұстанымдары ортақ. Сондықтан болашақта да қос ел барлық салада өзара іс-қимылды дамытуға күш салуға ниетті.
Роза БАЙРАМЛЫ,
Әзербайжан халықаралық қатынастарды талдау орталығының кеңесшісі