• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Сәуір, 2024

«Самұрық-Қазына» Қазақстандағы су тасқынының салдарын жоюға 15 млрд теңге бөледі

253 рет
көрсетілді

Бүгін «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов компаниялар тобы басшыларының қатысуымен ТЖ-ге жедел әрекет ету штабының жиналысын өткізді, деп жазады Egemen.kz.

Жиын барысында су тасқыны кезіндегі қазіргі ахуал және табиғи апаттың алдын алуға және жоюға бағытталған шаралар талқыланды.

Қор табиғи апаттан ең көп зардап шеккен өңірлерге – 15 млрд теңге көлемінде материалдық көмек көрсетеді, деп атап өтті Нұрлан Жақыпов. Қордың корпоративтік орталығы, ҚМГ, «Қазатопром», ҚТЖ, «Қазақгаз», KEGOC, «Қазақтелеком», «Эйр Астана», «Самұрық-Энерго» көмек көрсетуде.Қаражат қайырымдылық қызметінің бірыңғай операторы «Samruk-Kazyna Trust» арқылы бағытталады.

Қазіргідей қиын жағдайда қызметкерлердің қауіпсіздігін, тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету портфельдік компаниялардың алдында тұрған басым міндеттердің бірі. Сын сағатта күшімізді біріктіріп, ТЖ-ге қарсы күресу жұмыстарын жандандыру қажетпіз. Осы бағыттағы тасқын судың алдын алу жұмыстарын, сондай-ақ зардап шеккен өндірістік объектілердің жұмысын штаттық режимге келтіру шараларын жалғастыру қажет, - деді Нұрлан Жақыпов.

ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, ҚМГ компаниялар тобынан су тасқынына қарсы шараларға 500-ден астам қызметкер жұмылдырылған және 160-тан астам техника мен құрал-жабдық, сондай-ақ 80 тонна дизель, 22 тонна бензин бөлінген.

«Қазақстан темір жолы» АҚ-да суға төтеп беретін 45 пойыз құрылды. Тасқын судан зардап шеккен барлық өңірлерде су айдайтын 47 өрт сөндіру пойызы кезекшілік етуде, - деп атап өтті жиында ҚТЖ басшысы Нұрлан Сауранбаев. Сондай-ақ, теміржол транспорты азаматтарды эвакуациялауға тартылған. Сәуірдің 8 күні ҚТЖ қаражаты есебінен Атырау облысында таңертеңнен бері 5 мыңға жуық қазақстандық тасымалданды.

QazaqGaz-да авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 750 адам жұмылдырылды, су тасқыны зардаптарын жою жұмыстарына 135 бірлік техника бөлінген, су басу өңірлерінде еріктілер топтары құрылды.

«KEGOC» АҚ электр жеткізу желілерін, ғимараттар мен құрылыстарды ағын судан қорғау шараларын қабылдады, сондай-ақ су басуы ықтимал әуе желілерін бақылау жұмыстары және электр желілерінде авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін бригадалар ұйымдастырылды, - деп атап өтті Нәби Айтжанов.

«Қазақтелеком» АҚ-да телекоммуникация құралдарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін компанияның техникалық блогы жедел штабтар құрды. Бөлімшелер арасында байланыс орталықтары ұйымдастырылып, авариялық-қалпына келтіру командалары құрылды. Қызметкерлер су тасқыны салдарынан зақымдалған жабдықтардың ақауларын тез арада жоюда.Қор тобының қызметкерлері зардап шеккен отбасыларға азық-түлік, тұрмыстық заттар және басқа да көмек көрсетеді.

Нұрлан Жақыпов су тасқыны кезіндегі ахуалды тәулігіне бірнеше рет хабарлап отыруды және төтенше жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды, сондай-ақ апат зардаптарын жоюға қатысқан барлық топ қызметкерлеріне алғысын білдірді.