Гүлия Жүзенова сонау 1995 жылы дәрі-дәрмекті көтерме бағамен саудалайтын фирма ашып, кәсіп бастаған. Мамандығы – фармацевт. Сондықтан бизнестің бұл түрін таңдауы еш кездейсоқтық емес. Жұмысы алға басып, 160 дәріханасы, 11 облыста қоймасы болды. 2010 жылы «Даму» қорының мүмкіндігін пайдаланып, фирмасы үлкен кәсіпорынға айналады. Бүгінде «ЭкоФам Интернейшнл» ЖШС өндіретін медициналық бұйымдар отандық өндірістің мақтанышы болып тұр.
Кәсіпорын ассортименті қандай?
«Үкіметтің фармацевтикалық өндірісті қолдауға арналған жаңа бағдарламасын екі-үш түн қатарынан ұйықтамай оқығаным әлі есімде. Маған өте қызық көрінді. Иә, фирмамыз болды, бірақ дәрі-дәрмек саудасында артылатын пайда аз еді. Ақшамыз болмай дәріхананы жалға алатынбыз. Уақыт тапшы болғандықтан көрмелерден алып келген нұсқаулық пен кітапшалар оқылмай, бір бұрышта үйіліп жатушы еді. Соларды да ерінбей қарап шықтым. Күйеуім, екі балам бәріміз ақылдаса келе медициналық бұйым шығаратын кәсіпорын ашайық деп шештік. Есептеп көрсек, жыл сайын әр азаматты медициналық тексеруге шамамен 18 дана түтікше (пробирка), 2 ине жұмсалады екен. Содан вакуумды түтікше шығаруды ұйғардық», деді Г.Жүзенова.
– Ол қан сынамасын алуда ең қауіпсіз әдіс саналады. Өйткені қан арқылы көптеген ауру жұғып кетеді. Тіпті кәріз жүйесіне түскеннің өзінде кеміргіштер арқылы да ауру таралуы мүмкін. Бірақ өндіріс ашуға тәжірибеміз жеткіліксіз еді. Кеңес сұрайын десек, маман таппаймыз. Бар білгенімізбен Кореядан керекті құрал-жабдықтарды сатып әкеліп, оларды орнатып 2012 жылы алғашқы өнімді шығардық. Сол жылы «СК-Фармация» арқылы 10 жылдық қолдау келісімшартына тұрып, емханалар мен ауруханаларға өнім өткізіп келеміз.
Кәсіпорынның өнім ассортименті өте кең. Күре тамырдан қан сынамасын алатын 57 түрлі вакуумдық түтікше мен оның қоспалары, 6 түрлі ине бар. Иненің әртүрлі жіңішкелікте болуының маңыздылығы өте үлкен екен. Себебі қан құрамының өзгеріп кетуіне иненің де әсері бар көрінеді. Әлемде медицина саласы күн сайын дамып барады. Заманға сай өндіріс үрдісінен қалып кетпеуге кәсіпорын басқа да бұйымдар шығарып, «СК-Фармация» арқылы саудасын жүргізіп жатыр. Әдетте медициналық өндіріс туралы айтылса, бірінші ойға келетіні дәрі-дәрмек екені белгілі. Алайда медициналық бұйымдар да өте маңызды рөл ойнайды. Мәселен, ота кезінде қанды қоюлатпай, сұйылтпай бірқалыпты ұстап тұратын арнайы түтікше керек болады. «ЭкоФарм Интернешнл» ЖШС оны да өндіреді.
Сыртқы нарыққа сата алмай отыр
Кәсіпорын отандық өндірісті қолдау бағыты бойынша, сондай-ақ ашық конкурстарға қатысу арқылы елімізді вакуумдық түтікше, инелермен толық қамтамасыз етеді. Жылына 45 млн вакуумдық түтікше, 15 млн ине, тағы сонша дана инеұстағыш шығарады. Әрі «ЭкоФарм Интернешнл» – мұндай өнім шығаратын елдегі жалғыз зауыт. Өзімізден артылған өнімді Ресейге экспорттауға болар еді, алайда Батыс санкцияларына байланысты бұл шаруаны дөңгелету мүмкін болмай тұр.
«Барлық техниканы, технологияны және шикізатты Еуропадан әкелетіндіктен, Ресейге ешқандай өнім сатпаймыз деп тілхат беріп отырамыз. Олар сол үшін бізді тексеріп тұрады. Егер қандай да бір өніміміз Ресейден табылып қалса, бізге шикізат беруді тоқтатады», дейді.
Келесі тиімді нарық Өзбекстан еді, бірақ ол елмен жасалған келісімнің күші жойылмақ.
«Өзбекстан өз нарығын қатты қорғайды екен. Оларда біздегідей вакуумдық түтікше шығаратын бір кәсіпорын болғандықтан, нарығына тауар кіргізгеніміз үшін екі рет кедендік баж салығын төледік. Яғни сырттан келетін бір өнім Өзбекстанда да шығарылатын болса, оның кедендік алымының бағасын екі есе қымбат етіп қояды. Ал бізде керісінше, дәл осындай вакуумдық түтікше шетелден әкелінсе, оған ешқандай кедендік баж салығы, қосымша құн салығы төленбейді. Тап-таза күйінше нарыққа енеді. Әлі өнімді өндірмей тұрып шикізатты шетелден әкелу үшін бүкіл салығын төлеп шығамыз. Шикізат 30%-ға қымбат болған соң өнімнің де бағасы жоғары болады. Осыдан кейін елу жылдан бері өнім шығарып келе жатқан кәсіпорындармен қалай бәсекелес боласың?», деді кәсіпкер.
Министрліктің бұйрығын күткелі көп жыл болды
Он жылдық қолдау аяқталған соң компания өнімін ашық конкурс арқылы сатып жатыр. Ал ол құжаттар арқылы істелетін көп жұмысты талап етеді. Егер дистрибьюторлық ұйымдар сату мәселесін тұтастай өз мойнына алса бұл компанияға өндірісін арттыруға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейтуге көп жәрдемін тигізер еді. Алайда дистрибьюторлардың тендер шартында отандық кәсіпорындарға ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Оларға отандық өнімнен гөрі бағасы төмен шетелдік тауарды таңдап, оны сатқанда үстінен пайда көріп отырған әлдеқайда тиімді.
«Өнімді ашық конкурста өткізіп болған соң 60 күнтізбелік күн бойы ақшаның түсуін күтесің. 60 күнтізбелік күн жалпы 90 күнге кетіп қалады. Өндіріске ақша керек болғандықтан амал жоқ несие аласың. Ол ертеңгі күні тағы да өнім бағасының қымбаттауына әкеп соғады. Осындай кезде еліміздегі ірі дистрибьюторлармен тауар бағасын төмендетіп беремін деп келіссек, несие де алмаған болар едік. Өйткені дистрибьюторда ақша көп, олар тауарды алған соң бірден төлем жасайды. Міне, қазір ортадағы алып-сатушы ұйымдармен осы келісімді жасай алмай отырмыз», деді Г.Жүзенова.
Өндіріс орны Үкіметтің қаулысы негізінде жұмыс істеп, соның нәтижесінде мемлекеттен көп қолдау тауып отыр. Жергілікті әкімдік те бар көмегін аяп жатқан жоқ. Соның бірі ретінде кәсіпорынның индустриалды аймақтан ашқан зауыттарына мемлекет тарапынан берілетін көптеген жеңілдікті атап өтуге болады. Ол зауыт құрылысына қажетті жер учаскесі, тиісті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, басқа да осы секілді көмектер.
«СК-Фармация» компаниямен алдын ала тағы да келісімшарт түзген. Ол бойынша 5 жылда өнім өндіріліп сынақтан өтуге тиіс. Алайда мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде зауыт екі жылда аяғына тұрып, бұрынғы тәжірибенің көмегімен жаңа медициналық бұйымдар да тиісті сынамалардан өтті. Кәсіпорын «СК-Фармацияға» есеп беріп, барлығы дайын екенін баяндаған. Ендігі жерде Денсаулық сақтау министрлігі «СК-Фармация» өтінішінің негізінде жаңа өнімдердің бағасы, емдеу мекемелерінің тізімі секілді мәселелерді қамтитын №77, 88, 96-бұйрықтарды шығаруы керек. Алайда министрліктің әлгі бұйрықтарды шығармай жатқанына биыл төрт жыл болыпты.
«Соның кесірінен шығарып қойған затымызды төртінші жыл қатарынан сата алмай отырмыз. Сосын халықаралық ISO 13485 стандартына сәйкес кәсіпорын құрып, оның технологиялық тілін білетін мамандарға 3 жылдан бері бостан-босқа айлық төлеп келеміз. Осыны айтып вице-премьерге де кіріп шықтық. Уәде беріледі, бірақ нақты іске келгенде нәтиже болмай тұр. Өндіріс орнын құруға 3-4 жыл, бұйрықты дайындауға тағы сонша уақыт жұмсалады. Сонда 9 жылдан бері өнім сата алмай жатырмыз. Осы уақыт аралығында ол затымыз ескіріп те кететін болды. Біз бір емес, елімізде медициналық бұйым шығаратын кәсіпорындар өте көп. Солардың барлығы Денсаулық сақтау министрлігінің аталған бұйрықты күтіп отыр», деді Г.Жүзенова.
ШЫМКЕНТ