Өткенде ғана кәмпит өндірісімен айналысатын қазалылық кәсіпкер өнімінің атын жамылып, танымал тәттіні саудалайтындар бар екенін айтқан еді. Тіпті осы тауар белгісі арқылы көрші қырғыз елінде де өнімін өткізіп отырғандар кездесіп қалады екен. Ал зияткерлік меншік мәселесімен айналысып жүрген мамандар мұндай келеңсіздіктің жолын кесуге болатынын айтады.
Еліміздің әр өңіріне қатысты брендтер бар. Мысалы, Алматы дегенде көз алдымызға Алатаудың апорты елестей кететіні белгілі. Қарағанды көмірімен, Тараз шұжығымен танымал. Қызылордаға жолы түскендер Сырдың базарлығы ретінде еліне күріш ала қайтады. Осы күні әлемнің 14 еліне экспортталып жатқан күрішті өңірдегі 20-дан астам компания өндіріп отыр. Бірақ олардың ешқайсысы тауарлық белгісін мемлекеттік тіркеуден өткізіп, ерекше құқығын куәландыратын құжат алмаған. Осыдан да сырттан келген сапасыз өнімді «Қызылорданың күріші» деп саудалайтындарға қарсы қылар қайран болмай отыр.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында да елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына жағдай жасаумен қатар зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажеттігін атап өткен болатын. Біраз бұрын осы бағыттағы заңнамаға енгізілген «географиялық нұсқама» атты жаңа өнеркәсіптік меншік нысанының да көздегені осы.
Бір сөзбен айтқанда, географиялық нұсқама – кез келген өнімнің сапасы, басқа да сипаттамасы белгілі бір дәрежеде шыққан жеріне байланыстырыла отырып, тауарды сәйкестендіретін белгілеме. Басты шарты – сол аумақта тауар сипаттамаларының қалыптасуына елеулі әсер ететін, оны өндірудің кем дегенде бір сатысы жүзеге асырылуға тиіс. Географиялық нұсқама әдетте ауылшаруашылық, тамақ өнімдеріне, шараптар мен спирттік ішімдіктерге, қолөнер мен өнеркәсіп өнімдеріне қолданылады. Құжатты пайдалану құқығын алу үшін алдымен сараптама ұйымы – Әділет министрлігі жанындағы «Ұлттық зияткерлік меншік институтына» өтініш беріледі. Тіркеуден кейін географиялық нұсқаманың құқық иеленушісі оны пайдаланудың айрықша құқығына ие болып, ол географиялық нұсқаманың мемлекеттік тізілімінде үзінді көшірмемен куәландырылады.
Географиялық нұсқаманың тіркеу мерзімі тауардың белгілі бір сапасы, беделі немесе басқа да сипаттамалары сақталған жағдайда және олардың географиялық шығу тегімен едәуір дәрежеде байланысы болса мерзімсіз уақытқа беріледі. Ал дәл сондай технологиямен өнім өндіретін екінші кәсіпкер алғашқы тіркелген әріптесінің келісімімен сараптама ұйымына өтінім берген күннен бастап 10 жыл географиялық нұсқаманы пайдалану құқығына ие болады.
«Кәсіпкерлермен кездесіп, осы мәселені талқылап жатырмыз. Оларға өнімін тауарлық таңба немесе географиялық нұсқама ретінде тіркеудің тиімділігі айтылды. Тіркеуге қажетті құжаттар да көп емес», дейді облыстық Әділет департаментінің бөлім басшысы Шахар Бегежанова.
Тауарлық таңбаны тіркеу – Еуропада ежелден бар үрдіс. Сондықтан оларда біздегідей «мата даңқымен бөз өтеді» секілді қулық жүрмейді. Кездесе қалғанның өзінде қыруар айыппұл арқалайды. Ал бұл тарапқа жаңа түскен елімізде қазір Алматының апорты, Қарағандының балмұздағы, Түркістанның балмұздағы мен шоколады ғана тіркеліп тұр. Енді бұл өнімдер шетелдік сауда орындарында сатылатын болса, географиялық көрсеткіші Қазақстан деп көрсетіледі. Мамандар мұндай бастаманың ұлттық брендті насихаттау мен оны шетке таныстыру кезінде маңызы зор екендігін айтады.
Әрине, географиялық нұсқама иесiне стандарттарда белгіленген технологияны пайдалана отырып, басқа тұлғалардың оған ұқсас өнiмдердi өндiруiне тыйым салу құқығы берілмейді. Дегенмен өзінің тауарлық белгісін пайдаланып, сапасыз өнім ұсынғандардың жолын кесе алады.
Облыстағы Әділет департаментінің мамандары тіркеуге болатын тауар түрлерін белгілеп, жергілікті әкімдікпен бірлесе жұмыс істеп отыр. Олардың арасында Қызылорданың күріші, Аралдың тұзы мен Қазалының кәмпиті тұр. Тек Сырдың бойында өсетін, дәмі тіл үйіретін, кейінгі кезде көзден бұл-бұл ұша бастаған әміре атты қауын да бірінші лекте тіркелетіндер қатарында. Қаракөлдің картобы, Жайылманың қарбызы, Жаңақорғанның балшығы мен басқа да жергілікті өнімдерді тіркеу бағытында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалымен бірлесіп қарекет жасалып жатыр.
«Жуырда Түркістан қаласында «Географиялық нұсқамаларды құқықтық қорғау және олардың ұлттық брендтерді ілгерілетудегі рөлі» атты халықаралық семинар өтіп, онда Орта Азия мемлекеттерінің осы бағыттағы тәжірибелерімен таныстық. Ұлттық бренд болу әлеуеті бар жергілікті өнімдер көрмесін өткіздік», дейді Шахар Дәулетназарқызы.
Бастама өнім өндіруші үшін тиімді. Ең алдымен елімізде көлеңкелі экономиканың жолын кесіп, кәсіпкер құқығын қорғап, бизнестің дамуына әсер етеді. Өндіріс орнының атын жамылып, сапасыз тауар шығарғандар кездесе қалса, кәсіпкер құқық қорғау органдарына, әділет департаментіне, экономикалық тергеу қызметіне жүгіне алады. Ал жаңағыдай әрекет шетелде жасалса, халықаралық сотқа шағымдануға болады.
Қызылорда облысы