• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 10 Сәуір, 2024

Географиялық нұсқама – кәсіпкер құқын қорғаушы

147 рет
көрсетілді

Өткенде ғана кәмпит өндірісімен айналысатын қазалылық кәсіпкер өнімінің атын жамылып, танымал тәттіні саудалайтындар бар екенін айтқан еді. Тіпті осы тауар белгісі арқылы көрші қырғыз елінде де өнімін өткізіп отырғандар кездесіп қалады екен. Ал зияткерлік меншік мәселесімен айналысып жүрген мамандар мұндай келеңсіздіктің жолын кесуге болатынын айтады.

Еліміздің әр өңіріне қатысты брендтер бар. Мысалы, Алматы дегенде көз алды­мыз­ға Алатаудың апорты елестей кете­тіні белгілі. Қарағанды көмі­рі­мен, Тараз шұжығымен танымал. Қызыл­­ордаға жолы түскендер Сырдың базарлығы ретінде еліне күріш ала қайтады. Осы күні әлемнің 14 еліне экспортталып жатқан күрішті өңірдегі 20-дан астам компания өндіріп отыр. Бірақ олардың ешқайсысы тауарлық белгісін мемлекеттік тіркеуден өткізіп, ерекше құқығын куәландыратын құ­жат алмаған. Осыдан да сырттан келген сапасыз өнімді «Қызылорданың күріші» деп саудалайтындарға қарсы қылар қайран болмай отыр.

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақ­станның экономикалық бағдары» атты Жолдауында да елімізде креативті эконо­миканың жан-жақты дамуына жағ­дай жасаумен қатар зияткерлік мен­­шікті қорғайтын құқықтық тәсіл­дер қажет­­тігін атап өткен болатын. Біраз бұ­рын осы бағыттағы заңнамаға енгі­зіл­ген «географиялық нұсқама» атты жаңа өнеркәсіптік меншік нысанының да көздегені осы.

Бір сөзбен айтқанда, географиялық нұсқама – кез келген өнімнің сапасы, басқа да сипаттамасы белгілі бір дәрежеде шыққан жеріне бай­ла­­­ныс­тырыла отырып, тауарды сәйкес­тен­діретін белгілеме. Бас­т­ы шарты – сол аумақта тауар сипат­та­маларының қалыптасуына елеулі әсер ететін, оны өндірудің кем дегенде бір сатысы жүзеге асырылуға тиіс. Географиялық нұсқама әдетте ауыл­шаруашылық, тамақ өнімдеріне, шарап­тар мен спирттік ішімдіктерге, қолөнер мен өнеркәсіп өнімдеріне қолданылады. Құжатты пайдалану құқығын алу үшін алдымен сараптама ұйымы – Әділет министрлігі жанын­дағы «Ұлттық зияткерлік меншік инс­ти­тутына» өтініш беріледі. Тіркеу­ден кейін географиялық нұсқа­маның құ­қық иеленушісі оны пайда­ланудың ай­рықша құқығына ие болып, ол гео­гра­фиялық нұсқаманың мем­лекеттік тізі­лімінде үзінді көшірмемен куә­лан­дырылады.

Географиялық нұсқаманың тіркеу мерзімі тауардың белгілі бір сапасы, беделі немесе басқа да сипаттамалары сақталған жағдайда және олардың географиялық шығу тегімен едәуір дәрежеде байланысы болса мерзімсіз уақытқа беріледі. Ал дәл сондай технологиямен өнім өндіретін екінші кәсіпкер алғашқы тіркелген әріптесінің келісімімен сараптама ұйымына өтінім берген күннен бастап 10 жыл географиялық нұсқаманы пайдалану құқығына ие болады.

«Кәсіпкерлермен кездесіп, осы мәселені талқылап жатырмыз. Олар­ға өнімін тауарлық таңба немесе географиялық нұсқама ретінде тір­кеу­дің тиімділігі айтылды. Тіркеуге қажетті құжаттар да көп емес», дейді облыстық Әділет департаментінің бөлім басшысы Шахар Бегежанова.

Тауарлық таңбаны тіркеу – Еуропада ежелден бар үрдіс. Сондықтан оларда біздегідей «мата даңқымен бөз өтеді» секілді қулық жүрмейді. Кездесе қал­ғанның өзінде қыруар айыппұл арқа­лайды. Ал бұл тарапқа жаңа түс­кен елімізде қазір Алматының апорты, Қарағандының балмұздағы, Түр­кіс­танның балмұздағы мен шоколады ғана тіркеліп тұр. Енді бұл өнімдер шетелдік сауда орындарында сатылатын болса, географиялық көрсеткіші Қазақстан деп көрсетіледі. Мамандар мұндай бастаманың ұлттық брендті насихаттау мен оны шетке таныстыру кезінде маңызы зор екендігін айтады.

Әрине, географиялық нұсқама иесiне стандарттарда белгіленген технологияны пайдалана отырып, басқа тұлғалардың оған ұқсас өнiмдердi өндiруiне тыйым салу құқығы беріл­мейді. Дегенмен өзінің тауарлық бел­гісін пайдаланып, сапасыз өнім ұсынғандардың жолын кесе алады.

Облыстағы Әділет департаментінің мамандары тіркеуге болатын тауар түрлерін белгілеп, жергілікті әкімдікпен бірлесе жұмыс істеп отыр. Олардың арасында Қызылорданың күріші, Аралдың тұзы мен Қазалының кәмпиті тұр. Тек Сырдың бойында өсетін, дәмі тіл үйіретін, кейінгі кезде көзден бұл-бұл ұша бастаған әміре атты қауын да бірінші лекте тіркелетіндер қатарында. Қаракөлдің картобы, Жайылманың қарбызы, Жаңақорғанның балшығы мен басқа да жергілікті өнімдерді тіркеу бағытында «Атамекен» Ұлттық кәсіп­керлер палатасының облыстық филиалымен бірлесіп қарекет жасалып жатыр.

«Жуырда Түркістан қаласында «Гео­графиялық нұсқамаларды құқық­тық қорғау және олардың ұлттық бренд­терді ілгерілетудегі рөлі» атты халықаралық семинар өтіп, онда Орта Азия мемлекеттерінің осы бағыттағы тәжірибелерімен таныстық. Ұлттық бренд болу әлеуеті бар жергілікті өнімдер көрмесін өткіздік», дейді Шахар Дәулетназарқызы.

Бастама өнім өндіруші үшін тиім­ді. Ең алдымен елімізде көлеңкелі эко­­но­миканың жолын кесіп, кәсіпкер құқы­ғын қорғап, бизнестің дамуына әсер етеді. Өндіріс орнының атын жамылып, сапасыз тауар шығарғандар кездесе қалса, кәсіпкер құқық қорғау органдарына, әділет департаментіне, экономикалық тергеу қызметіне жүгіне алады. Ал жаңағыдай әрекет шетелде жасалса, халықаралық сотқа шағым­да­нуға болады.

 

Қызылорда облысы